©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады – Тоқаев

05.01.2026 09:47

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол қауіпсіздігі мен сыртқы саясаттағы Қазақстанның ұстанымына қатысты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бұл бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, негізгі себептер мен алдағы міндеттерді ашып айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президенттің айтуынша, жол-көлік апаты бүгінде тек Қазақстанға ғана емес, көптеген елдерге ортақ күрделі проблемаға айналып отыр. Оның басты себептерінің бірі – автокөлік санының жыл сайын қарқынды артуы.

Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін бақылау мен алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті.

Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түсті. Инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды, – деді президент.

Атқарылған шаралардың нәтижесі де бар. Президент дерегінше, жол-көлік апаттарынан болатын адам өлімі азайған.

Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды, – деді ол.

Дегенмен мемлекет басшысы түпкі мәселе айыппұлда емес, адамдардың санасы мен жауапкершілігінде екенін қадап айтты.

Қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Жан түршігерлік апаттар жүргізушілердің қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамауынан болып жатады, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған елдердің тәжірибесіне де тоқталды.

Кейбір мемлекеттерде жол ережесін полициядан қорыққандықтан емес, өзінің және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарағандықтан сақтайды. Біз де осы мәдениетке көшуіміз керек, – деді ол.

Сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыруда жаңа технологиялардың рөлі ерекше екенін айтты.

Бұл салаға жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізген жөн. Қоғамдық көліктің қауіпсіздігіне айрықша назар аударуымыз керек, өйткені автобустардың жол апатына ұшырауы азаймай, керісінше көбейіп барады, – деді мемлекет басшысы.

Бұған дейін Тоқаев туризмнің дамуына кедергі болатын факторларды атады.