Жасөспірімдер әлем чемпионатының бірінші кезеңі рекордпен аяқталды
Ресей Федерациясының Саранск қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша XIV жасөспірім ұлдар арасындағы әлем чемпионатының және X жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатының бірінші кезеңі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жарыстың ашылу салтанатына құрама командалар, төрешілер, жаттықтырушылар, Ресей Федерациясы ТЖМ басшылығы, Қазақстан мен Мордовия Республикаларының өкілдері қатысты.
Жарыстың бірінші күні Қазақстан Республикасының жаңа ұлттық рекордтары орнатылды. Екі спортышы күміс жүлде иегері атанды.
Жасөспірім ұлдар арасындағы оқу мұнарасының 2-қабатына шабуыл сатысымен көтерілуде Боков Никита 7,26 секунд нәтижесімен рекордты жаңартып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Жасөспірім қыздар арасындағы оқу мұнарасының 2-қабатына шабуыл сатысымен көтерілуде Бунякина Анастасия әлемнің үздік төрттігіне еніп, финалдық жүгірістің нәтижесі бойынша екінші орын иеленді.
Командалық есепте Қазақстан Республикасының жасөспірім ұлдар және қыздар құрамалары 3-орынға ие болды.

