Жаңалықтар

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?
08.02.2022 16:13 11633

Қазақстанда 20 жыл бұрын эстетикалық медицина нарығы мүлдем жоқ еді. Қазір сұлулық индустриясы күн санап дамып келеді. Қанша сұлу болса да, табиғат берген сұлулығына көрік қосып айналасына сүйкімді көрінгісі келетіндер – нәзік жандылар. Сұлулыққа деген іңкәрлік адамға жаратылыстан берілген ерекше қасиет. Қазіргі таңда сұлулықты жүректен емес, беттен іздейтіндер көп. Табиғи сұлулық пен жасанды сұлулықтың айырмашылығы неде? Бұл жайында косметолог, дерматолог Шынар Жұманбай және психолог Құралай Қалиевадан сұрап көрдік.

Қазіргі уақытта косметология кемшіліктер мен ақауларды жоюға, ерте қартаюды болдырмауға және жасқа байланысты өзгерістермен күресуге бағытталған көптеген әртүрлі процедураларды ұсынады. Соның бірі бетке арналған мезотерапия. Мезотерапия дегеніміз не? Ол қандай нәтиже береді және қаншалықты қауіпсіз? Бұл сұрақтарға косметолог дәрігер былай деп жауап берді.

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

– Үй шаруасымен айналысып жүріп, қыз-келіншектер өзіне көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Ол аздай қыз-келіншектердің жасы ұлғайған сайын, ұсақ әжімдер көбейіп, бет пішіні өзгеріп, тері салбырай бастайтыны тағы бар. Жақпа майлардан бөлек, соңғы бес жылда әйелдер түрлі косметикалық аппараттың көмегімен, яғни эстетикалық косметологияға жүгінеді. Солардың ішінде кеңінен тарағаны мезотерапия. Ол иньекциялық процедура. Иненің көмегімен терінің ортаңғы қабатына енгізу арқылы жүргізіледі. Препарат құрамында гиалурон, омен қышқылы, коллаген, немесе дәрумен болуы мүмкін. Яғни әр заттың жеке атқаратын рөлі бар. Мезотерапия кез-келген адамға жасала бермейді. Оны тағайындау үшін де алдымен емделушінің тері типін және оның қандай проблемасы бар екенін анықтап алу керек. Енгізілетін сұйықтық мөлшері де бет терісінің зақымдану деңгейіне байланысты болады. Бала емізетін немесе жүкті әйелдерге мезотерапия қабылдауға болмайды. Одан қала берді емделушінің тері типі мен проблемасының қандай екенің тыңғылықты анықтап алу керек. Ал процедурадан кейін моншаға түсуге, бетті булауға және алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынады. Тек дәрігердің айтқанын тыңдау керек.

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

Бұрын лифтинг тек пластикалық хирургияның көмегімен жүзеге асырылатын болса, енді аппараттық техниканың көмегімен шешуге болады. Тек білікті және тәжірибелі маманға барған жөн дейді, - Шынар ханым.

– Лифтинг теріні қатайтуға арналған косметикалық процедура. Уақыт өте келе тері бұрынғы икемділігін жоғалтады, алғашқы әжімдер пайда болады. Бұл процесс сөзсіз отыз жастан асқаннан кейін коллаген мен эластиннің мөлшерінің азаюына байланысты төмендей бастайды. Яғни, лифтинг дегеніміз – бет терісінің салбырап бара жатқан уақытында теріге қайта серпінділік беру. Адамның өз қаның теріге енгізу арқылы жасалатын сұлулық әдісі. Лифтингте аллергия туу жағдайы сирек кездесетіндіктен процедураға келетіндер қатары көп. Бұл әдісті бетке безеу көп шыққан кезде қолданған жақсы. Тері ылғалданып, нәрленеді және пигменттік дақтар кетіп, әжімдер тегістеле түседі. Әрі терінің қабынуы азаяды.

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

Бүгінде көптеген қыз-келіншектер қабақтарының еуропалық пішінде болғаның қалайды. Тіпті сол үшін тәуекел етіп, терісін кестіретіндер де бар. Әрине әйел адамның сұлулыққа құштар болғанында еш әбестік жоқ. Дегенмен сұлулығы үшін түрлі тәсілдерді пайдаланып, кейбір жағдайда зияны барына мән бермей жататын жағдайлар кездеседі. Оның пайдасы мен қауіпі қандай? Бұл сұраққа косметолог Шынар ханымның өз айтары бар.

– Қабақтың терісі өте жұқа, және нәзік болады. Адамның физиологиялық өзгерістеріне байланысты көбіне жиырма бес жастан бастап, терінің босауы, көз астында ісіктер пайда болады. Яғни жасқа сәйкес өзгерістер ең біріншіден қабақта біліне бастайды. Алпыс жастан асқан адамның қабақтарына қарайтын болсақ, кәдімгідей терісі созылып кеткенін байқаймыз. Оның көзінің айналасында ұсақ майлы нүктелер болуы мүмкін. Сол блефаропластиканың көмегімен майды алып тастауға болады. Алайда, жас қыздар блефаропластиканы әдемілік үшін жасатып жатады. Біз азиаттық типті болғаннан кейін көзіміз сықси келеді. Сол себепті көптеген нәзік жандылар сыртқы келбетіне көңілі толмай жатады. Әрине, өзіне жарасымды болса, әдемі болып жүрген кімге болса да жақсы. Тек қыздар қауымына айтарым, қазір екінің бірі қолына пышақ алып жасай беретіндіктен өз ісін білетін маманға бару керек.

Табиғат әрқайсымызды өзіне тән сыйымен марапаттайды. Бақытымызға қарай, косметикалық медицина көптеген даму кезеңнен өтіп, бізге бет-әлпетті түзетуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары нәзік жандар арасында ерінді үлкейту трендке айналды. Бұл жайында косметолог Шынар Жұманбай былай дейді.

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

– Ерін беттің ең сезімтал аймағы, сондықтан процедураны алдын-ала анестезиямен жасаған ыңғайлы болады. Ботокс ерінге салынбайды, ол препарат бұлшықеттер жиырылмас үшін жасалады. Ал гиалурон қышқылы ерінді томпайтып, шамалы әдемілік береді. Гиалурон қышқылының көмегімен ерінді операциясыз үлкейтуге болады. Препарат организмде 6-8 ай тұрады. Ал, кімдерге бұл процедураны жасаған пайдалы деген сұраққа келсек, жасы ұлғайған келіншектерге жасауға кеңес берер едім. Себебі уақыттың өтуі әрдайым көлемге әсер етеді, яғни ағза өзгеріске ұшырайды. Міне сол кезде еріннің бұрынғы пішіні мен әдемілігін ұстап тұру үшін жасатып жатады. Алайда, қазіргі таңда көптеген нәзік жанды аруларымыз жарассын жараспасын трендтен қалмай, жасатып алады. Кез-келген адам жасатпас бұрын маған жараса ма деп айнаға бір көз тастап, ойлануы керек. Мысалы өзінің бет әлпетінде нәзіктік бар, бірақ маған Мақпал, Исабекова, Ерке Есмаханның ерініндей жасап беріңіз дейді. Мақпал Исабекова ерінін бес рет ектіру арқылы осындай нәтижеге жетсе, кейбір қыздар бірден Мақпалдікіндей томпиған ерін болғанын қалайды. Бұл дұрыс емес, себебі әр адамның өзіне тән Алла жаратқан келбеті бар. Көпшілік қыз-келіншектердің бір қателігі – уақытында өздерін тоқтата алмай қалады. Алайда, кейін айналасына күлкілі көрінбеу үшін өлшем мен үйлесімділік туралы ертерек ойланған жөн.

Косметолог ханымнан кеңес

– Көпке топырақ шашпаймын, бірақ шыны керек қазір бетіне крем жағуға ерінетін қыз-келіншектер де бар. Өзіне күтім жасамайды, осы бір 2-3 минут алатын уақыт, бетті тазалап жуып, тоникпен сүртіп кремді жағуға ерінеді. Барынша өзіңді күтіп, жақсы көріп, табиғат берген әдемілікті сақтап қалған абзал. Сондықтан күнделікті үй жағдайында денеге лайықты күтім жасау керек. Яғни макияжбен ұйықтап қалмауға тырысыңыз. Бетті үнемі тазартып, ылғалдандыру керек. Әрине дұрыс тамақтану ол өз алдына бөлек әңгіме.

Әлия Омарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

– Кез-келген арудың арманы – танертең айнадан әдемі келбетін көріп, өзіне сүйсіну. Сол секілді менде ай сайын кірпік жалғатып, тырнақ жасатамын. Бір жағынан уақытты да үнемдеймін. Нақтырақ айтсам, күнделікті боянуға арналған косметикаға жұмсайтын қаржыны ай сайын жоғарыда айтқан процедураларға жұмсайсың. Сондықтан маған бір рет жасатып алған әлдеқайда ыңғайлы. Бір апта үнемдеп тек қарақұмық жеп, немесе мейрамханаға бармауыма болады. Алайда өзімді кірпіксіз елестете алмаймын. Өзіме ұнайды.

«Ғалымдардың зерттеуі бойынша қарым-қатынаста жетістікке жетудің 80% адамның сыртқы келбетіне байланысты. Мұның оң әсері мен ықпалы бар. Әдемі болып жүру өзіне деген сенімділікті көтеретіні шындық»,- дейді психолог Құралай Қалиева. «Жас қыздардың жасанды сұлулыққа ұмтылуының сыры неде?» деген сұрағымызға психолог ханым былай деп жауап берді.

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

– Себебі әр адамның өзінің өмір сүретін ортасы мен уақыты болады. Дәл қазіргі уақытта жан-жағымызға қарасақ, тырнақ жасатқан, кірпік жалғатқан, ернін томпайтқан нәзік жандарды көп кездестіреміз. «Заманына қарай адамы» дейді ғой меніңше жастар бір-біріне еліктейді. Екіншіден табиғи сұлулықтан асатын әдемілік жоқ. Мен мысалы өзім де тырнағыма гель жасатамын. Үйімде жасанды сұлулыққа ұмтылып жүрген қыздармен шамалас менің ұлдарым өсіп келеді. Олар менің тырнағымдағы гелді алдырып тастаған кезде, бірден байқайды. Тырнағыңыз өзіңізге жарасады деген пікір естимін. Бұл дегеніміз адамдардың бір-біріне ұқсаған, барби кукла сияқты жасап алғанға қарағанда, Алла қалай жаратты сондай табиғи түрмен жүру керек дегенді байқатады. Шынымен айналамызға қарасақ, бәрі бір-біріне ұқсайды. Алайда өзінің табиғи сұлулығымен жүрген қыздар ерекше көрінеді. Психологияда адам өтпелі кезеңде жасанды сұлулыққа көбірек ұмтылады. Себебі тұлғалық қақтығыс пайда болады. Жан дүние өзінің өскенің дәлелдеу үшін, осындай әрекеттерге барады.

Қай уақытта болса да қыз-келіншектер үшін әдемі болу, сымбатты болып жүру маңызды. Осы тұста психолог Құралай Қалиева аруларға мынандай кеңес береді.

– Ең біріншіден жан дүниеңіз нені қалайды соны жасаған дұрыс. Сіздің қасыңыздағы құрбыңыз немесе теледидардағы сән әлеміндегі нәзік жандарға ұқсағыңыз келген сайын, өзіңізді жоғалтып аласыз. Жүрегіңіздің үніне құлақ түріп, соны орындау керек. Себебі әр адам қайталанбас тұлға. Заман қандай болса да, өзінің жеке тұлға екеніңді ұмытпай, сізге қалай ыңғайлы солай өмір сүріңіз. Барлықтарыңызға бақытты бай дәулетті, жүректеріңіз қуанышқа толы болсын!

Бет сұлулығының тағы бір құпиясы – бетке хиджама жасау. Бұдан бөлек бетке арналған ем шара - ваккумды массаж. Бұл туралы толығырақ нутрицолог маман Ұлжан Маратқызы толығырақ баяндап берді.

Жасанды сұлулық қоғамның дерті ме әлде тренді ме?

Бет хиджамасы – ең нәтижелі процедура. Бетке арнайы тіліктер арқылы жасалатын жасарудың құпиясы десе де болады. Хиджама жасаудың пайдасы қан айналымын жақсартады. Коллаген мен эластин бөлінуін күшейтеді. Сонымен қатар бет ісігін қайтарып, терінің тонуста болуын қамтамасыз етеді. Алайда, хиджаманы тек арнайы арнайы маманға жасатқан жөн. Себебі бет терісі өте жұқа нәзік болғандықтан дақ қалып бет терісін құртып алмау маңызды. Бетті жас әрі сұлу қалпында сақтау үшін, хиджама жасауға кеңес беремін.

Ал, ешқандай кері әсерсіз жас болып жүргіңіз келсе, онда күнделікті ваккумды массаж жасау қажет. Ешқандай да беттің терісі созылмайды, бет көгермейді.

Ваккуммды массаждың пайдасы:

- Майда әжімдерді тегістейді

- Мұрын айналысындағы әжімдерді кетіруге көмектеседі

- Беттің түсін жақсартады

- Бет терісінің серпімділігі артады

- Терідегі тесіктер кішірейеді

-  Көз астындағы әжімдер азаяды

-  Бетіңіз тартылып, жасара түседі

Түйін

Әсем де әдемі болып жүру кез-келген арудың арманы. Ал сұлулығыңыз бен жастығыңызды қалпында ұстау үшін теріні күту қажет. Кез-келген адам сұлулыққа құмартып, сүйсінетіні сөзсіз. Теріңіз сұлу болсын десеңіз, әуелі дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіз. Күнделікті жеткілікті мөлшерде су ішіп, бетіңізге күтім жасауды әдетке айналдырыңыз. Себебі сұлу болу үшін сыртқы келбетпен қатар, ішкі сұлулық үйлесім табу керек.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға