Жаңалықтар

Жасанды интеллект және кинематографияның болашағы

Жасанды интеллект және кинематографияның болашағы
Фото: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 25.10.2023 06:31 897

Белгілі режиссер Тимур Бекмамбетов Астанадағы Digital Bridge 2023 цифрлық форумында өзінің жаңа жобасы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол сюжеті жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген бұл фильм кинематографиялық әлемге өзінің жаңа идеялары арқылы тың серпіліс алып  келетініне сенімді.

Қазіргі таңда ЖИ кинематографияның басты өзегіне айналып келеді, Тимур Бекмамбетов те бұл тақырыптан тыс қала алмады. Осы орайда, режиссер журналистерге жаңа фильмнің астарында ЖИ-дің барлық адамды қалай бағалап, төрелік айта бастайтыны жатқанын жеткізді. Мұндай қызықты идея адамзаттың болашағы және ондағы ЖИ-дің рөлі туралы философиялық таным көкжиегін кеңейтуге жол ашады.

Бұл жобаның ерекшеліктерінің бірі – режиссердің Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сарапшыларымен кеңесуінде. Осы орайда, ҚР ЦДИАӨМ құқықтану және сот ісін жүргізу процестері қазіргі цифрлық мемлекетке қалай интеграцияланатыны  туралы құнды мәліметтер ұсынды. Мұндай серіктестік сөзсіз, фильмді маңызды ақпаратпен байытып қана қоймай, оған шынайылық берері анық.

Бүгінгі таңда ЖИ-дің даму қарқыны үкіметтерден технологияның дамуы мен олардың қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауды талап етеді. Адамдар ЖИ-мен барынша көп біте қайнасып келеді, сондықтан мұндай үрдістен мамандар мен халық та сырт қалмай, оларды да дайындау аса маңызды. Осы тұрғыда, ЦДИАӨМ  Оқу-ағарту, Жоғары білім және ғылым министрліктерімен, сондай-ақ, ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, оқытушыларды қайта даярлау және студенттерді ақпараттық технологиялар (АТ) саласына ынталандыру бойынша жұмыс жүргізеді.

Сондай-ақ, ЦДИАӨМ ЖИ саласындағы ғылыми зерттеулерді, оның ішінде басым бағыттарды және ЖИ әзірлемелері мен алгоритмдеріне инвестициялар тартуды ынталандырудың маңызы зор деп есептейді. Бұл сонымен қатар, ЖИ нарығының өсуіне және АТ қызметтерінің экспортына да ықпал етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның түрлі салаларында ЖИ-дің белсенді дамуы мен қолданылуын көрсететін бірқатар жобалар іске асырылды:

Қазақ тілін дамыту: Бірнеше жоғары оқу орны қазақ тілі корпусын әзірлеу бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Әл-Фараби ҚазҰУ, ЕҰУ «Жасанды интеллект» ҒЗИ, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ және «Астана» ITU осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде.

Nazarbayev University Ақылды жүйелер және Жасанды интеллект институты: 4 жобаны, оның ішінде қазақ тіліндегі сөйлеу корпусын, Қазақстандағы атаулы ұйымдарды тануға арналған деректер жинағын және сөйлеуді танудың бірлескен моделін, қазақ тіліндегі мәтінді сөйлеу тіліне айналдыру үлгілерін әзірлеуге арналған деректер жинағын жүзеге асырды.   

Smart City: Бірнеше жоба ақылды қалаларды, оның ішінде қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйелерін, ситуациялық орталықтарды, бейнемониторинг жүйелерін және қалалық инфрақұрылымға арналған интеллектуалды ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерді дамытуға бағытталған.

Өнеркәсіп: Өнеркәсіптік автоматтандыру, цифрландыру және мұнай өңдеу мен қаржы саласын қоса алғанда, әртүрлі индустрияда жасанды интеллектті пайдалану саласындағы жобалар.

Қаржы: Несиелік скоринг және несиелеу үшін жеткіліктілік деңгейін бағалау саласындағы жобалар.

Қызметтер: Sulpak чат-ботында жасанды интеллектті пайдалану, сондай-ақ, Kolesa.kz және Krisha.kz. сынды әртүрлі сайттардағы алаяқтық сипатындағы хабарландыруларды анықтау.  

Бекмамбетов сонымен қатар, кейіпкерлердің образдарын жасау және өз жобаларына сценарий жазу кезінде жоғары технологиялық құралдарды белсенді түрде қолданатынын атап өтті. Ол ЖИ қазіргі заманғы кинорежиссерлер үшін сценарий дайындауға мен шығармашылық процеске көмектесетін қуатты құрал деп санайды.

Тимур Бекмамбетовтың ЖИ туралы фильмі көрермендерді шабыттандырып қана қоймай, технология мен өнердің болашағы туралы маңызды пікірталас туғызары анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға