Жаңалықтар

Жастардың денсаулығын некеге дейін тексеру: бастамаға қанша қаражат бөлінеді

Жастардың денсаулығын некеге дейін тексеру: бастамаға қанша қаражат бөлінеді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 31.05.2023 17:41 1123

Осыдан бірнеше күн бұрын Денсаулық сақтау министрлігі «Отбасылық жұптардың денсаулық паспорты» жобасын әзірлеу және іске асыруды ұсынған болатын. Бұл жоба «Әрбір әйел – әрбір бала» ана мен бала денсаулығын сақтау тұжырымдамасы негізінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жоба некеге тұрғанға дейін болашақ жұбайлардың кешенді медициналық тексерістен өтуін көздейді. Мұндай тұжырымдама шет мемлекеттердің тәжірибесінде бар.

Ұсынылып отырған жобаның негізгі мақсаты – ана өлімінің дамуына әсер ететін кейбір ауруларды анықтау, жастардың репродуктивтік және соматикалық денсаулығын сақтау және нығайту, жыныстық жолмен берілетін генетикалық, соматикалық және инфекциялық ауруларды уақтылы ерте анықтау және жүктілікті жоспарлаудан бұрын емдеуді бастау.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жоба барынша халыққа тиімді болуы үшін жан-жақты сараланып жатқанын айтты.

Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдармен, медициналық қауымдастықпен 5 жылға арналған Ана мен балалардың денсаулығы жөнінде тұжырымдама әзірленіп жатыр. Сол тұжырымдама бойынша әртүрлі ұсыныстар келіп жатыр. Солардың бірі – осы неке құрар алдында жастарды медициналық тексерістен өткізу мәселесі. Бұл – әлі де қарастырылып жатқан ұсыныс. Бұл тұжырымдама тиімді болуы үшін, ана мен баланың денсаулығын арттыру үшін әзірлеп жатырмыз. Әлі қабылданған жоқ. Қазіргі таңда бюджеттен қанша қаражат керек екені қарастырылып жатыр, - дейді денсаулық сақтау министрі.

Қазақстанда нәресте өлімінің 58,7 пайызы дене салмағы 2500 грамнан кем шала туған нәрестелер; ана өлімінің барлық жағдайының 46 пайызы әйелдің әртүрлі созылмалы ауруларына байланысты екен. Сондықтан осындай аурулардың алдын алып, өлім-жітімді азайту үшін неке алдында медициналық тексерілу маңызды екені айтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға