Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын қалай жеңілдетеді?
Жасанды интеллект бүгінде өмірдің барлық саласына еніп, қоғам дамуының ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, білім беру жүйесінде оның рөлі жыл сайын артып келеді. Мұғалімдер оқыту процесін жеңілдетіп, сабақ сапасын арттыру үшін түрлі ЖИ құралдарын тиімді қолдануда. Бұл технология оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, танымдық қызығушылығын оятуға да ықпал етеді. Білім беру саласын цифрландырудың жаңа мүмкіндіктері туралы Sandu Education оқу орталығының негізін қалаушы, ЖИ сарапшысы Сандуғаш Сейітқалиевамен әңгімелестік.
Мектеп мұғалімі қалай ЖИ-ды табыс көзіне айналдырды?
Сандуғаш Сейітқалиева 2010-2015 жылдары Ақтөбе қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы №14 мектепте «Тарих және өзін-өзі тану» пәнінен сабақ берген. Кейін 2015-2022 жылдары Мұғалжар ауданының Алтынды ауылындағы жалпы орта білім беру мектебіне ауысып, осы өңірдің оқушыларын тәрбиелеумен айналысты. Қазір ол ұстаздық қызметтен шығып, Ембі қаласында Sandu Education оқу орталығын басқарады. Осы кәсібін жалғастыруға сүйіспеншілік танытқан Сандуғаш мектепке қайта оралу ойында жоғын айтты.
Қазір Ембі қаласында өзімнің шағын оқу орталығым бар. Онлайн ұстаздарға білім беремін. Мектепке қайта орналасу ойымда жоқ. Өйткені қазіргі кәсібім ұнайды, табысым да жақсы, – деді ол.
Жасанды интеллект сарапшысы сабақ кезінде қолданатын көрнекі құралдарын жасап, оларды пайдалы өнімге айналдыруды ойластырған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мектепте жүріп көрнекіліктер жасап, табыс тауып жүрдім. Қызықты әдіс-тәсілдерім арқылы балаларға пайдалы бола отырып, өз кәсібімді оқу орталығы арқылы жүргізіп көрейін деген идея – осы көрнекіліктер арқылы келді, – деді ол.
Бүгінде Sandu Education орталығы бастауыш сынып оқушыларын қосымша сабақ арқылы оқытуға бағытталған.
Сандуғаш Сейітқалиева мұғалімдерге арнап жаңа идеялар мен жобалар әзірлеу арқылы кәсібін кеңейтуде. Қазіргі кезде ол жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып мектеп мұғалімдеріне тапсырыспен ашық сабақ пен семинарларға арналған материалдар дайындайды, конкурстар мен байқауларға қажетті баяндамалар мен жобалар жасайды.
Қазіргі таңда ұстаздарға білім беру, яғни онлайн курстар арқылы, тапсырыспен түрлі жобалар арқылы табыс табамын, – деді Сандуғаш.
Сонымен қатар ол цифрлық құралдарды, ЖИ сервистерін де нөлден бастап үйретеді.
Сандуғаш алғашқы табысын 2023 жылдан бастап тапқанын айтты. Ол әртүрлі платформалар мен сурет генерациялау құралдарын пайдаланып, онлайн курстар жасап, оны коммерциялық жобаға айналдырды.
Білім беру жүйесінде жасанды интеллект мүмкіндіктері
Сандуғаш Сейітқалиева жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне енгеннен бері үлкен серпіліс әкелгенін айтады. Оның ойынша, ЖИ әр оқушыға дербес оқыту траекториясын ұсына алады, бұл қабілет пен деңгейіне сай тапсырмаларды игеруді жеңілдетеді. Сонымен қатар, жасанды интеллект бағалау мен кері байланысты автоматтандырады: мысалы, тест нәтижесін бірден шығарып, қателерді талдауға көмектеседі. Бұл мұғалімнің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Ол бұл мүмкіндіктерді былайша тұжырымдады:
- Жеке оқыту траекториясы: ЖИ әр оқушының деңгейі мен қабілетіне сай тапсырмаларды беруге мүмкіндік береді.
- Бағалау мен кері байланыс: Тест нәтижесін бірден шығарып, қателерді талдау арқылы кері байланысты автоматтандыруға болады.
- Ұстаз жүктемесін азайту: Құжаттар, кестелер, сабақ жоспары мен презентацияларды дайындау сияқты жұмыстарды ЖИ арқылы жылдам жасауға болады.
- Цифрлық сауат пен шығармашылық: ЖИ цифрлық сауат пен креативті ойлауды дамытуға ықпал етеді.
- Қашықтан және аралас оқыту: Интерактивті контент, виртуалды тәжірибелер мен AR/VR сабақтары арқылы қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыруға болады.
Ұстаздарға арналған жасанды интеллект құралдары
Жасанды интеллект сарапшысы мұғалімдерге өз жұмысын жеңілдету үшін білім берудегі ЖИ құралдарын кеңінен қолдануды ұсынады. Мысалы, сабақ жоспары мен оқыту әдістерін құрастыру кезінде ChatGPT немесе Copilot сияқты құралдарды қолдану тиімді. Ұстаз бұл жүйелерден сабақтың идеясын, сценарийін, тапсырмаларын немесе тесттерін жасай алады. Оқу материалдарын оқушының жас ерекшелігіне қарай бейімдеу үшін де жасанды интеллект пайдалы. Мәтінді жеңілдетіп жазу, аударып беру немесе визуализациялау арқылы әр оқушыға оңай әрі түсінікті түрде жеткізуге болады.
Оқытушылар сондай-ақ Canva, Pictory, Synthesia сияқты сервистер арқылы презентациялар мен бейнематериалдар дайындай алады. Бұл құралдар қарапайым слайдтар мен сөздік түсіндіруден гөрі тартымды және интерактивті контент жасауға мүмкіндік береді. Автоматты бағалау үшін Quizizz, Google Forms пен ЖИ анализаторларын бірге қолдану арқылы тест нәтижелерін жылдам талдауға болады.
Дегенмен, технологияларды қолданғанда бірнеше маңызды қағиданы ұмытпау керек:
- Деректер қауіпсіздігі мен құпиялылығы: Онлайн платформаларда оқушылардың жеке мәліметтерін қорғау бірінші кезекте болуы қажет.
- Мазмұн мен мақсаттың сәйкестігі: ЖИ-дың берген жауаптарын әрдайым тексеріп, сабақтың мақсаты мен мазмұнына сай келуін қадағалау керек.
- Ұстаз – басты тұлға: ЖИ мұғалімнің көмекшісі ғана, оның орнын алмастыра алмайды. Шешім қабылдау мен креативті әдістерді таңдау педагогтың өзіне тән міндеті.
Сандуғаш Сейітқалиева ұстаздарға ұсынылатын маңызды сервистерді де атап өтті:
- ChatGPT/Gemini: сабақ идеяларын ойлап табуға, сұрақ-жауап жасауға, эссе немесе тест дайындауға арналған.
- Canva/Adobe Express: инфографика, слайд, плакат немесе постер жасауға арналған.
- Pixverse: видео сабақтар мен таныстыруларды жасауға арналған құрал.
- ElevenLabs/Play.ht: мәтінді дауыстап оқып, аудио нұсқа жасауға арналған сервис.
Ауыл мұғалімдерінің мүмкіндігі
Сандуғаш Сейітқалиева ауылдық және қалалық мектептердің мұғалімдері цифрлық құралдарды меңгеруге бірдей ынталы деп есептейді. Оның пікірінше, басты кедергі – интернеттің сапасы мен қолжетімділігі.
Өзім де ауылда тұрып цифрлық құралдарды меңгергендіктен ауыл немесе қала деп бөлгім келмейді. Білім алғым келеді десең, жолы да көп, – деді ол.
Алайда интернет жылдамдығының төмендігі кейде қиындық тудыратынын айтады. Әлсіз желі жағдайында 5 минутта бітетін жұмысты 1 сағаттан астам уақыт жұмсауға тура келеді.
Оқушылар мен ЖИ: артықшылықтары мен қауіптер
Жасанды интеллект оқыту үдерісінде оқушылардың тәуелсіздігін және шығармашылығын дамытуға ықпал етеді. Сандуғаш балаларда келесідей артықшылықтар пайда болатынын атап көрсетті:
- ЖИ балалардың өзін-өзі бақылап, білімдерін шыңдауға үйретеді. Олардың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін жақсартады;
- Оқушылар топтық жұмыс арқылы ақпаратты бірге жинастырып, ұжымдық жұмыс дағдыларын қалыптастырады;
- ЖИ әдісі балалардың дербестігін арттырады, өйткені олар өз бетімен ақпарат жинап, зерттеп, білімін толықтыра алады;
- Ақпаратты саналы түрде қайта қарауға мүмкіндік береді: балалар тапсырманы өздері орындап, жауабын тексергенде білім жақсы сақталады;
- Топтық жұмыс барысында әртүрлі идеялар мен көзқарастар ұсынылады, бұл балаларға жаңа түсініктерге жол ашады;
Сонымен қатар жасанды интеллектті пайдалану кезінде бірнеше қауіп-қатер туындауы мүмкін:
- Уақыт тапшылығы: ЖИ әдісі кейде сабаққа артық уақыт жұмсалып, басқа бөлімдерге әсер етуі мүмкін;
- Топтық жұмыста теңсіздік: топтағы кейбір балалар өзге балалардың еңбегіне арқа сүйеуі ықтимал;
- Мазмұнның қателігі: егер ақпарат дұрыс талданбаса, қате түсініктер пайда болуы мүмкін;
- Тұрақсыз нәтиже: әр оқушының жеке жұмысына тәуелділік болғандықтан, нәтиже тұрақты болмауы мүмкін.
Сарапшының пікірінше, аталған артықшылықтар мен қауіптерді ескере отырып, мұғалімдер сабақ құрылымы мен тапсырмаларды мұқият жоспарлауы қажет.
Оқушылардың жасанды интеллектпен үй тапсырмасын орындауы
Соңғы кезде жасанды интеллект оқушылардың үй тапсырмасын дайын күйінде орындауға ықпал ететіні туралы пікірлер жиі айтылып жүр. Сандуғаш Сейітқалиева бұл жағдайға алаңдайды. Ол қазіргі кезде оқушылардың көпшілігі тапсырманы өз бетінше ойланбай орындауға әдеттеніп, алдымен ChatGPT-ке жүгінетінін айтты.
Қазір балалардың басым көпшілігі ойланудан қалды. Үй тапсырмасын ChatGPT жасап беретін болды, – деді ол.
Оның пікірінше, жасанды интеллект – тек көмекші құрал ғана болуы тиіс.
Кез келген адам ЖИ-ды тек көмекші құрал ретінде ғана пайдалану керек, – деді ол.
Сондай-ақ ол ата-аналарға да кеңес берді.
Әр ата-ана баласына ЖИ-ды дұрыс мақсатта қолдануды үйретуі тиіс. Олардың да бұл технологиядан хабары болуы керек, – деді ол.
Оқушылардың өздігінен ойлау мен талдау дағдыларын төмендетпей, ЖИ-ды тиімді қолдану үшін Сандуғаш Сейітқалиева мынадай бірнеше әдістер ұсынады:
- ЖИ-ды көмекші құрал ретінде пайдалану: Жасанды интеллект оқушылардың өз пікірін қалыптастыруына көмекші болуы керек. Мысалы, оқушы ЖИ-ға сұрақ қойып жауап ала алады, бірақ бұл жауап мәселені түсіндіру үшін қосымша материал ретінде қолданылуы тиіс. Осылайша оқушы мәселенің шешу жолдарын өзі іздеуге талпынады.
- Ақпаратты жинақтау және талдау: ЖИ зерттеу жұмыстарына пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, белгілі тақырып бойынша мәліметтер жинап, оларды менталды карта немесе диаграмма түрінде бейнелеу кезінде ЖИ оқушыларға қажетті ақпаратты ұсына алады. Бұл әдіс оқушыларға ақпаратты жүйелеуді және мазмұнды түсінуді жеңілдетеді.
- Топтық жұмыста қолдану: Оқушылар ЖИ көмегімен топтық пікірталас жүргізіп, түрлі көзқарастарды салыстыра алады. Топтық зерттеу жобаларын дайындау кезінде әр оқушыға тапсырма беру арқылы олар тақырыпты ЖИ арқылы бірге зерттейді.
- Өзін-өзі бағалау және рефлексия: ЖИ оқушыларға өз жұмыстарын тексеріп, қателерін табуға көмектеседі. Бұл оларға тапсырманы қайта қарап, қай жерде қате жібергенін түсінуге мүмкіндік береді.
- Жеке тапсырмалар мен жобалар: Әр оқушының қабілетіне қарай жеке тапсырмалар мен жобалар дайындау арқылы оқу процесін бейімдеуге болады. ЖИ әр оқушының деңгейіне сәйкес жаттығулар ұсына отырып, олардың оқу қарқынын өздігінен реттеуге мүмкіндік береді.
- Сын тұрғысынан ойлауды дамыту: ЖИ түрлі шешім жолдарын ұсына алады, ал оқушылар оларды салыстырып, талдап, ең тиімді шешімді таңдауды үйренеді. Мұндай тәжірибе олардың креативті және логикалық ойлауын дамытуға көмектеседі.
- Шығармашылық тапсырмалар: ЖИ шығармашылық жұмыстарды орындауға пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, оқушыларға ертегінің желісі бойынша сценарий жазуды тапсырса, олар өз идеяларын ЖИ көмегімен кеңейте алады.
Осы тәсілдердің барлығы оқушылардың өз бетімен ойлауын және шығармашылығын арттыруға бағытталған, – дейді жасанды интеллект сарапшысы.
ЖИ көмегімен мультфильм жасау
Сандуғаш Сейітқалиева жасанды интеллектінің көркем шығармашылыққа әсеріне де назар аударады. Ол оқушыларға сабақ тақырыбын визуализациялау үшін мультфильм жасауды үйретеді. Мысалы, кейде сабақ тақырыбын ашу мақсатында оқулықтағы күрделі мәтінді балаларға мультфильм арқылы көрсетеді. Бұл тәсіл қиын тақырыптарды көзбен көріп түсінуге көмектеседі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазіргі таңда қазақ ертегілерінің мультфильмдері аз және олардың көпшілігі қазіргі заманғы балаларға қызық емес. Ал ЖИ көмегімен мұндай ертегілерді қызықты әрі тартымды түрде өңдеуге болады, – деді ол.
Сандуғаш мультфильм дайындау балалардың шығармашылық қабілетін ашуға таптырмас құрал екенін айтты. Мысалы, сабақ тақырыбын мультфильм арқылы түсіндіру балалардың қызығушылығын арттырып, оқу процесін жеңілдетеді.
Жасанды интеллект адамның орнын баса ала ма?
Сандуғаш Сейітқалиева адам ақылының маңыздылығын атап өтті.
Әрине, жасанды интеллект біздің ақыл-ойымызды ешқашан алмастыра алмайды. Ол тек шабыт беруші, креативті дамытушы құрал ғана, – деп сөзін қорытындылады жасанды интеллект сарапшысы.

