Жаңалықтар

Жастарды жұмыспен қамту жалғасып жатыр

"Жастар практикасы" үлкен мүмкіндік алаңы
Жастарды жұмыспен қамту жалғасып жатыр
24.06.2022 14:29 3776

Кәсіпкерлікті дамытудың 2022 жылға арналған ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде халықты жұмыспен қамту орталығы "Жастар практикасы" жобасын жалғастыруда, - деп хабарлайды El.kz.

"Жастар практикасы" бағдарламасы түлектерге оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін әзірленген. Биылғы жылы 998 түлекті жұмыспен қамту жоспарланған. Білім беру ұйымдарының 252 түлегі жастар тәжірибесіне қатысып жатыр. Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту орталығы, Жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айжан Усаеваның айтуынша, өткен жылы аталмыш практика аясында 914 түлек жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 284 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Мемлекеттік жобаға жұмыс берушілер үлкен қызығушылық танытып отыр. Биылғы жылы "Жастар практикасын" ұйымдастыруға 436 жұмыс беруші қатысып, 1996 жаңа жұмыс орнын ашты. Жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстарға қызметке орналастыру үшін 2164 жұмыс орнына 324 жұмыс берушімен шарт жасалды. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік береді, – деді Жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айжан Усаева.

"Жастар практикасы" арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі Айбек Тілеуберген. Өткен жылы Нұр-Сұлтандағы жоғары оқу орындардың бірінде есеп және аудит мамандығы бойынша білім алыпты. Кейін диплом бойынша жұмыс таба алмаған соң, Жұмыспен қамту орталығына хабарласқан. Бірден «Жастар практикасы» бағдарламасына ілігіп, жұмысқа тұрған.

–  Жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеп жатқаныма 5 ай болды. Жұмыс іздеушілерге бағыт-бағдар беріп, бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Жастар практикасының ұзақтығы 1 жылдан аспайды. Үлкен тәжірибе жинақтап жатырмын. Әлеуметтік төлемдерді қоспағанда, қолыма алатын жалақы мөлшері 95 мың теңге, – деді Айбек Тілеуберген.

Еске салайық, 29 жасқа дейінгі жастар бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу үшін Enbek.kz сайтына кіріп өтініш бере алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға