Жаңалықтар

Жастарға арналған жаңаша жобалар

Жастарға арналған жаңаша жобалар
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 18.05.2023 15:52 2380

Биыл Қостанай облысында жастарға арналған бірнеше жоба жүзеге асырылып, кейбірі жаңаша форматта жалғасын тапқалы отыр. Олардың әрқайсысы өскелең буынның белсенділігін арттыруға және оларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Таяуда аталған жобаларды таныстыру мақсатымен оқушы, студент, жұмысшы жастардың арасында қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған еді.

Баршамызға белгілі, осы жылдан бастап, жастар санатына кіретін азаматтардың шекті жасы 35-ке дейін ұзартылды. Тиісінше, бұл – жастар саны әлдеқайда көбейіп, қамту ауқымы бұрынғыдан кеңейе түседі деген сөз. Енді жастарды қолдауға арналған іс-шараларды насихаттау жұмыстарына да қарқын қосу қажет. Қостанайдағы «Жастар сарайында» өткен қоғамдық тыңдаудың басты көздегені де осы. Іс-шарада облыс орталығындағы мектеп-колледж және жоғары оқу орындарында оқып жүрген, әр салада қызмет ететін белсенді, елгезек жастардың басы қосылды. Олардың қабілетін шыңдап, шабыттандырып, бастамаларына қолдау көрсетіп, ынталандыруды көздейтін ақжолтай жобалар кеңінен таныстырылды. Айта кетейік, кездесуді ұйымдастырушылар – Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы және Қостанай облысының Жастар ресурстық орталығы.

Нәтиженің алғышарты – насихат

Биыл мемлекеттік жастар саясатын насихаттау, бастамашыл және дарынды жастарды қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыруға ерекше екпін берілгелі отыр. Бұл жөнінде облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов мәлімет айтты.

Биыл Қостанай қаласында және облыс көлемінде жүзеге асырылатын жобалар, олардың мақсаты туралы айту – осы іс-шараның басты мақсаты. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз. Бұдан кейін жоғары оқу орындарында жекелеген таныстырылымдар өтеді. Жастар ресурстық орталығының қандай жобаларға мұрындық болғалы отырғанын әлі де жан-жақты түсіндіріп, насихат етеміз. Өткен жылы да аз шаруа атқарылған жоқ. Айталық, жастар арасында «Jas Liga» спорттық-сауықтыру ойындарын іске қостық. Бәрі тартымды, қызықты өтті. Биыл мұндай жобалардың ауқымы кеңірек әрі саны көбірек болады деп отырмыз, - дейді Абылайхан Кәкенов.

Студенттік қозғалыстар, идеялар мен жобаларды дамытуды көздейтін кешенді іс-шаралар өткізуге, өңірде волонтерлік қызметті насихаттау және қолдауға баса ден қойылады. Жыл бойы жастар үшін интеллектуалды турнирлер, облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, студенттер фестивалі үздіксіз өткізіледі. Соңы облыстағы ЖОО-лардың марапаттау рәсімімен қоса өтетін гала-концертпен түйінделмек. Марапаттардың жалпы сомасы 3 млн теңге болады делініп отыр.

Әрі сынақ, әрі мүмкіндік

Соңғы жылдары жастарды зияткерлік ойындарға тарту, білім жарыстарына ынталандыру үрдісі жақсы дамып келеді. Студенттерге және жұмысшы жастарға ұжымдасып, бос уақытты рухани әрі материалдық тұрғыда пайдалы өткізуге зор мүмкіндік бар. Әр саланың үздіктері өзара өре-білімдерін байқасып, облыс деңгейінде жүзден жүйрік шыққан команданың қомақты қаржымен қоржын майлауына болады. Сондай тамаша мүмкіндікті ұсынып отырған жобалардың бірі – «Intellect ASU». Бұл зияткерлік сынағы былтыр нәтижелі өткен. Биыл да жалғасын тапты. 

«Жайдарман» ҚБ «Intellect ASU» жобасының тұсауын өткен жылы кескен болатын. Осы білім сынағында жұмысшы жастар бақ пен бабын сынап көрді. Әуелі білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет, спорт, мәдениет, БАҚ, бизнес сынды ұзын-ырғасы тоғыз салада ішкі іріктеу ойындарын өткіздік.Әр саланың жеңімпаздары финалда тоғысты. Бас бәйгеге 1 млн теңге тігілген еді. Оны Әулиекөл аудандық ауруханасының қызметкерлері жеңіп алды. Биыл жастар санатының шекті жасы 35-ке ұлғайғандықтан, жоба аясы да кеңейіп, білім жарысы ширыға түсер деген сенімдеміз», - дейді «Жайдарман» ҚБ облыстық филиалы төрағасы Марғұлан Бәкір.

Зияткерлік ойын тізгінін ұстаған ұйымдастырушының айтуынша, былтыр «қап, қатыса алмадық» деп сан соғып қалған дәмелілерге өз мекемелерінің атынан команда құрып, бақ сынап көруге болады. Жеңімпаз командаға тігілетін сыйақы сол күйінде қалады – 1 млн теңге. Бірақ қатысушыларға қойылар шарттар да, ақыл-кеңестер де бар.

Ойыншылар саны бесеуден аспауы керек. Ойын үш тілде өтеді. Сұрақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қойылады. Сондықтан топтарыңызда ағылшын тілінен хабары бар, сондай-ақ орыс тілін жетік білетін, сосын, әрине, ана тілімізде еркін ойлап, сөйлеп, жаза алатын жастар болғаны абзал. Биыл он бағыт бойынша іріктеу ойындарын өткізіп, финалға бес командаға жолдама беру жоспарланып отыр, - деп толықтырды Марғұлан Бәкір.

«Армандар орындалатын алаң!»

«Бар жанарды жаулаған – «Жайдарман»! Қазір аудиториясы кең, әсіресе, жастар қауымы құшырлана тамашалайтын танымал ойын осы. Бүгінде көңілді тапқырлар клубының бір мүшесі болып, үлкен сахнаға шығып, көпшіліктің көзайымына айналуды армандамай өсетін мектеп жасындағы бала кемде-кем болар. Расында, біле-білгенге, бұл да тұлға болып қалыптасуға, танымалдыққа бастайтын баспалдақ тәрізді. Оған алдыңғы буын «жайдарманшылардың» қоғамда беделді азаматқа айналып үлгергені айқын дәлел. Бірі – тіс қаққан актер, бірі – "көк жәшіктің" көзайымы... «Жайдарман» әзілкештерінің бұл жобаны «армандар орындалатын алаң» деп жиі қайталап жататыны да содан ба екен? Қазір "жайдарманшы" болуға шалғайдағы ауыл мен маңдайдағы шаһар жастарының мүмкіндігі тең. Қай-қайсына да үлкен сахналарға әп-сәтте-ақ жолдама алуға даңғыл жол ашылған. Бойда талап пен талпыныс, қабілет пен айқын мақсат болса жеткілікті. Жастар тілімен айтқанда, ілігіп кетсең, ілгерілеуге «шанс» зор. Аудандық, облыстық, республикалық іріктеу ойындары жыл сайын жүріп жатыр. Жаңа дарындарды табу жолындағы ізденістер Тобыл-Торғай өңірінде де кең құлаш жайып келеді.

Биыл 14-ші маусым басталды. Жылдан-жылға өрістеп келе жатқанын аңғару қиын емес. Былтыр Астана қаласында өткен республикалық фестивальге ел көлемінен 350 команда тіркелді. Оның 41-і – Қостанай облысынан. Біздің өңірден аталмыш фестивалге 21 команда өнер көрсетуге барды. Биылғы маусымашар фестивалінде іріктеу ойындары ақпан айының аяғында Арқалық қаласында, Жанкелдин, Амангелді аудандарында өтті. Кейін сондағы жеңімпаздар 24 наурызда Қостанайда өткен облыстық суперлига ойындарында өнер көрсетті, - деп тәптіштеді Марғұлан Бәкір.

Биыл өңірден «Жайдарман» сахнасына жолдама алудан үмітті 32 команда тіркелген екен. Олардың арасынан "сен тұр, мен атайын" дерлік әлеуеті бар 16 команда іріктелді. Одан әрі 1/8 және 1/4 және финал ойындары үздікті анықтап берді.

Айтқандай, биыл формат өзгерді, ойындар жекпе-жек түрінде өтіп жатыр. Ресейдің «ТНТ» арнасындағы «Игра» форматы сияқты десе болады. Бірақ, негізінде, бұл – «Жайдарманда» 2008 жылдан бері қолданып келе жатқан бағыт. Жалпы, «Жайдарманға» қатысамын деген командалар пайда болып жатса, есігіміз әрдайым ашық, қатарымызды толықтырудан қашпаймыз, - деп сөзін түйіндеді филиал төрағасы.

Осының бәрі облыста мемлекеттік тілдегі «Жайдарман лигасы» қозғалысын дамытуға мықтап ден қойыла бастағанын көрсетеді. Мұның сыртында биыл "Достар" КТК (көңілді тапқырлар клубы - автор) лигасы, "КТК туған күні" арнайы жобасы өтеді. Жалпы жүлде қоры – 1,5 млн теңге. Сондай-ақ КТК қатысушылары үшін республикалық және облыстық тренерлердің қатысуымен 2 күндік лагер ұйымдастырылғалы отыр.

Көшбасшы болам десеңіз...

Биыл облыс жастарын күтіп тұрған ілкімді жобалар легі мұнымен аяқталмайды. Жас көшбасшыларға арналған үш күндік дала лагерін өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты стартап жобалар байқауы ұйымдастырылады. Соның нәтижесінде 1,5 млн теңгемен үздік үш жоба қаржыландырылады. Басқа да қатысушыларды жобаларды дұрыс түзу, жоспарлау дағдыларын үйрету, оқыту назарда ұсталады. Жастарды толғандыратын, сұраныстары мен қажеттіліктерін қамтитын тақырыптар аясында 6 диалог алаңын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, "Жоғары білім күндері" жобасы аясында ЖОО қабылдау комиссияларының жұмысын ашық аспан астында өткізу ойда бар. "Мемлекет-Бизнес-Ғылым" диалог алаңы құрылып, ғалымдардың өндірістік процестерге қосар үлестерінің артуына барынша жағдай жасау, бір сөзбен, жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсету – маңдайалды мақсат. Оның сыртында, жастар арасынан спикерлер пулын қалыптастыру –уақыттың өзі талап етіп отырған қажеттілік. Жас белсенділерге және мемлекеттік жастар саясатын дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға үнемі құрмет-марапат көрсетіліп отырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға