Қазақстан жастары үшін әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып кетті деуге болады. Instagram, TikTok, Telegram сынды платформаларда қазақ жастарының белсенділігі жыл санап артып келеді. Зерттеулерге көз жүгіртсек, 18-24 жас аралығындағы жастардың 76,3 пайызы жаңалықтарды негізінен әлеуметтік желілерден алады екен.
Бұл көрсеткіш жастардың ақпарат алу, араласу тәсілінің күрт өзгергенін аңғартады. Біз осы мақалада еліміз жастарының әлеуметтік желілерді пайдалану статистикасын, оның психология мен құндылықтарға әсерін, жалған ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін және жалпы қоғамға тигізетін оң-теріс ықпалын қарастыруға тырыстық.
Халықтың 72 пайызы әлеуметтік желіні пайдаланады
Елімізде интернет пен әлеуметтік желілердің таралу деңгейі өте жоғары. 2023 жылдың басында Қазақстанда 19,5 млн халықтың 90 пайыздан астамы интернет пайдаланған. Интернет қолданушыларының жартысынан көбі 35 жасқа толмаған жастар екені еліміздің жастық демографиясын аңғартады. Бүгінде шамамен 14 миллион қазақстандық әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады, бұл жалпы халықтың 72 пайызына тең. Әлеуметтік желі аудиториясының қомақты бөлігі жастар екенін ескерсек, олардың онлайн кеңістіктегі белсенділігі орасан зор екені тағы түсінікті.
Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі – Instagram, онда тіркелген қазақстандық пайдаланушылар саны 12 миллионнан асады. 2024 жылғы деректер бойынша Instagram қолданушыларының шамамен 60 пайызы 35 жастан төмен.
Екінші орында аса қарқынды өсіп келе жатқан TikTok тұр: бұл платформада 14 миллионнан астам қазақстандық аккаунт бар, негізгі аудиториясы 16-25 жас аралығы. Telegram да көпшіліктің, соның ішінде жастардың, ақпарат алмасатын ортасына айналды, еліміздегі Telegram қолданушылары 12 миллионнан асып отыр.
Ал Facebook желісі әлемдік деңгейде ең ірі болғанымен, Қазақстанда оның белсенді аудиториясы салыстырмалы түрде аз және көбіне ересек буыннан құралған (жастар арасында танымалдылығы төмендеуде). Дегенмен, Facebook-тің Қазақстандағы қолданушы саны кей бағалаулар бойынша 13 миллионға жетуі мүмкін. Бұрынғы посткеңестік кеңістікте танымал VKontakte желісінде де шамамен 6 миллион қазақстандық тіркелгені айтылады, бұл платформаның да белгілі бір бөлігін жастар пайдаланатынын көрсетеді. Қазіргі таңда қазақ аудиториясы ең көп уақытын YouTube, Instagram, TikTok желілерінде өткізеді деген деректер де бар.
Тағы бір көңіл аударарлық жайт – отандық әлеуметтік желі кеңістігіндегі мазмұнның басым бөлігі орыс тілінде болғанымен, соңғы жылдары қазақтілді контенттің үлесі өсіп келеді, әсіресе TikTok пен Telegram желілерінде қазақша жарияланымдар көбейіп жатыр.
Жалпы, қазақстандық жастардың әлеуметтік желілерде белсенділігі өте жоғары: олар күн сайын бірнеше сағаттарын онлайн өткізеді, жаңалықты да, көңіл көтеруді де, қарым-қатынасты да осы ортадан табады. Мысалы, 18-24 жастағы жастардың төрттен үші елдегі жаңалықтарды ең алдымен Instagram, TikTok, Telegram сияқты желілерден білетінін жоғарыда айттық. Қалалы жерлердегі жас буын үшін әлеуметтік желі басты ақпарат көзіне айналса, ауыл жастары да қалысар емес. Бұл құбылыс «цифрлық ұрпақ» деген атауға ие болған жаңа буынның қалыптасқанын және оның ақпараттық талғамы дәстүрлі БАҚ үлгілерінен айырмашылығы бар екенін көрсетеді.
Әлеуметтік желінің жастар психологиясы мен құндылықтарына әсері
Әлеуметтік желілердің жастардың психологиялық ахуалына айтарлықтай ықпал ететіні соңғы жылдары жиі сөз болуда. Бір жағынан, онлайн платформалар жасөспірімдер мен жастарға өз ойын ашық білдіруге, шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беріп, белгілі бір қолдау ортасын ұсынады.
Екінші жағынан, шектен тыс әлеуметтік желіге тәуелділік пен онда көп уақыт өткізу психикаға теріс әсер етуі мүмкін екенін зерттеулер дәлелдейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ғалымдарының жақында жүргізген зерттеуі бойынша, 2018 жылы қазақстандық жасөспірімдердің 6,9 пайызы әлеуметтік желіні «проблемалы түрде» (яғни бейімделіп кете алмас деңгейде) пайдаланса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 12,7 пайызға дейін екі есеге жуық өскен. Мұндай шамадан тыс желіге тәуелді болған жастарда күйзеліс белгілері жиі кездеседі: аталған зерттеу нәтижесінде әлеуметтік желіні шектен тыс қолданатын жасөспірімдер арасында депрессия даму ықтималдығы 2,5 есе жоғары екені анықталған (қала жастары арасында).
Сондай-ақ мазасыздану деңгейі де әдеттегі пайдаланушыларға қарағанда екі-үш есе көп тіркелгені көрсетілген. Яғни, виртуалды өмірге қатты берілу жасөспірімдердің психикалық саулығын әлсіретіп, стресске төзімділігін төмендетеді.
Психолог мамандар әлеуметтік желілер жастарды шынайы емес идеалдарға ұмтылдырып, өзін-өзі төмен бағалау кешенін тудыруы мүмкін екенін айтады.
Мысалы, психолог Жәмилә Исмаилованың айтуынша, қазіргі жастар әлеуметтік желідегі «мінсіз өмір» көріністеріне алдана отырып, өз өмірін өзгелермен үздіксіз салыстырып, виртуалды мақұлдау іздеумен әуре болады. Әлеуметтік медиада көпшілік өмірінің тек жақсы сәттері мен жетістіктері бөлісілетіндіктен, жастар оны шынайы өмірмен теңестіріп, өзін кемшін сезіну ықтималдығы артады.
Жастар медиа кеңістіктің таңып отырған кейбір “идеалдарына” сай болу үшін үнемі күш салады, бұл оларға психологиялық қысым жасап, стресс туындатады, - деп түсіндіреді сарапшылар.
Шынында да, үздіксіз онлайн өмір ағымында қалу, кез келген сәтте хабардар болып отыруға ұмтылу (FOMO – “қапы қалу құрбысынан қорқу” феномені) жас буынның жүйкесін жұқартып, назар шоғырландыру қабілетін кемітуде. Мұның бәрі жастардың оқу үлгеріміне, ұйқы тәртібіне және жалпы өмір сапасына теріс әсер ететіні сөзсіз.
Әлеуметтік желілер жастардың құндылықтық бағдарларына да ықпалын тигізуде. Онлайн ортада таралатын орасан ақпарат ағыны жасөспірімнің тұлғалық қалыптасуына бұрын-соңды болмаған түрлі (кейде қарама-қайшы) әсерлер әкеледі.
Зерттеушілер пікірінше, желі арқылы жастар тек байланысып қоймай, түрлі өмірлік ұстанымдар мен мәдени құндылықтарды сіңіріп алады. Бірақ ол құндылықтар әрдайым оң бола бермейді. Мысалы, бір ғылыми талдауда әлеуметтік желілер қазіргі қазақ жастарының құндылық жүйесін өзгеріске ұшыратқаны айтылған: бұрын маңызды саналған әлеуметтік, рухани құндылықтардың орнын индивидуализм және тұтынушылық сипаттар басуда.
Яғни желідегі трендтер жеке бастың пайдасы мен мақсатын алға шығарып, қоғамға пайдалы ортақ құндылықтарды шетке ысырып қоюы мүмкін. Сарапшылар жастардың санасында әлеуметтік желі әсерімен дүниетанымдық қайшылықтар пайда болатынын, әлеуметтік маңызы бар құндылықтардың қадірі түсіп бара жатқанын атап өтті. Мұны кейбір жасөспірімдердің тұрақты өмірлік бағытының болмауынан, жылтыр көрініске еліктеуінен, интернеттегі танымал мәдениетке шектен тыс берілуінен байқауға болады.
Десе де, әлеуметтік желілердің құндылыққа әсері біржақты емес екенін атап өткен жөн. Жастар ғаламтор арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі озық ой-пікірлермен танысып, толеранттылық, жаңашылдық секілді қазіргі заман құндылықтарын меңгеруде. Көптеген қазақ жастары Instagram мен TikTok арқылы шығармашылық қабілеттерін шыңдап, кәсіпкерлікке бет бұруда, тіпті халықаралық дәрежеде табыс тауып жүргендер бар. Бұл – әлеуметтік желінің оң ықпалы. Мәселе – сол пайдалы тұстарын тиімді пайдалана отырып, зиянды әсерін шектеуде болып тұр.
Желідегі фильтрсіз ақпарат кейде берекені кетіреді
Ақпаратты әлеуметтік желілерден қабылдау – қазіргі жастардың ерекшелігі. Жоғарыда айтқанымыздай, жастардың басым бөлігі жаңалықтар мен қоғамдағы оқиғалар жайлы мәліметті алдымен әлеуметтік медиа арқылы біледі. Теледидар, газеттің дәуірі бұл буын үшін өткен шақ десек те болады. Алайда әлеуметтік желідегі ақпарат ағымы бақылаусыз және фильтрсіз болғандықтан, оның арасына жалған немесе шындыққа жанаспайтын ақпараттың араласып кетуі оңай. Интернетте көзге көрінген әр мәлімет шынайы ма, әлде жалған ба, мұны ажырату кейде, тіпті ересектерге қиын. Ал бүкіл өмірі интернетке байланған жас буын үшін ақ-қарасын тану одан да күрделі болуы мүмкін.
Жалған мен шынның ара-жігін анықтау қиындап барады. Әсіресе, интернетте “өмір сүретін” жастарға бұл ауыр соғып отыр, - деп жазады зерттеушілер.
Яғни, әлеуметтік желілердегі ақпарат тасқынына сыни көзбен қарау дағдысы қалыптаса қоймаған жас қолданушылар жалған ақпараттың жетегінде кетуге бейім тұрады.
Сарапшылар жастардың медиасауаты әлі толық қалыптаспауынан және эмоцияға әсер ететін жарқын контентке тез берілуінен жалған хабарламаларға жиі алданатынын алға тартады. Мәселен, шекаралық облыстар жастары арасында жүргізілген сауалнама респонденттердің 27 пайызы шетелдік (көбіне ресейлік) ақпарат көздеріне сенетінін көрсетті. Яғни, өзге елдің ықпалына ашық жастар тобы бар, бұлар көрші мемлекеттердің үгіт-насихатына немесе жалған ақпаратына сенуге дайын деген сөз. Мұндай тенденция ұлттық ақпараттық қауіпсіздікке де қатер төндіреді, себебі сыртқы пропаганда жастардың тарихи санасын бұрмалап, саяси көзқарастарын өз мүддесіне сай қалыптастыруы мүмкін.
Әлеуметтік желілердегі фейктер тек саясат не тарих төңірегінде емес, күнделікті тұрмыс, денсаулық саласында да өріп жүреді. Медицина тақырыбындағы жалған ақпараттың зардабы айтарлықтай болатынын пандемия кезеңінде байқадық, екпе туралы түрлі қате түсініктер, емдеу әдістеріне қатысты негізсіз қауесеттер жастар арасында да таралды. Сарапшылар мұны «ақпараттық пандемия» – инфодемия деп те атайды: ресми дәлелді дерек аз кезде адамдар балама болжамдарға, қауесетке сенуге бейім келеді.
Медиа мамандарының айтуынша, Қазақстанда да кейбір жастар сексуалдық тәрбие бойынша дұрыс мағлұмат ала алмағандықтан, интернеттегі тексерілмеген көздерге жүгініп, соның салдарынан әртүрлі мифтерге иланып қалған жағдайлар кездеседі. Яғни, ресми ақпарат қолжетімсіз болса немесе сенімнен шықса, оның орнын алып-қашпа әңгіме, жалған сенсациялар толтырады.
Жастардың жалған ақпаратқа алданып, соның ықпалымен теріс әрекеттерге баруы да қоғамды алаңдатуда. Мәселен, экстремистік топтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланып, идеологиясын жастарға сіңіруге тырысады. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҚР ҰҚК) 2023 жылы интернетте «деструктивті топтар» құрамында әрекет еткен 80 мыңға жуық қазақстандықты анықтағанын хабарлады, олардың қатарында 18 жасқа толмаған 6 мыңға жуық жасөспірім бар екен.
Ведомствоның мәліметінше, интернеттегі террористік үгіт-насихат бүгінгі күні жастардың радикалдануының негізгі факторына айналған. Расында, онлайн кеңістікте экстремистік идеялар жас санаға жасырын түрде әсер етіп, кейбір жеткіншектерді зиянды ағымдарға тартып жатқаны – қоғам үшін өте қауіпті үрдіс. Бұл – әлеуметтік желі арқылы тарайтын жалған әрі радикал идеологияның шетін мысалы.
Жалпы алғанда, ақпаратты сүзгіден өткізбеу, әлеуметтік желіде оқығанға бірден сене салу – қазіргі цифрлық буынның осал тұсы. Бірақ соңғы жылдары елімізде медиасауаттылықты арттыру бағытында жұмыс басталып, жастарды фактчекингке, сыни ойлауға үйрететін жобалар пайда болуда. Мұндай бастамалар жалған ақпараттың алдын алуға және саналы медиақолданушы ұрпақты қалыптастыруға септігін тигізбек.
Әлеуметтік желілердің қоғамға кері ықпалы да, теріс ықпалы да бар
Жастардың әлеуметтік желідегі белсенділігі тұтас қоғам өміріне де елеулі әсер етіп отыр. Бір жағынан, бұл құбылыс қоғамға оң өзгерістер әкелсе, екінші жағынан, кейбір теріс салдарларын да байқатуда.
Оң әсерлері: Әлеуметтік желілер қазақстандық азаматтық қоғамның дамуына жаңа мүмкіндік ашты деуге болады. Жастар бұрын еш мінбері болмаған тақырыптарды ашық талқылап, қоғамдағы мәселелер жөнінде пікір білдіре алады. Мысалы, экология, гендерлік теңдік, білім беру сапасы сияқты мәселелер төңірегінде жастар әлеуметтік желіде топтасып, бастама көтеріп жүр. Цифрлық белсенділік арқасында еріктілер қозғалысы, қайырымдылық челлендждері кең тарады. Сарапшылар әлеуметтік желілерді азаматтық қоғамды күшейтетін, әлеуметтік процестерді модельдейтін маңызды құрал ретінде бағалайды. Сонымен бірге, желілер бизнеске де жаңа жол ашты: қазір кез келген жас кәсіпкер Instagram немесе Telegram арқылы тауарын жарнамалап, тұтынушы тауып, кәсіп жүргізе алады. Шағын бизнес иелерінің торт, сабын, аксессуар секілді өнімдерін Instagram арқылы сатып, табыс табуы – соның дәлелі. Мұны, тіпті дәстүрлі сауда форматын өзгертетін үрдіс деуге болады.
Әлеуметтік желілер арқылы дарынды жастар өнер, музыка, қолөнер туындыларын бүкіл әлемге танытып, нарыққа шығып жатқаны да жиі кездеседі. Яғни, әлеуметтік медиа өзін көрсету мен өзін дамыту алаңы рөлін атқарып, қоғамға креативті буынның шығуына жағдай жасады. Жастар ғаламторда тек уақыт өткізбейді, сондай-ақ жаңа білім алып (мысалы, түрлі онлайн курстар, танымдық YouTube каналдар), өзара тәжірибе алмасады. Осындай позитивті тұстары әлеуметтік желінің қоғамға берер пайдасын айғақтайды.
Теріс әсерлері: Алайда, әлеуметтік желілердің бақылаусыз кеңістігі кейбір жағымсыз салдарға да жол ашты. Жоғарыда тоқталғанымыздай, жастар арасындағы психикалық дерттердің өршуіне желідегі қысым мен тәуелділік белгілі бір дәрежеде ықпал етуде. Бұл өз кезегінде қоғам үшін еңбекке жарамды, дені сау ұрпақтың азаюы, денсаулық сақтау жүктемесінің артуы сияқты мәселелерді туындатуы мүмкін.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер жалған ақпараттың жылдам тарайтын ошағына айналып, қоғамдағы алауыздықты күшейтуге себеп болуда. Арандатушы фейк жаңалықтар кейде қоғамда дүрбелең тудырып, адамдардың бір-біріне деген сеніміне сызат түсіреді. Мәселен, түрлі этносаралық немесе діни сипаттағы жалған хабарламалар желі арқылы таралып, түсініспеушілік пен шиеленіс жағдайларын туғызуы ықтимал. Бұған қоса, экстремистік және радикал идеологиялар жастарға әлеуметтік медиа арқылы еніп, олардың санасын улайтыны жоғарыда айтылды – бұл жалпы ұлттық қауіпсіздікке теріс ықпал жасайтын өте күрделі проблема.
Әлеуметтік желілер жастардың мәдени тәрбие процесіне де әсер етіп, кейде қоғамда белгілі бір құндылықтардың әлсіреуіне әкеледі деп алаңдаушылық білдірушілер бар. Жас буын жаһандық трендтерге еліктеп жүріп, ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарға немқұрайлы қарауы мүмкін деген пікірлер айтылады. Мысалы, үлкенді сыйлау, отбасылық байланыс секілді дәстүрлі нормалар виртуалды өмірде назардан тыс қалуы мүмкін. Дегенмен, бұл процеске біржақты қарауға болмайды – ғаламтор кейбір ескі стереотиптерді бұзып, прогрессивті ойлау қалыптастыруда оң рөл де атқарады.
Демек, әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы екіұшты: оның оң нәтижелері – ашық ақпарат алаңы, пікір еркіндігі, жаңа мүмкіндіктер мен инновациялар легі болса, теріс нәтижелері – ақпараттық хаос, адами қатынастардың виртуалдануы, психологиялық және әлеуметтік тұрақсыздық дер едік. Ең бастысы, бұл құбылыс қоғам назарынан тыс қалмай, зиянды әсерін азайтуға күш салынып жатыр.
Әлемдік үрдістер туралы не айтуға болады?
Қазақстан жастарының әлеуметтік желіні жаппай пайдалануы мен оның әсері – жаһандық трендтің бір көрінісі ғана. Бүгінде бүкіл әлем елдері жастардың цифрлық өмір салтына бейімделіп, соның пайдалы-пайдасыз тұстарын саралап әлек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еуропа және Орталық Азия елдерінде жүргізген зерттеуінде 2022 жылы жасөспірімдердің 11 пайызы әлеуметтік желіні шектен тыс (проблемалы) пайдаланғанын анықтады (2018 жылы бұл көрсеткіш 7 пайыз болған). Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас – жасөспірімдеріміз арасындағы 12,7 пайыз көрсеткіш әлемдік орташа деңгейге жақын тұр.
Әлеуметтік желінің зияны туралы мәселе көтерген мемлекеттер енді оның шешімін табуға талпынып жатыр. Мысалы, кейбір елдерде жастардың желіде отыру уақытын шектеу, арнайы жас санатына тыйым салу сияқты заңдар қарастырылуда. АҚШ, Еуропа елдерінде мектептерде медиасауат пен желі мәдениетін үйрету бағдарламалары енгізілсе, Қытай сияқты мемлекет балалардың TikTok (Douyin) пайдалануына күніне небәрі 40 минут шектеу қоюда деген ақпараттар бар. Бұл – мемлекеттік деңгейде жастарды интернет зиянды контентінен қорғау әрекеттері.
Дегенмен, халықаралық сарапшылар әлеуметтік желіні мүлдем жаман деп қарастыруға болмайтынын, оның пайдалы жақтарын дұрыс пайдалану керектігін айтады. Мәселен, ДДСҰ баяндамасы шектен тыс емес, бірақ белсенді түрде әлеуметтік желі қолданатын жасөспірімдерде қатарластарымен қарым-қатынасы берік, әлеуметтік қолдау деңгейі жоғары болатынын атап өткен. Яғни, желі арқылы бірігіп ойын ойнау, араласу балалардың достық байланысын нығайтып, кей жағдайда жалғыздықтан арылуына септігін тигізеді. Батыс елдерінде волонтерлік қозғалыстарды, экологиялық акцияларды жастар көбіне әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырып, қоғамға пайдалы істер атқарып жүр.
Бұл жағынан қарасақ, қазақстандық жастар да дүниежүзілік жаңа толқынның құрамдас бөлігі екенін көреміз, жақсы жағын да, жаман жағын да бірге сезінуде. Сондықтан өзге елдердің тәжірибесімен алмасып, тиімді әдістерін (медиабілім беру, цифрлық мәдениет қалыптастыру, заңнамалық реттеу т.б.) Қазақстан жағдайына бейімдеу маңызды болмақ.
Қазақстан жастары мен әлеуметтік желі тақырыбы – бір жақты қарастыруға келмейтін, көп қырлы құбылыс. Бір жағынан, әлеуметтік желілер – жастарға берілген үлкен мүмкіндік, жаңа заманның есігі. Олар арқылы қазіргі буын ақпаратқа еркін қол жеткізіп, шығармашылығын шыңдап, бизнестің тың түрлерін игеріп, әлемдік ағымнан қалмай дамуда. Екінші жағынан, осы мүмкіндіктермен қоса әлеуметтік желі жастарға бұрын беймәлім қатерлер әкелді: ақпараттың шамадан тыс көптігі, жалған мәліметтердің белең алуы, виртуалды өмірдің психикаға салмағы – мұның бәрі жастарды әрі сол арқылы бүкіл қоғамды әбіржітуде.
Ең басты түйін – әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы оң және теріс факторлардың жиынтығы ретінде көрінеді. Оны мүлде бақылаусыз жіберуге де, толық тыйым салып тастауға да болмайтыны айқын. Сондықтан қоғам алдында тұрған міндет – осы цифрлық дәуірдегі теңгерімді жолды табу. Жастардың медиасауатын арттыру, сыни ойлау мен ақпарат тексеру дағдыларын дамыту – жалған ақпараттың зиянын азайтудың кілті. Мектеп пен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ бейресми білім беру орталықтарында жастарға онлайн әлемнің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды, киберқауіптерден сақтануды үйрету қажет. Сондай-ақ, ата-ана мен мұғалімнің, жалпы аға буынның рөлі – жасөспірімдерге шектеусіз виртуалдық әлемнің шынайы өмірдің баламасы емес екенін түсіндіріп, оларға психологтық қолдау көрсету. Мемлекет тұрғысынан алғанда, интернеттегі заңсыз, зиянды контентті шектеу, экстремизм мен кибербуллингтің алдын алу шараларын жетілдіру өзекті.
Дұрыс бағытталған қамқорлық пен саналы бақылау арқылы біз әлеуметтік желілердің орасан әлеуетін қоғам игілігіне жаратып, жастардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ете аламыз. Қазақстан жастары – елдің ертеңі, ал әлеуметтік желілер – сол ертеңнің құралдары. Ендеше, сол құралды пайдалы арнаға бұру – жалпы қоғамның ортақ міндеті болмақ.

