Жаңалықтар

Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады – президент

Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады – президент
Фото: Ақорда 04.10.2024 11:48 477

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IX Қазақстан Республикасы судьяларының съезінде сот жүйесінің ашықтығы жайлы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент сот жүйесінің тиімділігін одан әрі арттырып, цифрландыру ісін жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ұрпақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрттар босқа арызданып, шағымдана бермейді, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жалпы сот ісін жеңілдету маңызды міндет екеніне тоқталды. Ол үшін осы технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн.

Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне деген сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл, әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейеді. Сотқа қатысушы тарап та ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның барлығы қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениет көтеруге оң әсер етуде. Бұл елімізде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға