Жаңалықтар

Жастарды өз-өзіне қол салуға не итермелейді?

Жастарды өз-өзіне қол салуға не итермелейді?
Фото: elorda.info 14.03.2023 16:25 1752

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, соңғы 20 жылда елімізде суицид дерегі екі есе кеміген. 2001 жылы 4447 дерек тіркелсе, 2022 жылы 1819 дерек тіркелген. Дегенмен әлі де әлеуметтік желіде өз-өзіне қол салып жатқандар туралы жиі еститін болдық.  El.kz тілшісі қиын жағдайға тап болған кейіпкерлермен байланысып, олардың шытырман оқиғаларының шырмауынан қалай шыққанын сұрап білді.

Айдана мен Балнұр осыдан бірнеше жыл бұрын басынан өткерген қиын сәттері мен мұндай қадамға не үшін барғандарын айтып берді. Қазір екеуі де сол әрекеті үшін өкінетін көрінеді. 

29 жастағы Айдана (кейіпкердің есімі өзгертілген) 

2015 жылы Астанаға арман қуып, мақсаттарымды іске асыру үшін келдім. Ол кезде 21 жаста едім. Үйдің үлкенімін. Қалада танитын бірде бір жан болмады. Бірақ, алғаш келгенімде көмек көрсетіп, қолдау білдірген Бекзат есімді досым болды. Жақын араласа келе отбасы құрамыз деген арманымыз пайда болды. Сол арманнын  жетегінде жүріп аяғым ауыр болды. Дегенмен бұл хабарды ести сала ол аборт жасатуымды өтініп, жауапкершілік алуға дайын емес екенін айтты. Мен келісіп, аборт жасаттым. Әрі қарай күнделікті өмірімізді сүре бердік. Бірақ уақыт өте келе арамызда алшақтық пайда болды. Біз бұрынғыдай шер тарқасып сөйлесе алмадық. Жақындарым мен ата-анам бұл туралы естігенде тіптен ашуланды, менен бас тартты. Өзімді сатып кеткен бала сияқты сезіндім. Ешкімге керек емес екенімді түсіндім. Жалғыз қалдым. Түрлі жаман ойлар келді. Тіпті, сол ойлардың бірін жүзеге асырдым. Салдарынан ауруханадан бір-ақ шықтым. Денсаулығым сыр бере бастады. Әлі де қалпыма келе алмай жүрмін, - дейді ол.

21 жастағы Балнұр (кейіпкердің есімі өзгертілген)    

Отбасыммен бірге қалаға көшіп келгенімде жаңа мектепке үйренісуім қиын болды. Мектепте мені жылы қарсы алды дей алмаймын. Сыныптастарым мен жоғары сыныптың оқушылары ақша талап еткен жағдай болды. Салдарынан сыныптастарымнан жиі зәбір көретінмін.  Неге екенін білмеймін бұл туралы ата-анама да айтуға қорқатынмын. Тұйық бала болғандықтан өзімнің де көпшілік ортамен араласуым қиын болатын. Ақша табу үшін мәжбүрлеп ұрлық жасатқан кез де болды. Мұндай әлімжеттікке шыдамай, түрлі ойдың жетегінде жүрдім. Қателік те жасадым, бірақ өткен қателіктің барлығы оңынан шешілді. Өзімнің қазіргі сәтімді бағалаймын, - дейді ол.

Кейіпкерлеріміз суицидке баруының бірқатар себебін айта келе, басқаларға сабақ болуын қалап, қателіктерге жол бермеу керектігін түсіндірді. 

Суицид - қоғам дерті

Мамандар мұндай қадамға психологиясы әлсіз адамның баратынын ескертеді. Әсіресе жақындарынан айырылып, қоршаған ортасынан қысым көрген сәтте өз өзін жоғалтып алады.  

Психолог Серікгүл Сали адамдарға психологиядан білімді болу керектігін айтты. Ол үшін адам өз-өзімен жұмыс істеп, тығырықтан шығудың жолын ойлауы керек.  

Көбінесе өмірден өз орнын таппай адасқан, басына іс түсіп қиналған әлсіз адам ғана суицидке барады. Ал адасқан адам өзін тығырыққа тіреп, ешбір адаммен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтын халге жетеді. Қоғамда арнайы типтегі адамдар өмірдің мәнін жоғалту дертіне шалдығады. Оны қоғамдық дерт деп айтуға болады. Онымен күресудің жолы адам психологиядан білімді болуы керек деп есептеймін. Ондай өзінің ой-санасымен еркін жұмыс істеп, ішкі руханиятын күшейте алады. «Мен ең бірінші кезекте өмірден өз орнымды табамын, өзімді өзім күйзеліске апарып тықпаймын, мен үшін өмірдің мәні бар, өмір құнды, өмірді бағалаймын, өмірді үлкен қуанышпен, бақытпен елестетемін» деген ой адамды қанаттандырып, жігерлендіретіні сөзсіз. Бұл барлық адам бірдей психолог болып кетуі керек деген сөз емес, - дейді маман.

Өз-өзіне қол жұмсаған адам – рухани ауру

Исламда суицид жасаған адамның жаназасын имамдар шығармайды. Бұл жөнінде имам Мұхамеджан Естеміров пікір білдірді. 

Суицид жасап қайтыс болғандардың жаназасын бас имамдар шығармайды, дегенмен жаназасы оқылады, оны тек қатардағы басқа жандарға оқытады. Қоғамда бұл мәселе жиі қайталанып кеткендіктен осыдан бірнеше жыл бұрын жаназа оқылмасын деп пікір білдіргендер көп болды. Дегенмен қазіргі таңда шариғат бойынша жаназа оқытылады, яғни мұсылман зиратына жерленеді. Кісінің өзін – өзі өлтіруі Алланың кешірімі, мейірімі мен рақымынан қол үздіреді. Ахиретте үлкен азапқа дұшар етеді. Өйткені адам дүниеден қалай өтсе, ахиретте солай жазаланады. Психологиялық күйзелістегі адамға қолдау көрсету маңызды. Психолог мамандардың немесе имамдардың көмегіне жүгініп, дем салдырса болады. Мешіттердің жанында күйзелістегі адамдарға кеңес беру, оңалту орталықтары жұмыс істейді. Кеңесуге келген әрбір жанға дінімізде айтылған күнәләрді айтып, ескертеміз. Соның арқасында өзіне қол салу райынан қайтқан жандар да болды. Сондықтан мешіттің имамдарына келіп, кеңесін тыңдаса мәселенің шешіміне оң қарай бастайды. Адам шырмаудан шыққысы келсе, рухани бай, рухани медеу болуы керек, - дейді имам.

Әйелдер мен балалардың жағдайы бойынша жүргізілген мониторингте Орталық пен Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің ішінде Қазақстан өз-өзіне қол жұмсайтындардың қатарында алаңдатарлық көрсеткіш көрсетіп отырған елдің бірі. Елімізде суицид жасайтындардың басым бөлігі 15-24 жас аралығындағы жастар. 

Unisef Қаззақстан мәліметінше, еліміз 20-24 жас аралығындағы жастар арасында да өзін-өзі өлтіру дерегінде алдынғы қатардан көрінген. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсағандардың басым көпшілігі психоактивті заттарды, наркотик және алкоголді тұтынғаны белгілі болған. Суицид жасайтындардың 30%-ы  отбасылық жанжалдың әсерінен және бала кезінде пайда болған психологиялық жарақаттың салдарынан болады.

Суицид әлемнің көп елінде белең алып бара жатқан дерт. Сондықтан әр ел онымен күресудің әр түрлі жолын ойлап тапқан. Тиісінше, суицид жасау көрсеткішін төмендеткен елдер бар, бірақ қоғамның бұл дертінен айыққан ел жоқ. Батыс Еуропа елдері суицидпен күрес бағытында жұмыс істейтін полиция мамандары қарастырылған. Ал Азия елдері Оңтүсітік Корея, Қытай және Жапонияда суицид дерегі жиі тіркелетін орындардағы күзет пен қауіпсіздікті күшейткен. Атап айтқанда, метрода және пойыз жолақтарында өте алмайтын қоршаулар орнатқан. Сондай-ақ, психологиялық тегін сабақтар оқытылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға