Фото: El.kz

Жасанды интеллектті меңгерсең – миллион табу сөз емес

03.10.2025 12:45

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge халықаралық форумы биыл да әлемдік технология саласының алпауыттарын бір алаңға жинады. Форумға Sinovation Ventures басшысы Ли Кай-Фу, Google сарапшысы Питер Норвиг сынды high-tech индустриясының көшбасшылары, сондай-ақ қазақстандық ІТ-сала мамандары қатысты, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы. 

Форумға қатысушылардың пікірінше, бүгінде жасанды интеллект тек ІТ саласының емес, барлық саланың дамуына серпін беретін факторға айналып отыр. Осы бағытта 15 жылдан астам тәжірибесі бар отандық жасанды интеллект зерттеушісі де өз ойын бөлісті.

«Жасанды интеллект – смартфон мен интернеттен кейінгі саты»

Тимур Бектұрдың айтуынша, мемлекет басшысы жолдауында атап өткендей, жасанды интеллектке ерекше көңіл бөлу – уақыт талабы.

Қазір ІТ мамандары ғана емес, дәрігер де, заңгер де, агроном да жасанды интеллектті меңгеруі тиіс. Бұл – смартфон мен интернеттен кейінгі келесі үлкен саты. Егер алғашқы толқынды өткізіп алсақ, болашақтағы технологиялық өзгерістерге бейімделу одан сайын қиындайды, – дейді ол.

Генеративті жасанды интеллект дәуірі

Бүгінде әлем дәстүрлі жасанды интеллекттен генеративті жасанды интеллектке (Generative AI) қадам басты. Бұл трансформерлік технологиялар мен үлкен тілдік модельдерге (LLM) негізделген жүйелерді дамытуды көздейді.

Олардың мүмкіндіктері кең: робототехникадағы қозғалысты басқару, компьютерлік көру (computer vision), дауыс тану және синтездеу, мәтінді аудару, фото-видео өңдеу.

Қазақстанда да бұл салада алға ілгерілеу байқалады. Жақында ғана Hitsvild AI стартапы елдің тарихындағы алғашқы «юникорн» атанып, құны 1 млрд долларға бағаланды.

Жаңа табыс көздері

Жасанды интеллект ғылымды ғана емес, бизнес пен кәсіпкерлікті де дамытуға жол ашып отыр.

Қазір жасанды интеллект арқылы колл-орталықтағы шағымдарды мәтінге айналдырып, компания табысын арттыруға болады. Маркетингте фото, видео, моушн-дизайн жасау арқылы әлеуметтік желілерде өнімді тиімді жылжытуға мүмкіндік бар. Үйде отырып-ақ миллиондар табуға болады. Өзімнің тәжірибемде бір жобадан 15 миллион теңге тапқан кездерім болды. Қара жұмыспен де ақша табуға болады, бірақ мимен жұмыс істегенде табыс одан да артық, – дейді Тимур Бектұр.

Айта кетейік, Астанада халықаралық деңгейдегі Digital Bridge 2025 форумы өтіп жатыр.