Жаңалықтар

Жасанды интеллектінің қандай қаупі бар?

Жасанды интеллектінің қандай қаупі бар?
Фото: © Pixabay.com 25.12.2023 14:00 2615

Жасанды интеллект пайда болғалы бері адамзаттың өмірі әлдеқайда жеңілдей түсті. Себебі ол адамның ойына келе бермейтін техникалық қабілетке ие. Бұл жасанды интеллект бүгінде заман ағымына сай қарқынды дамып келеді. Тіпті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында жасанды интеллектінің қоғамдағы маңызын атап өтіп, оны дамыту ісіне ерекше көңіл бөлу керек екенін айтқан болатын, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуы тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы биыл қазан айында өткен Digital Bridge 2023 форумында Қазақстан жасанды интеллектінің қолдану аясын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдайтынын жеткізген еді.

Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында.

Біз осы ретте, «жасанды интеллект деген не?», «ол қалай дамып келе жатыр?», «ChatGPT-дің ерекшелігі неде?» деген сынды түрлі сауалдардың жауабын қарастыра отырып, арнайы сарапшы маманмен пікір алмастық.  

Жасанды интеллект деген не?

«Жасанды интеллект» терминін алғаш рет 1956 жылы америкалық бағдарламашы Джон Маккарти АҚШ-тың Дартмут колледжінде өткен ғылыми конференцияда қолданды. Ол компьютерлік бағдарламалаудағы ең алғашқы тілдердің бірі Лисптің негізін салған. Сөйтіп, жасанды интеллект академиялық сала ретінде енгізілді. Осы кезден бастап оған деген қызығушылық арта түсті.

Жалпы «жасанды интеллект» деп адамға ұқсас қызмет атқара алатын  кез келген машиналар мен жүйелердің әрекетін атайды. Мәселен, біз бүгінде тұрақты түрде қолданып жүрген ұялы телефон, компьютер, Google Chrome, Explorer, Yandex, Opera сынды түрлі браузерлер, әлеуметтік желілер мұның бәрі- бәрі интеллектке жатады.

Аталмыш саланы 5 жыл бойы зерттеп келе жатқан промпт-инженер Жарас Әбішов бұл жасанды интеллекттің адамға деген пайдасы мол екенін айтады.

Оның бізге берер пайдасы өте көп. Қазіргі таңда жасанды интеллект кез келген мәліметке қол жеткізу, сұраныстағы мәтінді жазып беру, оны аудару сияқты әртүрлі мүмкіндіктерді ұсына алады. Тіпті жасанды интеллект әлдеқашан табыс көзін табу құралына да айналған. Мысалы YouTube канал жүргізу, тапсырысқа дизайн сызу, фрилансер болудың арқасында ақша табуға болады, - дейді Жарас Әмірханұлы.

Жасанды интеллекттің адамзатқа қаупі

Кез келген дүниенің оң және теріс әсері болады. Сол сияқты жасанды интеллектіге де қатысты екі ұшты болжам бар. Бұл  туралы мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қозғаған еді.

Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ, - дейді президент Digital Bridge 2023 форумында.

Демек, ЖИ адамзатқа тигізер әсері қандай болатыны әлі де белгісіз. Сол себепті де Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет екенін айтады.

Ал Жарас Әмірханұлы болса, ЖИ-дің болашақта адамның орнын басып алуы мүмкін деген болжамға келген.

Жасанды интеллект біртіндеп кейбір мамандықтардың орнын алмастыру арқылы болашақта адамдардың жұмыссыз қалуына себеп болуы әбден мүмкін. Копирайтердің өзін алатын болсақ, оның алдағы уақытта бізге қажеті де болмай қалады. Бұған себеп интеллектінің бүгінде жазуды жоғары деңгейде игеріп алғандығында, - дейді сарапшы.

Сарапшының сөзінше, қазірдің өзінде Америкадағы бірқатар маман иелерінің орнын ЖИ алмастырып алған.

ChatGPT-дің ерекшелігі

Жасанды интеллект тақырыбын қозғағанда ChatGPT туралы айтпай кету мүмкін емес. ChatGPT ол – американдық OpenAl компаниясының 2022 жылдың 30 қараша күні іске қосқан нейрондық желісі. Онымен адам сияқты сөйлесуге, диалог құруға, тапсырма беруге және тағы да басқа әрекеттерді жасауға болады.

Аталған чатбот қосылған сәттен бастап бүкіл әлемді шулатты деуге негіз бар. Себебі небәрі 5 күннің ішінде қолданушылар саны 1 миллионнан асса, 2 айдың ішінде 100 миллион адамды жинап, әлемдік рекорд орнатты.

ChatGPT-ді қолдануға қызығушылық танытқан оқырмандарға бар болғаны chat.openai.com сайтына кіріп, gmail сияқты поштамен тіркелу қажет.

Жүйеге кіргеннен кейін ChatGPT-мен сөйлесуге болады. Бұл чатбот әлі де зерттеліп жатқандықтан, оны пайдалану әзірге тегін.

ChatGPT-дің статистикасына сүйенсек, чатбот бүгінде әлемнің 193 елінің 161-інде қолжетімді және онда 95-тен астам тіл бар. 2023 жылдың қаңтар айының өзінде оның ресми сайтына 616 миллионнан астам кірген.

Сарапшы Жарас Әбішов аталған чатботтың қазақ тілінде жақсы жұмыс істейтінін айтады.

ChatGPT басында қазақ тілінде дұрыс жұмыс істемейтін еді. Ал қазір ол жоғары деңгейге көтеріліп, жетілді деуге болады. Әрине еліміздің әртүрлі облысының өзіндік диалект сөзі болғандықтан, чатботты 100 пайыз бізді түсінеді деп айта алмаймын. Десе де ChatGPT қазір қазақ тілін 90 пайыз біледі деп ойлаймын, - деді промпт-инженер.

Оған қоса Жарас Әмірханұлы ChatGPT-ден қандай сұрақтарға жауап ала алмайтынымызды атап өтті.

Чатбот көп сұраққа жауап береді. Десе де оның жауап бермейтін шектеулі сауалдары бар. Мысалы ол болашақты болжамайды, интимге, адам өлтіруге қатысты қоғамға кері әсерін тигізетін сұрақтарға жауап бермейді, - деді сарапшы.  

Жасанды интеллект саласының  дамуы

Қазіргі таңда ЖИ-дің қарқынды дамып келе жатқаны сөзсіз. Тіпті бүгінде елімізде іске асырылып жатқан жасанды интеллект саласының бірқатар жобалары бар. Бұл туралы ақпаратты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеген болатын.

Қазақстанда қазірдің өзінде денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, смарт қалалар сияқты түрлі салаларда алгоритмдер мен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы денсаулық сақтау саласында Cerebra (инсульт белгілерін диагностикалауға көмектесу), Aident (ортодонт дәрігерлеріне көмек), Smart ECG (электрокардиограмманы қашықтан интерпретациялау), PneumoNet жүйесі (өкпенің он жеті патогенді ауруын анықтау) сияқты жобалар бар. Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал болды, - делінген министрліктің жауабында.

Сондай-ақ Еңбекті және халықты әлеумметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2030 жылға қарай еліміздегі бес саланың қызметтерін «жасанды интеллект» алмастыруы мүмкін. Атап айтқанда, алдағы уақытта ауыл шаруашылығындағы қорап ораушылар, құрылыстағы шыны кесушілер, машина жасайтын қоймашылардың қажет болмай,  мұнай-газ өндірісінде операторлар пилотсыз дрондарға ауыстырылады. Сөйтіп, ЖИ біртіндеп кейбір мамандықтардың орнын алмастырады.

Ал промпт-инженер Жарас Әбішов болса, жасанды интеллект саласы болашақта одан әрі дами түсіп, адамдарды тіптен таңғалдыратын болады деген пікірде.

Бүгінде жасанды интеллект уақыт өткен сайын дами түсіп жатыр. Интеллекттің бағдарламаларының өзі түрлі бағдарламаны ойлап табуда. Мен оны адамнан да ақылды дер едім. Болашақта көптеген оқу орындары жабылуы мүмкін. Өйткені жасанды интеллектте сабаққа қатысты барлық дүниенің жауабы бар. Оның тілін білген кейбір студенттер тапсырмаларын орындап, тіпті дипломдық жұмысын осы ЖИ арқылы жазып шыққан, - дейді сарапшы.

Қорытындылай келе, жасанды интеллектінің адамзатқа әкелер оң және теріс әсерін саралай отырып, оны дұрысынан пайдаланар болсақ, бізге пайдасын тигізетіні сөзсіз деген тұжырымға келдік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға