Көкпар федерациясы

Жастар арасындағы көкпардан Жамбыл облысы чемпион атанды

19.05.2025 12:34

Алматы облысында көкпардан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының 19-шы Чемпионаты күні кеше өз мәресіне жетті. Финалдық ойында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының жастар құрамасы арасында алтын жүлде үшін тартыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңбырлы ауа райына қарамастан, жарысты тамашалауға келген жанкүйерлердің саны көп болды. Әр өңірден келген көрермендер жас көкпаршыларға қолдау көрсетіп, қызықты матчтарды тамашалады. Атап айтқанда, Америка Құрама Штаттарынан келген қонақтар да көрермендер қатарында болды.

Жастар арасындағы көкпардан Жамбыл облысы чемпион атанды

Жастар арасындағы көкпардан Жамбыл облысы чемпион атанды

Жастар арасындағы көкпардан Жамбыл облысы чемпион атанды

Жастар арасындағы көкпардан Жамбыл облысы чемпион атанды

Суреттер: Көкпар федерациясы

Ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталды, ал тартысқа толы кездесудің соңында Жамбыл облысының көкпаршысы Арнұр Асен «алтын салым» салып, командасына жеңіс алып келді. Осылайша, Жамбыл облысы Қазақстанның жастар арасындағы чемпионы атанды. Ал Шымкент қаласы күміс жүлдені иеленсе, Алматы облысы қола медальмен марапатталды.

«Әулие ата» командасының жаттықтырушысы Құрманбай Сәрсенбекұлы чемпионаттың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Ол команданың жеңісіне тек физикалық дайындық емес, моральдық тұрғыдан да табандылық қажет болғанын айтты.

Алғашқы ойында былтырғы чемпион Түркістан облысын жеңдік. Финалдағы қарсыласымыз – Шымкент қаласы өте жақсы дайындалған екен. Қызықты әрі қиын өткен ойын «алтын салымға» ұласты, бірақ бабымыз бен бағымыз қатар келіп чемпион атандық. Балалар да намысты қолдан бермей, аянып қалмады. Көкпарға арнайы дайындалған аттар да өз міндеттерін жақсы орындады, - деді ол.

Алматы облысы құрамасында өнер көрсеткен 18 жастағы Нұржігіт Пермебай чемпионаттың үздік ойыншысы атанды. Ол 15 салым жасап, 300 мың теңге сыйақы алды.

Үш жылдан бері Алматы облысының намысын қорғап жүрмін. Жартылай финалда Жамбыл облысына есе жібердік, бірақ қола жүлде үшін Атырау облысына қарсы өткен ойында бес салым салып, өз үлесімді қостым, – деді Нұржігіт Пермебай.

Чемпионатта ат иелері де марапатталды. Алматы облысы командасынан Хадия атты ат «Үздік қорғаушы ат» атанды. Шымкент қаласының құрамасында өнер көрсеткен Жарқынбек Нұрболдың «Ахилес» атты аты «Үздік шабуылшы ат» деп танылды. Ал Жамбыл облысы сапындағы Нұрдаулет Момыновтың «Көкдауыл» аты «Үздік жекпе-жек ат» аталымын жеңіп алды. Әрбір ат иесіне 300 мың теңгеден табысталды.

Чемпионаттың жүлде қоры 12 млн 350 мың теңгені құрады. Жеңімпаз командаларға келесі мөлшерде ақшалай сыйлықтар тапсырылды:

  • 1-орын – Жамбыл облысы: 2,1 млн теңге;
  • 2-орын – Шымкент қаласы: 1,1 млн теңге;
  • 3-орын – Алматы облысы: 1 млн 350 мың теңге;
  • 4-орын – Атырау облысы: 600 мың теңге;
  • 5-орын – Түркістан облысы: 1,1 млн теңге;
  • 6-орын – Маңғыстау облысы: 700 мың теңге;
  • 7-орын – Қарағанды облысы: 400 мың теңге;
  • 8-орын – Қызылорда облысы: 800 мың теңге;
  • 9-орын – Жетісу облысы: 450 мың теңге;
  • 10-орын – Алматы қаласы: 400 мың теңге;
  • 11-орын – ШҚО: 200 мың теңге;
  • 12-орын – Ақтөбе облысы: 200 мың теңге берілді.

Шымкент қаласының «Ұлттық ойындар көкпар федерациясының» басшысы Балтабай Асан күміс жүлдегерлерге жеке 1 млн 300 мың теңге сыйақы беретінін хабарлады.

Чемпионат Республикалық Көкпар федерациясы, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ пен Туризм мен спортты қолдау қорының қолдауымен өтті. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылардың дайындығы мен ойын барысы әділ бағаланды.