Жасанды интеллект жануарлардың сезімін түсінуді үйренді
Мысықтардың пырылдауы ескерту қызметін атқарса, иттер әдетте қуанышын құйрығын бұлғап білдіреді. Алайда көп жағдайда адамға жануардың нақты не сезінгенін түсіну қиын, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Scientific Reports журналында жарияланған мақалада миландық зерттеушілер бұл мәселенің шешімін тапқаны жазылған: олардың жасаған жасанды интеллект үлгісі шошқадан бастап ешкі мен сиырға дейін жеті түрлі тұяқтылардың дыбыстық сигналдарының эмоциялық реңкін анықтауды үйренді.
Белгілі болғандай, теріс эмоциялар көбіне орта және жоғары жиіліктегі дыбыстарда көрініс табады, ал оң сигналдар біркелкі таралған. Сонымен қатар әр түрдің «эмоция кілті» әртүрлі: мысалы, шошқаларда жоғары жиіліктер аса маңызды болса, қой мен жылқыларда – орташа диапазон ерекшеленеді.
Зерттеудің авторы Ставрос Нталампирастың айтуынша, оның алгоритмі адам құлағы қабылдай алмайтын ең ұсақ акустикалық ерекшеліктерді де ажырата алады. Бұл жануарлардың денсаулығы мен әл-ауқатын бақылаудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Технологияның болашағы кең. Мысалы, фермерлер малдың күйзеліске түскенін ерте байқап, алдын ала шара қолдана алады. Зоологтар жабайы табиғаттағы популяциялардың жағдайын қадағалайды, ал зообақ қызметкерлері жануар мінез-құлқындағы өзгерістерге көзге көрінетін белгілер шықпай тұрып-ақ жауап қайтара алады.
Осыған ұқсас зерттеулер жануарлардың басқа түрлеріне де жүргізіліп жатыр. Мәселен, АҚШ ғалымдары Ceti жобасы аясында кашалоттардың шығаратын «шертпе» дыбыстарын талдап, олардың «сөйлеуіндегі» әлеуметтік кодтарды табуға тырысуда. Иттер де осындай жобалардың нысанына айналды: AI олардың ым-ишаратын, үргенін және құйрық қимылдарын эмоциялармен байланыстырып қана қоймай, иесінің эпилепсиялық ұстамасының алдын ала белгілерін анықтауға көмектесуде. Алгоритмдер сонымен қатар аралардың тағам көзіне апаратын бағытты көрсететін «билерін» сәтті талдай алады.
Алайда зерттеушілердің айтуынша, мәселе жануарлардың «тілін» адам тіліне аударуда емес, заңдылықтарды анықтау жайлы. Күрделі мінез-құлық палитрасын «жақсы-жаман» сияқты бинарлы категорияларға сыйғызуға тырысу қателікке әкелуі мүмкін.
Мәселе – жануарларды қаншалықты дәл тыңдай алуымызда емес, сол ақпаратты қалай қолданатынымызда, – дейді ғалымдар.

