©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Жасанды интеллект қандай мамандықтарды алмастыра алмайды?

Жасанды интеллект (ЖИ) еңбек нарығын өзгертіп жатыр дегенімізбен, жұмысшы мамандықтар арасында автоматтандыруға төтеп беретіндері әлі де бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соңғы деректерге сәйкес, қазіргі таңда АҚШ-тағы жұмыс орындарының шамамен 3%-ы ғана толықтай ЖИ-мен алмастырылуы мүмкін, ал ұзақ мерзімде бұл көрсеткіш 27%-ға дейін жетуі ықтимал. McKinsey сараптамасы бойынша, 2030 жылға қарай 375 миллион жұмыс орны жоғалуы мүмкін, бірақ сонымен қатар шамамен 97 миллион жаңа жұмыс пайда болады. Бұл жаңа орындарда машиналар адам еңбегін толықтырып, бірақ толығымен алмастырмайды.

«Мигрант Сервис» платформасының директоры Андрей Кладовтың gazeta.ru басылымына берген сұхбатында адам еңбегінің рөлі шешуші болып қалатын салаларды атады. Кладов бес негізгі бағытқа тоқталған.

Құрылысшылар – үнемі өзгермелі жағдайда жұмыс істеп, ерекше шешім қабылдай білуі қажет.

Шатыр жабушылар – биіктікте қауіпті жағдайда еңбек етіп, тәуекелді тез бағалай білуі керек.

Сантехниктер мен электриктер – тәжірибе мен түйсігіне сүйенеді, мұны алгоритмдер қайталай алмайды.

Өрт сөндірушілер – күтпеген жағдайда жедел әрекет етіп, адам өмірін құтқаруға міндетті.

Қиын жағдайда жүретін жүргізушілер (нашар жолдарда немесе көріну шектеулі аймақта еңбек ететін жүк көлік жүргізушілері) – мұндай міндеттерді әзірге тек адам шеше алады.

Microsoft зерттеуіне сәйкес, физикалық еңбек пен адамдармен тікелей қарым-қатынасқа байланысты мамандықтады ЖИ-мен алмастыру қиын.

ЖИ деректерді өңдеуде және күнделікті жұмыстарда жақсы болғанымен, физикалық қатысуды, креативтілікті және эмоциялық интеллектті қажет ететін салаларда дәрменсіз. Бұл бағыттарда адамды ауыстыру өте қиын, – деді Кладов.