Жасанды интеллект: Елордалық мұғалімдер жаңа технологияны қалай игеріп жатыр
Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні пайдалану арқылы оқыту әдістерін енгізу ісі жалғасып жатыр. «Келешек мектептері» осы тәжірибені алғашқылардың бірі болып іске асырып келеді. Бұл ретте Астана қаласындағы №107, №101, №99 және №104 мектептер базасында апробациядан өтіп жатқан жобада жасанды интеллект мұғалімдердің күнделікті жұмысын оңтайландыруға пайдаланылады.
Аталған білім ошақтарындағы педагогтер отандық жасанды интеллект құралдары - Roqed AI, Kashgari және Stem-solutions, Kahoot платформаларын пайдалануда. Сонымен қатар «RobotAI» мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, бақылау және тест нәтижелерін автоматты түрде бағалауға көмектеседі. Ал «Google Past» жүйесі оқушылардың материалды өз бетімен әзірлегенін немесе жасанды интеллектіні пайдаланғанын анықтайды. Аталған технологиялар мұғалімдер үшін сенімді көмекшіге айналуда.
Жасанды интеллект сабақтарды көрнекі және интерактивті ете отырып, әр оқушының қажеттіліктерін ескере отырып өткізуге мүмкіндлік берді. Соның арқасында мұғалімдер оқушымен көбірек жұмыс жасауға көңіл бөле алады, - дейді №107 мектеп директорының орынбасары Бекманат Жаңаберген.
Сонымен қатар, пилоттық жоба жүзеге асырып жатқан мектептерде «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект тақырыптары енгізілді. Сабақтар оқушылардың жас ерекшелігіне сай құрылып, бастауышта – қарапайым ұғымдар ойын арқылы түсіндірілсе, жоғары сыныптарда чат-бот құрастыру, деректерді талдау және этикалық кейстерді шешу секілді жобалық тапсырмалар қамтылған. Мұндай тәсіл оқушылардың сыни ойлауын, ақпараттық мәдениетін және технологияны пайдалануға жауапты түрде қарауға бағытталған.

