Жаңалықтар

Жастарға артар жауапкершілік мол

Жастарға артар жауапкершілік мол
11.08.2018 01:53 4816

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында «Қазақстан – 2020: Болашаққа жол» жобасын ұсынған болатын. Осыған орай жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Содан бері елімізде жастар саясатын қолдау, жастардың рухани өсуіне, мемлекеттік қызметке келуіне, оқып-білім алуына, шетелде білімін жетілдіруге барынша жағдай жасалып келеді.

Статистикалық деректерге жүгінсек, қазірде ел тұрғындарының 26 пайызын жастар құрайды. Біз үшін жастар саясатын тегеурінді ету маңызды болып отыр.  Жастарды  отансүйгіштікке баулу, тарихын, ділін, тілін білуге бағыттау өзекті дүние. Осыған орай мамандар алдағы уақытта «Қазақстан – 2020: Болашаққа жол» тұжырымдамасының маңызы зор екенін алға тартып отыр. Бұл ретте еліміздегі зиялы қауым өкілдерінің бір парасы «мемлекеттік тұрғыда ауқымды бағдарламалардың қабылдануы жастар мемлекеттің қамқорлығында екенін көрсетеді. Осыны сезінген жастар да Отанға адал қызмет етіп, жақсы жағынан көрінуге тырысады» дейді.  Мәселен, бұл ретте тарих ғылымының докторы Жаңаділда Баяжанов:

«Жастар саясатын дамыту қай кезеңде де өзекті болды. Аңғарсақ, Ұлы Отан соғысы кезінде 18-21 жастағы жастар ел қорғауға аттанып, Отан алдындағы борыштарын қалтықсыз өтеді. Кешегі ызғарлы Желтоқсан көтерлісінде де жастардың рухы мықты болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін біз Тәуелсіздігімізді алдық. Тәуелсіздік бізге қаншама маңдай термен келді?! Рухты жастардың сағы ешуақытта сынбады. Қазір бейбіт заманда жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі екі есе, тіпті, он есе көтерілуі тиіс. Себебі, жастар мемлекеттің тамыры. Кез келген дүние жас өскіннен тереңдеп, дамып өседі. Жас талшыбықты күтіп баптасаң ол ертең жапырағын жайған алып бәйтерекке айналады. Міне, жас ағза да солай. Біз қазір елдегі жастарға дұрыс тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар берсек, олар күні ертең елдің жайын ойлайтын, халықтың қамын күйттейтін азаматтарға айналады. Сондықтан, елдегі жастар саясатының бағыты сауатты болуы керек. Ол үшін, әрине, мемлекеттік бағларламалардың, тұжырымдамалардың жобасы қолға алынып, сол ретте жұмыс істелінгені жақсы», – деді.

Тарих ғылымының докторы Жаңаділда Баяжановтың айтып отырғанындай, жастарға қатысты сауатты бағдарламалар өз деңгейінде орындалып жатса, бұл біздің болашағымызды қамсыз етеді. Демек, біз үшін мұндай бағдарламалар жастарды тәрбиелеудің нағыз діңгегіне айналуы тиіс. Жастар саясатына қатысты тағы бір басымдық берер дүние, жастарды отансүйгіштікке ғана емес, отбасына да қамқор болуға баулығанымыз абзал. Бұған қатысты әлеуметтанушы мамандарымыз «жастарды алдымен шағын отбасын сүюге, отбасына қамқор болуға үйретуге баулығанымыз жөн» дейді. Бұл ретте әлеуметтанушы маман Аймара Тілеукина «Жастарға біз балиғат жасына толғаннан бастап Отан – отбасынан басталатынын, бірінші кезекте жастар отбасына қамқор болуы керектігін санасына құйып отыруымыз керек. Имани, рухани тәрбиеге баулып отырғанымыз жөн. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап жастарды қоғамдық істерге қатыстырып, арнайы қосымша сабақтар өткізу арқылы жастардың дамуына ат салысуымыз керек. Қоғам алдындағы отбасылық құндылықты ұғынған жастар Отан алдындағы борышын да адал атқарады. Алдымен отбасын құрып, одан өнегелі ұрпақтар өсіру керек екенін жетік меңгерген адам қоғамда да ешқандай осал мінезге бармайды. Сондықтан, осындай мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысында аталмыш жайттарды ескергеніміз жөн» дейді.

Абзалында, жастардың тіл үйренуі, өнер-білімге ұмтылуы, шет тілдерін терең меңгеруі де өзекті екені даусыз. Әсіресе, мемлекеттік қызметке ұмтылған жастар үшін тілді меңгерудің маңызы уақыт өткен сайын салмақтана түсетін. Осыған байланысты мамандардың бір қатары «болашақта жастардың тіл үйренуіне қатысты да жаңаша форматтағы идеялар жүзеге асса» дейді. Осыған орай пікір білдірген филология ғылымының докторы Сандуғаш Әпсалықова «Кез келген мемлекеттік қызметкердің тілді білуі болашақта маңызды бола түседі. Сондықтан, жастар саясатында тіл үйренудің де өзіндік орны бар. Мысалы, жастардың шетелде білім алуы үшін тілді білуі қажет. Шетелге шыққан жастар тілді білуі арқылы Қазақстанның мәртебесін көтереді. Оқу-білімді үйрену жастардың ой-өрісін дамытады. Білімді жастар легі қай кезеңде де халықты алға сүйреген. Сонау ел басына күн туған қуғын-сүргін кезінде қазақтың біртуар ұлдары болды емес пе?! Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабев, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді жастар қылшылдап тұрған кездерінде «оқу үйренеміз, білім аламыз «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламыз» деп кетті. Олар өз заманында жастар саясатын қалыптастыра алды. Ал, қазіргідей бейбіт заманда жастардың оқу-білім үйренуі тіпті өте өзекті мәселе. Болашақ – жастардың қолында. Осыны ұғынғандықтан, сезінгендіктен мемлекеттік тұрғыда қаншама жобалар қолға алынды?! Біздің жастарымыз осы ұтымды сәттерді пайдаланып, уақытты тиімді өткізуге дағдылануы керек» дейді.

Расында да, маман айтып отырғандай, елімізде 2011 жылдан бері жастарға арналған түрлі ұйымдар жұмыс істеп келеді. Мысалы, мектеп қабырғасындағы жастарды отансүйгіштікке баулитын «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдары бар. «Жас Отан» жастар қанаты да қазіргі таңда жастар саясатымен оңтайлы айналысып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жасампаз Қазақстанның болашағы жастар екенін» өз сөзінде жиі айтады. Тиісті орындарға да жастар мемлекеттің қамқорлығын сезінуі керектігін нықтап тапсырып отырады. Осы орайда «Дипломмен – ауылға», «Жастар практикасы», «Жастар Отанға», «Жас отбасыға баспана» жобалары да жүзеге асырылып келе жатыр. Ал, ендігі кезекте мамандардың пайымдауынша, жастардың өздері де мемлекеттің осы қамқорлықтарын сезінуі үшін белсенді болғаны жөн. Біз көпұлтты мемлекет болғандықтан, өзге ұлт өкілдерінің жас өскіндері де қоғамдық істерге белсене араласуы тиіс.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан халқының 26 пайызын жастар құрайды. Демек, біздің мемлекетіміздің дамуы тікелей жастардың қолында екенін байқаймыз. Ендеше, қазіргі заман жастары дамудың озық үлгісін көрсете алуы тиіс. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков:

«Болашақта техника ғылымдары мамандарының қажет болатынын ескерсек, қазіргі жастардың техника ғылымдарын игеруге деген қызығушылығын арттыру керек. Ұлттық экономиканы көтеру әр кезде де маңызды. Ұлттық экономиканы көтеру үшін шикізатқа тәуелділіктен құтылып, ең соңғы дайын өнім шығаруға дейін қызмет ету керек болады. Міне, осы кездеңдерде бізге жастардың миы аудай қажет. Қазір әлем инновацияға ұмтылып жатыр. Жастардың басы идеяға толып тұр. Білімді жастардың саны артып келеді. Әлемде 15-16 жасқа енді толған жас балалар өнертапқыштықпен айналысуда. Мұндай жас өрендер Қазақстанда да жетіп артылады. Сондықтан, болашақта жастардың, оның ішінде білімді жастардың жағдайын жасау мемлекеттің еншісінде болуы керек. Елімізде әрбір жетістік көрсеткен білімді, өнерлі, талантты жастарға қолдау қажет. Осы мәселені біз түбегейлі шешкен кезде ғана мемлекетіміз де үздіксіз дамиды», – дейді.

Расында да, біздің қазақта «ақыл – жастан, асыл – тастан», «жас келсе – іске» деген нақыл сөздер бар. Бұл да ата-бабаларымыздың өзі заманында жастарға айрықша үміт артқанын көрсетеді. Ендеше, қазіргі кезеңде де жастарға артар жауапкершілік мол екені даусыз. Осыған орай жастар да ел алдындағы, қоғам алдындағы міндеттерін сезініп, Отанға адал, қоғамға еңбекқор болып қызмет етсе дейміз. Сол кезде ғана елде қабылданып жатқан бағдарламалар мен тұжырымдамалардан тұшымды нәтиже шығары анық.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға