Жаңалықтар

Жастарды әскерге күштеп алып кету дұрыс па? Депутаттар не дейді

Жастарды әскерге күштеп алып кету дұрыс па? Депутаттар не дейді
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 14.06.2024 11:06 678

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда депутаттар жастарды әскерге күштеп алып кету мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мен Ермұрат Бәпи жастарды әскерге күштеп алып кету дұрыс екенін түсіндірді.

Әскерге бару – әр азаматтың міндеті. Ол тек Қазақстанда болып жатқан жағдай емес. Көрші елдерде де болып жатыр. Оның үстіне соңғы геосаяси жағдайға байланысты әскерімізді күшейту қажет. Басқа жол жоқ. Мен мұны толық қолдаймын. Өйткені Конституция бойынша әр азаматтың борышы, міндеті, - дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Депутат бұл заңды екенін де тілге тиек ете кетті.

Бұл мәселеге қатысты Ермұрат Бәпидің де пікірін сұрадық.

Өте дұрыс. Себебі қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай теңселіп тұрған кезде, бірінші кезекте елдің қауіпсіздігі мәселесін әскерге баруы тиіс әр азамат түсіне және түйсіне білуі керек. Әр азамат отанын қорғауы керек. Әскерден қашып жүру азаматтыққа жатпайды. Адамның азаматтық құқығы деген мәселе елдің қауіпсіздігінен кейін тұратын дүние деп есептеймін. Елің немесе мемлекетің қандай да бір қауіптің астында қалатын болса, сенің азаматтығың кімге керек. Біреуге құл болып жүргенде азаматтық кімге керек?! - деді Ермұрат Бәпи.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде жастарды көшеден, жұмыс орнынан әскерге күштеп алып кетіп жатқан видеолар тарады. Бұл халықтың наразылығын тудырған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға