Жаңалықтар

Жастар жылы несімен есте қалды?

2020 жыл – Волонтерлар жылы 
Жастар жылы несімен есте қалды?
10.12.2019 18:41 6177

Биылғы жыл Елбасының бастамасымен Жастар жылы деп жарияланған болатын.  Ал  Үкімет оны іске асырудың Жол картасын әзірледі. Мұнда қазақстандық жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім алу, жұмыспен қамту, кәсіпті дамыту және жас отбасыларды қолдау сынды өзге де мәселелер көтерілген болатын. Соған орай бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты іс-шарада жастар жылының қортындысы шығарылды және алдағы Волонтерлар жылының салтанатты ашылуы болып өтті.  

ЕлордадағыЭКСПО павильондарының бірінде өткен салтанатты шарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылын қорытындылады.

- Бүгін ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар елорда төрінде Нұрсұлтан қаласында халқымыздың құтты мекенінде бас қосып отыр. Сіздермен тәуелсіздік қарсаңында жүздесіп отырмыз. Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Құттықтаймын баршаңызды", - деді Мемлекет басшысы.

Мұнда  еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық жастар жиналған. Олар Жастар жылында жеткен жетістіктері жайында баяндады. Мәселен, университет қабырғасынан белсенді түрде волонтерлікпен айналысып, қазіргі кезде  Қазақстан студенттер Альянсының  көшбасшысы атанып отырған Ілияс Түстікбаев жастар жылы өзі үшін тарихи жыл болғанын айтады.

Фотода: Ілияс Түстікбаев

- Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне куә болып, Нұрсұлтан Әбішұлымен аз ғана уақыт болса да,  әңгімелестім. Нью Йорк қаласында  130-дан астам мемлекет жас көшбасшылар қатысуымен өткен жастар форумында өзіміздің жұмыстарымызды, жобаларымызды,  таныстырдым. 

Биылғы жылы Қазақстан студенттер Альянсы 540 мыңға жуық жасты қамтыған жазғы, қысқы лагерь, семинар оқыту тренигттер, жатақхана мәселесіне қатысты «Студенттер үйі 2.0», барша студенттерге арналған жаңа студенттік жүйе құрған. Бастысы бұл жұмыстардың барлығын жастар яғни өздері ұйымдастырып, өздері атқарып келеді.

- Бұл атқарылған істің барлығы мемлекеттік қолдау мен жастар жылында берілген мүмкіндіктердің арқасы деп есептеймін. Егемендік алған отыз жылға тарта уақытта еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолында  Тәуелсіз Қазақстанның болашағы бізбен яғни жастармен бірге жарқын болмақ.Өйткені біз Тәуелсіз елдің төрт миллионнан астам жастары ел алдындағы жауапкершілікті толық түсінеміз. Және де биылғы жылы бізге берілген барлық мүмкіндіктерді  алдағы уақытта жоғары деңгейде іске асыруға уәде береміз, - деді Ілияс Түстікбаев.

Шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев студенттердің шәкіртақысын ұлғайту мәселесін көтерді. Яғни, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алып жатқан студенттердің ай сайынғы шәкіртақысы 25 пайызға артады. Сонымен қоса, Үкіметке арнайы орта білім алатын колледж студенттерінің де стипендиясын арттыруды тапсырды. Жалпы биыл қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтарда білім алатын 122 мың студенттің шәкіртақысы 30 пайызға артқан болатын.

Шараға қатысушылардың бірі 26 жастағы Иман Серікбекұлы келіншегімен екеуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша  қазіргі Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау селосында Исатай аудандық орталық ауруханасында қызмет етіп жатыр.

Фотода: Иман Серікбекұлы келіншегімен бірге

- Кішкентай кезімнен ақ халатты абзал жан боламын деген арманмен 2011 жылы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің медицина факультетінде бес жыл ары қарай  екі жыл интернатурада білім алдым. Оқу кезінде бізге  яғни университетімізге Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бір топ өкіл келіп, жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында жәрмеңке ұйымдастырды. Сол менің арманымның іс жүзінде орындалуына басты себепкер болды. Сол кезде  Исатай аудандық орталық ауруханасының бұрынғы директоры Төлеген Бауыржан Дүйсебайұлы сөз сөйлеп, жастарға берілетін қызметтік үйі мен бір реттік көтерме ақысы жұбайым екеуімізді қатты қуантты.

Қазіргі кезде Иман Пернебеков жұбайы екеуі бір жарым жылдан бері сол жақта қызмет етіп келе жатыр. Осы аралықта ол дәрігер акушер-гинеколог маманы ретінде 100-ге жуық сәбиді аман-есен дүниеге әкелгенін айтады. Оған қоса, Исатай аудандық аймағының демографиясын көтеру мақсатында жергілікті аудан әкімдігінің қолдауымен туу жасындағы әйелдердің денсаулығын бақылау, отбасын жоспарлау, ерте жүктілікті анықтау мақсатында түрлі жұмыстарды жүргізсе, әйелі бала дәрігері ретінде ғаламдық проблемалардың бірі ерте жастағы балаларды вакцинациялауға атсалысып, оның пайдасын халыққа кеңінен түсіндірумен айналысады. 

- Кез-келген ауылға, қалаға барып жұмыс жасаса да, дәрігердің басты мақсаты адамға көмек көрсету. Яғни ана мен сәби өмірін сақтап қалу. Әр сәби – ел ертеңі. Әр ана сол батырды сыйлаушы. Олар біз үшін де, ел үшін де маңызды. Жалпы осы Атырау облысына жұбайым екеуіміз өз таңдауымызбен бардық. Бірақ мұнда біздің ешқандай туысымыз жоқ. Алдағы уақытта егерде ауылдың инфраструктурасы дамып, қаламен сәйкес болып жатса, онда неге ауылда жұмыс істемеске? Неге ауылды көркейтпеске деп ойлаймын, - дейді Иман Серікбекұлы.

Осы бағдарлама бойынша бір реттік жәрдемақы мқлшері 176 750 теңгеден 252 500 теңгеге ұлғайтылды. Ал алты мыңға жуық жас маман 1,2 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған болатын. Жалпы елімізде үш мыңнан астам жас маманға 13,5 млрд  қаржыға тұрғын үйге бюджеттік несие берілген болатын. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушыларына 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде яғни 3 787 500 мың теңге көлемінде бюджеттік несие беру қарастырылған.

Биылғы жылдан бастап елімізде 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске асырылған болатын. Сол бағдарламамен қазіргі кезде буу қазандығының операторы болып қызмет ететін алматылық Бағдат Елшенбайұлы жиырма бес жасында пәтерге қол жеткізгенін айтады.

Фотода: Бағдат Елшенбайұлы

- Бұрын келіншегім және екі баламмен жалдамалы пәтерде тұрдық. Бұрын біреуге ай сайын 70 мың теңге төлеп тұрсақ, қазір өзімнің есепшотыма салып, үйімнің алғашқы жарнасын жинауды бастап кеттім. Екі балам бар, қызым төртте, ұлым екі жаста. Жалпы  бұл бағдарлама жастарға өте қолайлы деп есептеймін. Қатарластырыма айтарым жұмыс істеңдер, жұмыстан қорықпаңдар, жұмыс түбі береке. Мен сияқты жастардың атынан жастар жылына алғыс білдіргім келеді. 

Биыл еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9000 пәтер беру шешімі қабылданған болатын. Оның жалға алу құны айына 15 000 теңге ғана болады.

Шара барысында  Президент қазақстандық жастарды мақтан тұтатынын айтты.

- Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекеттің келешегі – өздеріңіз. Жаңа ғана жастардың бір топ өкілі түрлі өзекті тақырыптарда жақсы сөз сөйледі. Ұтымды пікірлер айтты. Мен барша жастарды мақтан тұтамын. Биылғы жылдың мән-маңызы ерекше болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барша ел болып Жастар жылын өткіздік. Бәріміз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Жалпы еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынды. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау менің президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал келесі жыл биылғы жылмен сабақтасады. Өйткені елімізде еріктіліктің жүйелі дамуы үшін Президент Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастық форумында келер жылды Волонтер жылы деп қабылдаған. Қазіргі кезде барлық өңірде 200-ден астам еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Бұл еріктілер қозғалысы 50 мыңнан астам адамды қамтып отыр.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға