Жаңалықтар

Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Ерлан Қошанов министрлердің дайындығы төмен екенін айтты

Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Ерлан Қошанов министрлердің дайындығы төмен екенін айтты
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.06.2023 10:11 785

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі көңілі толмайтын кейбір мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикердің айтуынша, Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр.

Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр. Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр. Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс, - дейді Ерлан Қошанов.

Ол депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ екенін атап өтті.

Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр. Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз. Біз жұмысымызды жаңа бастадық. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуге тиіс, - деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен екенін айтты.

Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты. Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді, - деді ол.

Болашақта Үкімет мүшелері Мәжіліске шақыртылуы мүмкін.

Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін Үкімет мүшелерін Мәжіліске арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз. Бұл біздің регламентте қарастырылған, - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай депутаттық сауалға жауап бермейтін үкімет мүшелерін  сынаған еді.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға