Жаңалықтар

Жастарға үй алу үшін қандай бағдарлама тиімді?

Баспанаға қол жеткізу қаржылай сауаттылықты қажет етеді
Жастарға үй алу үшін қандай бағдарлама тиімді?
Фото: El.kz 26.08.2022 16:48 8967

Қазір жастар бірінші кезекте баспаналы болуға талпынады. Үкімет те тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жыл сайын түрлі бағдарламалар  ұсынып келеді. Дегенмен, бұл ұсыныстар жастар үшін тиімді ме? Баспаналы болудың жолы қандай? Бұл туралы тұрғын үй сарапшысы Аружан Мырхиева айтып берді.

– Аружан Ганиқызы, баспаналы болу үшін қаржыны қалай жинаған дұрыс?

– Ол үшін адамға ең бірінші қаржылық сауаттылық керек. Негізі кез келген адам ақша таба алады. Алайда, ақшаны басқаруға келгенде табыстылардың өзі орта жолда ойланады. Оны бала кезден дамытып, қолда барды есептеп үйрену қажет. Адамдардың көбінде ақшаны табу мен оны басқару арасында байланыс жоқ, нақтысы, қаржылық сауат төмен.

Ақша – еңбектің өлшемі. Мүмкін қателесерміз, бірақ қазіргі уақытта ақша барлық мәселені шешеді. Білім алу, несие жабу, қарыз қайтару, құнды зат алу үшін де қомақты қаржы қажет. Ай сайын алақанға тиетін ақшаның қайда кететінін есептеп отыру шығынды азайтып, кірісті көбейтуге жол ашады. Қайталап айтайын, қаржы жинау үшін есеп жүргізу өте маңызды.

– Пәтер алу үшін жастарға қандай мүмкіндіктер жасалған?

– Бүгінде барлық ақпараттар қолжетімді. Жастар BCC және Freedom Finance Bank банктері арқылы 7-20-25 бағдарламасымен пәтер ала алады. Ол үшін 25 жасқа дейінгі және атында жеке мүлк жоқ болу керек. Сонымен қатар мүмкіндік болса Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының үкіметтік бағдарламаларын да қарастыруға болады.

– Елімізде баспана алушылардың жас мөлшері қандай?

– Статистика бойынша ерте отбасын құру фактілері негізінен ауылдық жерлерде тіркеледі. Ал қалалық жерлерде жастай үйлі болу деңгейі төмен. Ауылдық маңда 20-25 жас болса, қалаларда 25-35 жас аралығын қамтиды. Қалалық жастардың отбасы құруға асықпауларының басты себебі - тұрғын үй мәселесі. Үй алуға ниет білдірушілердің арасында басым көпшілігі 24-35 жас аралығындағы жастар. Алайда екінің бірі баспанаға қол жеткізе алмайды. Көбінің сұрайтыны ең төменгі пайыздармен пәтер алу мүмкіндігі.

– Жас отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған ба?

– 2022 жылы «Отбасы банк» баспаналы болуға арналған жеті бағдарлама енгізген болатын. Олардың әрқайсысының жылдық сыйақы мөлшерлемелері, несие сомасы әртүрлі. Тек жас отбасы өздеріне қолайлысын таңдаса жеткілікті. Бірақ, рәсімдеу кезінде банк қызметкерімен тығыз жұмыс жасаған дұрыс.

– Аз уақытта пәтерге қол жеткізу үшін қалай ақша жинау керек?

– Көбісі жинақ қорын ашқаннан кейін кез келген уақытта ақша аударымдарын жасап отырады. Бұл дұрыс емес. Депозит ашқанда сіз қандай да бір көздеген сумманы белгілейсіз соған қарай ай сайынғы аударым есептелінеді. Осы ретте несие төлегендей мүмкіндігінше әр ай сайын бір күнді белгілеп, тек сол уақытта қорды толтырып отырған жөн. Сонда сіз банктің қойған шартын орындап қана қоймай, болашақта пәтер алу үшін несиені тез рәсімдеуге мүмкіндік жасайсыз.

– Пәтер алуға бір ғана табыс көзі жеткілікті ме?

– Әрине, бұл әр адамның жұмыс орны мен жалақы мөлшеріне байланысты. Кей азаматтар қосымша жұмыс жасап жүреді. Егер жұмыстан бос уақыт жеткілікті болса қосыша жұмыс жасаған дұрыс. Жай ғана банктік есепсіз-ақ өзіңіз есептеп көрсеңіз болады. Мысалы, сіз пәтер бағасының 50 пайызын жинайтын болсаңыз 3 жылда 7 000 000 теңге жинау үшін ай сайын 195 000 теңге құйып отыруыңыз керек. Ал қазіргі баға өсімдеріне байланысты мұндай сумманы құйып отыру үшін айлық жалақы кем дегенде 280 000 теңгені құрау керек. Ал біздің жастардың көбісі мұндай айлық алмайды. Сондықтан қазір екінші табыс көзі ретінде онлайн жұмыстар қарастыра жүрген жөн.

– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, кез келген адам өзінің қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Ол үшін әрбір шығын мен кіріске есеп жүргізіп үйренген абзал.  Жастарға қатысты заңдамен, жеңілдіктермен де таныс болған дұрыс. Тек қана бір ақпарат көзінен емес, тікелей банк қызметкерлерімен де сөйлесу керек. Сонымен қатар бүгіннен қалдырмай депозит ашып, кем дегенде жалақы мөлшерінің 20%-ын жинап отыруға  тырысыңыз. Тіпті мүмкіндігіңіз болмаса да депозит ашып қойған дұрыс. Ол келешекте жылдық көрсеткіште өз септігін тигізеді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға