Жасанды интеллект саласындағы әлемдік эксперт Ли Кай-Фу NU-дың өнімдеріне жоғары баға берді
11 қаңтарда Nazarbayev University-ге (NU) ғылым докторы, ғалым, венчурлік инвестор, жасанды интеллект саласында әлемдік деңгейде мойындалған сарапшы әрі белгілі бизнесмен Ли Кай-Фу келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қадірлі қонақты NU президенті доктор Вакар Ахмад пен вице-президент Дархан Біләлов қарсы алды.
Доктор Вакар Ахмад бірінші кезекте тайваньдық кәсіпкерді университеттің инфрақұрылымымен таныстырып, мастер-планның макетін көрсетті. Әрі қарай әлемдегі бірінші сөздік қоры мол сөз тану жүйесінің құраушысы NU жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) инновациялық өнімдерімен танысты. Оған тұңғыш қазақ тілі моделі – KazLLM мен көпфункционалды қазақстандық қосымша – Soyle App көрсетілді. ISSAI директорының өнім және сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары аға талдаушы Мадина Әбдірахманова Ли Кай-Фу мырзаға осы жобаларды жүзеге асыруда қолданылған технологиялар, олардың ерекшеліктері және Институттың өнімдерін әрі қарай дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ ISSAI-дың Қазақстанда жасанды интеллектті дамытудағы рөліне, компьютерлік көру, қосымша және виртуалды шындық сияқты салалардағы едәуір прогресске тоқталды. Сонымен қатар бас директор профессор Хусейн Атакан Варол алдағы уақытта ынтымақтастыққа ашық екенін және ортақ жобаларды талқылауға әзірлігін білдірді.
Өз кезегінде Ли Кай-Фу ISSAI жобаларының сапасына таңданып, деректерді жинаудың шын мәнінде қиын екенін атап өтті. Ол команданы осындай жетістіктерімен құттықтап, болашақ ынтымақтастық мүмкіндіктерін айтты. Кездесу соңында доктор Ли университетке алдағы мақсаттарға жету кезінде сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Ли Кай-Фу Apple, Microsoft және Google сияқты ірі технологиялық компанияларда басшылық қызметтерді атқарған. Ол сондай-ақ Google China президенті болған, Sinovation Ventures атты венчурлік фирманың негізін қалаған. «AI Superpowers: Cina, Silicon Valley, and the New World» бестселлерінің авторы.