Жаңалықтар

Жастар қандай кітап оқып жүр?

Жастар қандай кітап оқып жүр?
Фото: Коллаж El.kz 04.06.2024 14:34 891

Қазіргі кезде жастардың көзқарасы өзгеріп келеді. Осы күні өздерін қызықтырған кітапты оқитындар да көбейе бастаған. Шынында да, олардың арасында интернетке тәуелділікті жою үшін кітапқа деген қызығушылықты арттыру маңызды. Бұл ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жастар арасында сауалнама жүргізіп, пікірін білді.

Қазір қоғам арасында «жастар кітап оқудан қалды» деген пікірді үлкен буын жиі айтып жүр. Бірақ бұл жастардың бәрі кітап оқымайды деген сөз емес. Өйткені кітапты жаны сүйетін, қолында болмаса интернеттен іздеп оқитын, жас буын қатары күн сайын артып келеді. Оның бір дәлелі – кітапханаға жас оқырмандардың жиі келуі.

Сондай жанның бірі ЕҰУ-дың 3 курс студенті Айкөркем Сағат әдеби шығармаларға қатты қызығатынын және Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша»  романын оқуға кеңес беретінін айтты.

Соғыс жылдары әкесінен айырылудың тауқыметінің қандай екенін көрген, соғыстың қиындығын, анасының қалай қиналғанын суреттеген Шерхан атамыздың осы шығармасы маған өте қатты әсер етті. Бұдан бөлек, 15 жасымда Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқыдым. Ақбілектің сол кездегі өзіммен жасты болуы барлығы ұнады. Оқиға желісі романды оқуға түрткі болды, – дейді студент.

Бүгінде жасөспірімдер арасында сұранысқа ие танымал шығармалар қатарына Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасы кіреді. Сондай-ақ кәсіпкерлік жолды үйрететін Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» сияқты кітаптары қазір сұранысқа ие.

Бұдан өзге С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Көбеевтің «Қалың мал», М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романын оқыдым. Бұлардың барлығы трагедиялық шығармалар қатарына жатады. Ал бұл романдардан түйгенім, қиындықтың барлығы өліммен аяқталмау керек деген қорытындыға келдім, – дейді ЕҰУ-дың студенті Айкөркем Сағат. 

Қазір сатылымдағы кітаптардың ең арзанының өзі 2 мың теңгеден бастау алады. Бірақ қызықты, сапалы кітап аламын деген оқырман үшін біраз ақшаның қажеті болатыны сөзсіз. Алайда білімге құйған қаражаттың босқа кетпейтінін жастардың түсінетіндігі қуантады.  

Ал 19 жасар ЕҰУ-дың студенті Іңкәр Мұхтарқызы өзіне шетел және қазақ  әдебиеттері ұнайтынын айтты. Бойжеткеннің алғаш оқыған кітабы оған кітап оқуға деген ынтасын ашқан екен.

Менің алғашқы оқыған кітабым – А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы. Одан кейін «Махабат қызық мол жылдар», «Қарғын» сияқты қазақ әдебиетінің  шығармалары мен туындыларын оқыдым. Соның ішінде маған қатты ұнаған Халит Хусеинидің «Батпырауық қуған бала» туындысын оқуға кеңес беремін. Бұл – кітап өте керемет. Мен осы шығарманы басқаларға оқуға кеңес беремін, – деді ол.

Іңкәрдің айтуынша, ол бұған дейін көп кітап оқымағанын айтады. Бірақ оқыған кітаптарының ішіндегі өзіне қатты ұнағаны осы туынды екен.

Бұл кітап маған өте керемет әсер қалдырды. Одан кейін шетелдік жазушылардың қазақ тіліне аударған кітаптарын да оқыдым. Мысалы, Джек Лондонның «Мартин Иден» кітабын алсақ болады. Одан кейін «Тастамашы Ана» деген қырғыз кітапбы қазақ тіліне аударылған. Міне, менің оқыған кітаптарым осы, – дейді Іңкәр Мұхтарқызы.

Қазіргі таңда жастардың ой-санасын жетілдіру, тіл байлығын арттыру, өмірлік көзқарасы мен мәдениетін қалыптастыру үшін кітап негізгі тәрбие құралы екенін бәріміз де білеміз. Мәдениетті адам болу үшін рухани байлық кітапты дәстүрлі түрде оқи отырып, бірнеше тілді игере алатындай да болу керек. 

Осы ретте ЕҰУ-дың студенті Іңкәр Мұхтарқызы:

Адам өзі қандай болса, жан жағына сондай адамдар жиналады деген сөз бар. Менің айналамдағы адамдардың 80 пайызы – кітап оқитын адамдар. Олармен апта сайын оқыған кітаптарды талқылап тұрамыз. Өзім сондай ортада болғаныма ерекше қуанамын, – дейді студент Іңкәр Мұхтарқызы.  

Әдемі Анарбекова,

ЕҰУ-дың екінші курс студенті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға