Өскеменде балалардың жол қауіпсіздігін сақтауына бағытталған жас жол инспекторларының 10 күндік республикалық слеті аяқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірі мен Қырғызстаннан келген 200-ден астам оқушы қатысты.
ІІМ мәліметінше, слет екі форматта – республикалық және мемлекетаралық деңгейде өтіп, халықаралық мәртебеге ие болды. Бұл мәртебе Қырғызстан командасының ұйымдастырушылар шақыруын қабыл алып, қатысуының арқасында мүмкін болды. Нәтижелер республикалық және мемлекетаралық командалар арасында бөлек бағаланды. Мемлекетаралық жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үздік атанып, І орынға ие болды. Ал Қырғызстан Республикасының жас жол инспекторлары ІІ орынды иеленді.
Жас жол инспекторларының мерейтойлық слеті жолдағы қауіпсіздік жауапкершілік пен білімнен басталатынын көрсетті. Өскемен өңірінде осындай деңгейдегі іс-шараның өткені біз үшін абырой. Бізге өз деңгейімізде балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жобаларды қолдаймыз. Айталық, «Ақ жол» клубы өңірімізде қарқынды жұмыс істеп келеді», - дді ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
Жас инспекторлар арасындағы байқауда бірі жол ережесінің қыр-сырын мүлтіксіз меңгергенін дәлелдеп, білгір атанса, енді бірі сахна төрінде үгітбригада құрамында көркем сөзбен және үй тапсырмасын сахналап, жол қауіпсіздік ережесін насихаттады. Велосипедті мәнерлеп жүргізуде ептілігін көрсеткендер де, «Автоқалашықта» шынайы өмірдегідей сенімді жүріс танытқандар да табылды. «Жас реттеуші» байқауында балалар жол қиылысының қақ ортасында тәртіп орнатса, «Білгірлер турнирінде» білімдерімен, «Жас санитар» сайысында алғашқы көмек көрсету дағдыларымен ерекшеленді.
Нақты көрсеткіштерге сүйенсек, жол апатынан қаза болатын балалар саны аз емес. Айта кету керек, бүгінде жыл сайын олардың саны сайын азаюда. Бірақ балаларымыздың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, олар жол ережесін білуі тиіс. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінгі слет осы жұмыстардың түйіні десек болады. Слет аясында оқушылар арасында практикалық жаттығулар ұйымдастырылып, жол ережесін білу бойынша бірнеше байқаулар өтті. Негізгі мақсат – балаларды қызықтыру, олардың тілімен ақпаратты жеткізу, - деді Қазақстан ІІМ ресми өкілі Ақтоты Боранова.
Сонымен слет қорытындысы бойынша І орын Қостанай облысының жас жол инспекторлары отрядына бұйырды. ІІ орынды Ақмола және Қарағанды облыстарының жас жол инспекторлары отряды алса, ІІІ орынды Алматы қаласы, Абай облысы және Солтүстік Қазақстан облысының командалары иеленді.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар: гироскутерлер, ноутбуктар, планшеттер, смарт-сағаттар, телескоптар және басқа да заманауи техникалық құрылғылар, оған қоса әрбір қатысушыға естелік ретінде рюкзак пен моноподты сыйға берілді.
Слет тек балалар үшін ғана емес, полиция қызметкерлері мен мұғалімдер үшін де тартысты өтті. Өңірлік полиция департаменттерінің жол-патрульдік қызмет инспекторлары арасында өткен «Үздік жол қауіпсіздігін насихаттаушы» байқауы мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің «Ашық үзіліс» сайысы бұл шараның маңызын арттыра түсті.

