©El.kz/Амангүл Тілейқызы

Жасанды интеллект дәуірінде діннің рөлі қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Астанада VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Съезге делегат ретінде келген дінтанушы Кеңшілік Тышқанның айтуынша, VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – рухани келісім мен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды алаң. 

Бұл съезде құдайға бет бұрған азаматтардың ауызбіршілігі мен рухани жетілу мәселелері кеңінен талқыланып, Қазақстан үшін де, жалпы адамзат үшін де пайдалы шешімдер қабылданады деп сенеміз, – деді ол.

Сонымен қатар дінтанушы қазіргі заманның өзекті тақырыптарының бірі – дін мен жасанды интеллект мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, техника көптеген жетістіктерге жол ашқанымен, адам жүрегіндегі мейірім мен рухани сезімді алмастыра алмайды.

Жасанды интеллектіні қалай және қай жерде қолданатынымыз – үлкен жауапкершілік. Егер ол игілікке бағытталса, адамзатқа пайда әкеледі. Ал теріс мақсатта қолданылса, рухани және діни тұрғыдан да, адамгершілік тұрғысынан да салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан біз оның жақсы да, жаман да қырын айқындап, моральдық өлшемдермен қатар қарастыруымыз қажет, – деді дінтанушы.

Кеңшілік Тышқанның айтуынша, кейбір адамдар діни сауатсыздықтың кесірінен теріс ағымдардың ықпалына еріп кетуі мүмкін. 

Сол себепті дін мен технологияны ұштастыруда ең бастысы мәселе – рухани құндылықтарға сүйеніп, адамзат игілігіне қызмет ететін шешімдер қабылдау, – деді сарапшы.