Жасанды интеллект ғылымды қаншалықты өзгерте алды?
Қазақстанда ғылым саласы соңғы жылдары жаңа қарқынмен дамып келеді. Зерттеу жүргізу тәсілдері өзгеріп, технология ғылыми үдерістің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе жасанды интеллект деректерді талдау, модельдеу және болжау бағытында ғалымдарға бұрын болмаған мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұл өзгерістер ғылымның сапасы мен жылдамдығына тікелей әсер етуде. Осы орайда ғылымның қазіргі бағыты, жасанды интеллекттің ықпалы және отандық зерттеулердің болашағы туралы «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қауымдастырылған профессоры, ғылыми қызметкер Ерік Шаленовпен әңгімелестік.
«Бұл марапатты бес жыл бойы күттім»
Биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғылым» номинациясы бойынша лауреат атанған ғалымдардың бірі – Ерік Шаленов. Оның айтуынша, бұл марапат – бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес, ұзақ жылдық еңбектің нәтижесі.
Бұл жаңалықты алғаш естігенде қатты қуандым. Себебі бұл марапатты бес жыл бойы күттім. Алғаш рет өтінім берген кезде 29 жаста едім және бұл – жас шектеуіне байланысты соңғы мүмкіндігім еді. Сол жылы бұйырмады. Кейін «Дарын» сыйлығының жас шектеуі 35-ке дейін ұзартылған соң, жыл сайын өтініш беруді жалғастырдым. Биыл осы марапатқа қол жеткізгеніме ерекше қуаныштымын, – дейді ол.
Ерік Шаленов бұл жетістік жастарға да үлкен мотивация болуы керек деп есептейді.
Жастарға ешқашан мойымау керек деп айтқым келеді. Мақсаттарыңызға сеніп, соңына дейін табандылық танытсаңыздар, биік шыңдарды бағындыра аласыздар, – дейді ғалым.
«Дарын» сыйлығы Ерік Шаленовке соңғы 13 жыл бойы үздіксіз жүргізіп келе жатқан ғылыми қызметі үшін берілген. Ғалымның зерттеу салалары қазіргі ғылымдағы ең өзекті бағыттардың қатарында.
Бұл марапат соңғы жылдары еңбек етіп келе жатқан ғылыми қызметім үшін берілді. Осы уақыт ішінде 200-ге жуық ғылыми мақала жарияладым. Оның шамамен 45-і Scopus және Web of Science базаларындағы импакт-факторлы журналдарда жарық көрді. Бірқатар мақалалар әлемдік рейтингтің топ 1% журналдарына енді. Зерттеулерімнің негізгі бағыттары – плазма физикасы, оптоэлектроника және фотовольтаика, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, бұл бағыттар тек теориялық емес, қолданбалы ғылым үшін де аса маңызды.
Жасанды интеллект ғылымды қалай өзгертеді?
Ғалымның айтуынша, бүгінде жасанды интеллект ғылымдағы процестерді түбегейлі өзгертіп отыр.
Қазіргі таңда жасанды интеллект ғылымның көптеген саласын жеделдететін қуатты құралға айналды. Медицинада – ауруларды анықтау мен дәрі жасауды жылдамдатады, материалтану мен физикада – жаңа материалдарды болжауға және күрделі процестерді модельдеуге көмектеседі, климатологияда – үлкен деректерді талдап, болжау дәлдігін арттырады, – дейді Ерік Шаленов.
Оның пікірінше, дерекке негізделген барлық ғылым саласы ЖИ-дың арқасында жаңа деңгейге көтеріледі.
Дегенмен ғалым жасанды интеллектіні қолдануда сақтық қажет екенін де ескертеді.
ЖИ қолданудың ең үлкен мүмкіндігі – үлкен деректерді адам мүмкіндігінен бірнеше есе жылдам талдап, жаңа гипотезалар мен ашылуларға жол ашуы. Ал ең қауіпті тұсы – деректердегі немесе алгоритмдердегі қателіктерге тәуелділік, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, жасанды интеллектіге шамадан тыс сенім арту адам бақылауының әлсіреуіне және этикалық мәселелердің туындауына алып келуі мүмкін.
Мемлекеттік қолдау бар, бірақ жетілдіретін тұстар жетерлік
Ерік Шаленов соңғы жылдары ғылым саласына мемлекет тарапынан қолдау артқанын атап өтті.
Соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру айтарлықтай өсті. Бірақ жетілдіруді қажет ететін мәселелер бар, – дейді ол.
Ғалым ғылыми жобалардың мерзімін ұзарту және басқару тетіктерін икемді ету маңызды деп санайды.
Ғылыми жобалардың мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту, жобаның орындалу уақытын келісімшарт жасалған күннен емес, нақты іске асырылуынан есептеу орынды болар еді. Сондай-ақ әлеуеті жоғары ғылыми жетекшілерге бірнеше жобаны қатар басқаруға мүмкіндік беру қажет, – дейді ол.
Студенттер ғылымға неге аз келеді?
Ғалым студенттердің ғылымға көзқарасы бірдей емес екенін жасырмайды.
Студенттердің бір бөлігі ғылыммен шынайы қызығушылықпен айналысып, ғылыми мансапты көздейді. Ал кейбірі бұл жолдың күрделі әрі табандылық талап ететінін түсініп, бастапқы кезеңде-ақ бас тартады, – дейді Ерік Шаленов.
Соған қарамастан, ғылымға шын берілген жастардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Ғалым қызмет ететін «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде» ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Соңғы жылдары университет ғалымдары республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар конкурстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Зертханалар жаңартылып, жас зерттеушілерге арналған гранттар көбейді, – дейді ол.
Университет жанындағы ғылыми-инновациялық орталықтар мен стартап алаңдар да жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Ерік Шаленов жастардың ғылымға келуі үшін жүйелі қолдау қажет деп есептейді.
Тұрақты қаржылай қолдау, заманауи зертханаларға қолжетімділік және жас ғалымдарға арналған гранттардың артуы өте маңызды. Сонымен қатар тәжірибелі ғылыми жетекшілердің менторлығы үлкен рөл атқарады. Мұндай қолдау ғылыми қызығушылықты арттырып, жас зерттеушілердің кәсіби дамуын жеделдетеді, – дейді ол.
Шетел зертханаларында зерттеу үдерісі ұзақ мерзімді
Ғалым Қазақстан мен шетел зертханаларының айырмашылығына да тоқталды.
Шетел зертханаларында зерттеу үдерісі ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтамасыз етіледі, басқару жүйесі ашық әрі нәтижеге бағытталған. Топтық жұмыс мәдениеті, тәуелсіз сараптау, ғылыми еркіндік және жас зерттеушілерді қолдау жақсы дамыған. Біздің елде осы тәжірибелерді енгізу – ашық ғылыми коммуникацияны арттыру, жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыру және халықаралық ынтымақтастықты күшейту – ғылымның сапалы дамуына ықпал етер еді, – дейді Ерік Шаленов.
Сондай-ақ оның пікірінше, зертханаларды жабдықтауға мемлекеттік қолдауды жүйелеу, заманауи құрылғыларды өңірлік ЖОО-ларға тең бөлу маңызды. Бірнеше университеттің бірлесіп ортақ зертханалық орталықтар құруы да ресурстарды тиімді пайдаланып, зерттеулер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

