Жаңалықтар

Жасөспірімдер арасындағы суицид: Себептері, белгілері және алдын алу жолдары

Жасөспірімдер арасындағы суицид: Себептері, белгілері және алдын алу жолдары
Фото: Коллаж El.kz 06.11.2024 18:32 845

Жасөспірімдер арасындағы суицид – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл қасіретті жағдайдың алдын алу үшін тек медициналық және психологиялық қолдау ғана емес, сонымен қатар ата-аналар, мұғалімдер және жалпы қоғам тарапынан да жауапкершілік қажет. Суицидке ұшырау қауіпі бар жасөспірімдер көбінесе өздерін түсінбеген, жалғыз сезініп, ішкі күйзелістерімен күресіп арпалысып жүргендер. Осы ретте  El.kz тілшісі «Өркен» балалардың әл-аухатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға ғылыми қызметкері, психология-педагогика ғылымдарының магистрі Назира Оспанбектен аталған мәселеге қатысты сұхбат алды.  

El.kz: Суицидтік ойлар мен әрекеттердің көбеюі не себепті болып отыр деп ойлайсыз?

Назира Оспанбек: Қазіргі таңда суицид туралы ойлардың, әрекеттердің пайда болуына, көбеюіне, өршуіне бірнеше факторлар әсер ететінін түсіну керекпіз. Бұл психикалық тұрғыдан денсаулықтың нашарлауы, күйзеліс жағдайлары немесе баланың жеке өміріндегі қиындықтары себеп болады. Мысалы, отбасындағы келіспеушілік, жанжалдар не болмаса жаңағы ата-анасының арасындағы түсінбеушілік, ажырасу деген сияқты дүниелер әсер етуі мүмкін. Бұдан өзге қаржылық проблемалар, мектептегі өзінің қатарластарынан неше түрлі қысым көруі, не болмаса жаңағы қабылдамайтын сәттердің болуы. Одан кейін мынау қоғамда өзінің орнын таппағаннан кейін де сондай факторлар әсер етуі мүмкін.

Жалпы біздің қоғамдағы әлеуметтік және психологиялық қолдаудың аз болуы жетіспеуі де әсер етеді. Сонымен қатар қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында интернет желісі, әлеуметтік желілер балалардың тіпті баланың емес, жасөспірім емес, ересек адамның да психологиялық жағдайына кесірін тигізуі мүмкін. Бұл баланың психологиялық жағдайына, өзін-өзі бағалауына кері әсер етеді.

El.kz: Кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында суицид жиілеп кетті. Бұған не себеп?

Назира Оспанбек: Шынымен де соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтің жиі қайталануын байқап отырмыз. Бұл өте сондай өзекті алаңдаушылықты тудыратын сұрақтың бірі. Оның да себептері әртүрлі болуы мүмкін. Жаңа айтып кеткен факторлармен олар тығыз байланысты. Бала, жасөспірім деген бұл әлі ересек адам емес қой. Оның психикалық тұрғыдан жаңағы эмоционалдық жағдайы, әл-ауқаты әлі қалыптаспаған немесе әлі осал болғаннан кейін бала неше түрлі стресстік жағдайлар, қоғамды қабылдамау, кішігірім жанжал деген сияқты дүниелерге соқтығысады. Тіпті бұл ғаламтордағы теріс пікір кибер-булингке де қатысты. Одан кейін физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық та себеп. Әр баланың өзінің дамуында ерекшеліктері бар, соған байланысты неше түрлі психикалық аурулар, я болмаса олардың емделмеуіне байланысты да осы суицид орын алады.

Қоғамда жалпы кез келген мәселе ашық талқыланбайды. Балаларда балалардың көкейіндегі сұрақтар, шешілмеген мәселелер көп болуы мүмкін. Кейде осы дүниелер теріс көзқарасты да қалыптастырады. Суицидтің көбеюіне көбінесе өзі түсінетін сәттерді немесе өзін түсінетін адамды таппағасын, жасөспірімдер балалар сондай әрекетке барып жатады.

El.kz: Сіздің ойыңызша, осы мәселеге қатысты қоғамда жеткілікті түрде әңгіме қозғала ма?

Жасөспірімдер арасындағы суицид: Себептері, белгілері және алдын алу жолдары

фото: Назира Оспанбектің жеке мұрағатынан 

Назира Оспанбек: Біздің қоғамда суицид мәселесі үлкен назарда. Десе де, әр отбасы балалармен осы тақырыпта әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізбейді. Балалармен бұл тақырып ашық түрде талқыланбайды. Көбінесе зерттеулерге қарайтын болсақ, балалар суицидтің өзін бір ойын ретінде қабылдайды. Мысалы, кішкентай кезінде баламен тығылмаш сияқты ойын ойнаймыз ғой, ол тығылып қалады. Сол кезде кім іздеп жатыр, кім қалай әрекет етіп, қандай реакция беріп жатыр деген сияқты бақылап отырады. Енді баланың ойлауынша, бұл да бір ойын сияқты қабылданады. Яғни, мен қазір осындай әрекет жасаймын, кейін бәрін өзінің орнына келтіруге болады деген сияқты бір дұрыс емес ұғым қалыптасуы мүмкін.

Бұл өмір бір рет ғана беріледі. Егер онымен жаңағы осындай дұрыс емес суицидтік і әрекеттер жасайтын болсақ, қайтадан бәрін қалпына келтіру мүмкін емес дегенді балаға ешкім түсіндірмейді. Көбінесе отбасыларда болсын, кез келген қоғамда болсын, кез келген ортада болсын бұл тақырып жабық күйде қалады. Адамдарда осындай ой пайда болса, тіпті ол туралы айтуға да, көмек сұрауға да қысылады. Кейде ұялуы мүмкін. Содан кейін бала өзінің ойымен жаңағы қала береді.

Сол себепті біздің қоғамда осы мәселеге деген көзқарас өзгеруі қажет. Яғни, бұл тақырыпқа ашық әңгімелер айтылу қажет. Балаға өмірдің қаншалықты маңызды, құнды екенін, мұндай әрекет жасалса, қайтадан осы сәтке, өмірге қайтып келу мүмкіндігі жоқ екенін түсіндіру керек.

El.kz: Суицидке қатысты балалар мен жасөспірімдерге қандай көмек көрсету маңызды деп есептейсіз?

Назира Оспанбек: Бұған міндетті түрде медиа саланы, балалар оқитын, білім алатын орталарды, мектептерді, денсаулықты сақтау мекемелерін, одан кейін неше түрлі жаңағы әлеуметтік мәселелерді шешетін орталарды қоса отырып, жүйелі түрде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен балаға түсіндірмес бұрын осының бәрін ата-аналармен ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Себебі суицидтік ой пайда болғаннан кейін міндетті түрде ең бірінші сигналдарын көретін бұл ата-аналар. Себебі баланың қасында олар көбірек уақыт болады және басқаларға қарағанда көбірек таниды және ерекшеліктерін біледі.

Сонымен қатар ең алдымен психологиялық қолдау, психологиялық көмек көрсету, балалар мен ересектердің бәріне эмоционалдық тұрғыдан өз-өзін қалыпқа келтіру маңызды. Қалыпқа келтіру кезінде кез келген стресстік жағдайда әр баланың, ересек адамның алгоритмі болу керек. Қалай әрекет ету керек, қандай реакция беру керек деген сияқты, яғни эмоцияның жетегіне кетіп қалмай осы сәтте қабылданатын шешімді айтылатын сөздің бәрін ой елегінен өткізіп, сондай бір дәрежеге жеткізу керекпіз.

Жалпы балалар мен жасөспірімдер психолог деген сияқты маманнан қорықпау керек, олардан кеңес алуға, бірге жұмыс істеу деген сияқты дүниелер дұрыс қабылдану керек. Себебі логикаға сүйеніп қарайтын болсақ, біздің тісіміз ауырса не болмаса жаңағы басқа да бір физикалық тұрғыдан бір жеріміз ауырса, біз міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Тура солай эмоционалдық, рухани тұрғыдан іште бір ойлар мазаласа, бізде сол мәселені шешіп, емдеп беретін бұл психолог маман. Сондай-ақ осы мәселенің аясында бала мен жасөспірімге қолдау көрсететін отбасы мен оның жақын адамдарының рөлі де өте маңызды және ерекше. Баланың кез келген сәтінде өміріне неше түрлі жағдай орын алған кезде бала ата-анасынан қорқып емес, керісінше ата-анасынан көмек сұрауға, олардан қолдау алуға асығуы керек. Яғни, бұл туралы менің анам білсе, жанымды шығарады деген сияқты ұғымда емес, шұғыл анама не болмаса әкеме айту керекпін деген ой болу керек. Олардың ұсынысын не болмаса кеңесін алу керекпін деген ойды баланың бойына міндетті түрде қалыптастыру өте маңызды. Бұл үшін ата-ана мен баланың арасында сенімді қарым-қатынас болу керек. Бала мен ата-ана кез келген тақырыпта ашық сөйлесіп, бір-біріне өзінің көзқарасын айта білу керек және баланың әртүрлі мәселеге өзінің көзқарасы болуын ата-ана қабылдай білуі қажет.

El.kz: Әлеуметтік желілер мен интернеттегі контент суицидтің көбеюіне әсер ете ме?

Назира Оспанбек: Әрине, жоғарыда айтқан факторлар мен себептеріне сүйене отырып, қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы ішінде, әлеуметтік желілер мен интернеттегі неше түрлі контенттер суицидтің көбеюіне әсер етеді деп айтуға болады. Мәселен неше түрлі ойындар бар. Қазір бір-бірімізге ескертіп айтып жатамыз. Баланы қызықтыру арқылы сондай әрекеттерге итермелеу, не болмаса әлеуметтік желілерде осындай тенденцияның көбеюі балалардың қызығушылығын тудыруы мүмкін. Сонымен қатар кибербуллинг мәселесін де осы сәтте айта кету керек. Бүгінде кибербуллингке шалдыққан бала ғана емес, ересек адамның өзіне осы ситуацияны қабылдау, әрекеттесу және эмоционалдық тұрғыдан бір қалыпта қалу өте қиын болып табылады. Сол себепті әлеуметтік желілер мен интернеттің суицидтің көбеюіне әсері өте жоғары. Өйткені булингке келетін болсақ, бала мектепке барған кезде не болмаса бір достарының арасында тұрған кезде пайда болатын болса, мынау әлеуметтік желілердегі кибербуллинг мәселесі баланың жиырма төртте жеті кез келген жерде, кез келген уақытта қалыпты эмоционалдық көңіл-күйін бұзуы мүмкін.

Яғни, бала әлеуметтік желіге кіреді. Бұл жерде неше түрлі жаңағы теріс пікірлерді оқиды және соның өзі баланың эмоционалдық күйіне әсер етеді. Осы сәтте бала мен жасөспірімдердің психологиялық, эмоционалдық тұрғыдан әлі жетілмегені, сезімтал болып келетінін ескергеніміз өте жөн. Мұның өзі өте қауіпті екенін түсінуіміз қажет.

El.kz: Отбасы мен мектептің рөлі қандай? Осы мекемелердің бірігіп жұмыс жасауы суицидтің алдын алуда қаншалықты маңызды?

Назира Оспанбек: Бұл жерде мектеп пен отбасы өте шешуші рөл атқарады. Себебі бала отбасында көбірек уақыт болады, мектепте де сол уақыттың жартысын өткізеді. Әсіресе, жасөспірімдік шақта балаларға ата-анасынан, жақындарынан гөрі достарының, жолдастарының пікірі, көзқарасы маңызды болып табылады. Сол себепті осы жердегі болып жатқан дүниелердің ситуациялардың балалардың суицидтік ойына өте үлкен әсер ететіндігін ескергеніміз жөн. Отбасында, мектепте де баланың дамуына қауіпсіз өте сондай ыңғайлы, комфортты ортаны қалыптастыруға бәріміз атсалысу керекпіз. Мектеп психологтары, әлеуметтік қызметкерлер, сынып жетекшілер қазіргі таңда тек қана баламен ғана емес, ата-анамен де жұмыс істеуі өте маңызды.

Жұмыс істеу барысында ата-аналардың осындай мәселелерге қатысты ақпарат алу деңгейін жоғарылатуымыз керек. Бірлесіп істеген кезде ғана біздің балаларымыз бен жасөспірімдеріміз өз ойын ата-анаға не болмаса мектептегі ұстаздарына айта алуы мүмкін. Қазіргі таңда әрбір мектепте былтырғы жылы өркен институтының ұсынысымен ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылы екінші маусымы жүзеге асырылуда. Бұл жерде арнайы оқытудан өткен шығармашылық топ ата-аналармен тәрбиеге, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге қатысты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді. Яғни, ата-аналармен интерактивті, тренинг форматында осындай мәселелердің қаншалықты маңызды екенін, балалармен қарым-қатынас кезінде нені ескеру керектігі талқыланады.

El.kz: Суицидке қатысты балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсететін ұйымдар мен мамандар жеткілікті ме?

Назира Оспанбек: Енді бізде суицид мәселесі өте жоғары деңгейде болғаннан кейін бұл сұрақтың жауабы да логикалық тұрғыдан түсінікті сияқты. Мамандар мен ұйымдардың саны жеткіліксіз болған соң, оның алдын алу шаралары дұрыс деңгейге қойылмағаннан кейін осындай жағдайға жетіп отырмыз. Бұл мәселемен жұмыс істейтін психологтар, психотерапевтер, басқа да мамандардың тапшылығы бар. Сонымен қатар суицидке барған, болмаса енді барайын деп жатқан балалармен жұмыс атқаратын арнайы бағдарламалардың болмауы, болған жағдайда да тиімділігінің төмендігі, бұл мәселенің шешілуіне көмектеспей жатыр.

Одан кейін мына біздің қоғамда психологиялық қызметтің деңгейі төмен және қолжетімсіз деуге болады. Психолог көмегіне жүгінген баланың не болмаса отбасының да өзінің іштей бір қалыптаспаған ойлары бар. Яғни, психологқа тек қана қандай да бір психикалық тұрғыдан қиындықтары бар адамдар жүгінеді деп ойлайды. Сонымен қатар бізде шұғыл көмек көрсететін телефон нөмірлері, жақсы деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Бала дәл қиналған сәтінде неше түрлі ресурстық көмек ала алмағаннан кейін осындай әрекеттерге барып жатады. Мысалы, ол сондай ойлармен күресіп тұрған кезде ұстазына не болмаса ата-анасына, психологқа хабарласуы мүмкін. Бірақ сол сәтте ол адамдардың қолы бос болмауы, телефонды алмауы, баланың жанайқайына дұрыс реакция беріп тыңдай алмауынан осындай дүниелерге ұрынады. Сол себепті қоғамда психологиялық көмек көрсететін мамандардың бағдарламаларының деңгейін көтеріп, жалпы қоғамның осы мәселеге деген көзқарасын дұрыс бағытқа қоюуымыз керек.

El.kz: Қазіргі мектеп бағдарламалары мен психологиялық қызметтер қандай көмек ұсына алады?

Назира Оспанбек: Енді қазіргі таңда алдын алу жұмыстары көбінесе профилактикаға арналған бағдарламалар. Балаларға суицид деген не? Мұндай жағдаймен кездескен кезде немесе сіздің досыңыздың бойында осындай әрекеттерді байқасаңыз не істеуге болады деген сияқты ұсыныстар айтылады. Психологиялық тренингтер өз-өзіне көмек көрсетуге, сонымен қатар өзінің психоэмоционалдық дағдыларын дамытуға, стресс пен эмоционалдық сәттерді басқару бойынша сабақтар жүргізілуде. Бұдан өзге пилоттық тұрғыда еліміздегі бірнеше өңірлерде (50 мектеп) «Дос болайық» атты булингке қарсы бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Егер бұл бағдарлама сәтті жүзеге асырылатын болса, әрбір мектепке енгізілетін болады. Бұл – ең алдымен балалардың психоэмоционалдық, әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған бағдарлама. Яғни, балалар жоба құрастыру арқылы осындай өзінің дағдыларын дамытатын болады.

Осы сабақтар арқылы өмірде кездесетін қиын жағдайларда не істеуге, қалай шешуге, кімге көмекке жүгінуге болады деген сұрақтарға жауап алады. Сонымен қатар кейбір мектептердің әр бұрышында ұсыныстар немесе өтініштер қабылдайтын жәшік болады. Бұл жәшікке балалар өзін мазалайтын дүниелерді жазып салып кете алады. Осыны цифрлау керек сияқты. Кейбір мектептерде бар. Қазір телеграм чат, бот деген сияқты бала өзін мазалайтын сұрақтарды сол чатқа ботқа жазып, өзіне жауап табады. Мысалы, біздің өркен институтының сайтында арнайы жаңағы сұрақ-жауап айдары бар. Сайтқа неше түрлі сұрақтар келіп түседі және соған психолог мамандар жауабын беріп, жариялап отырады. Яғни, осындай жұмыстарды қолға алып, дамытып, ретке келтіру керек және балалар мұндай сұрақтар қоятын ортаның барын білуі қажет. Біз талдау жасаған кезде аз уақыттың ішінде балаларды мазалайтын өте көп сұрақтар келіп түскен. Сол себепті осындай жұмыстарды қолға алу керек деп есептеймін.

El.kz: Тұщымды жауап бергеніңізге көп рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға