nationalgeographic.kz/Юлия Вахмистрова

Жас жануарлар алғашқы күзіне дайын

25.08.2025 14:40

Елімізде жаздың соңына қарай мектеп оқушылары жаңа оқу жылына әзірлене бастаса, жан-жануарлардың жас төлі де ғұмырындағы алғашқы күз бен қысты қарсы алуға дайындалады. Олардың кейбірін алда ұзақ қоныс аудару, енді кейбірін – қысқы қалың ұйқы күтіп тұр. Бұл туралы nationalgeographic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Ал енді біреуі туған жерінде қалып, Атырау облысына тән шұғыл континентал климаттың үскірік аязын сезініп көрмек. Жан-жануардың жас төлі ересектерге тән сақтықты бойына әлі сіңіре қоймаған. Сондықтан әдетте фотоаппарат объективіне оңай ілігеді.

Қамыс қопаның ішінде тұрған мұртты шымшықтың балапаны фотосуретшілерге таңырқай қарап тұр. Бұл оның өмірінде бірінші рет адаммен кездескені де шығар, өйткені бұл құстар қаладан жырақта, ағысы баяу өзендердің, тоғандар мен көлдердің жағасында топ-топ болып өмір сүреді. Оны әлі де жасөспірім деуге келеді. Құстың дене көлемі ересек құстарға ұқсағанымен, осы түрдің әтештеріне тән «мұрты» әлі «тебіндей» қоймаған. «Мұртты шымшық» деп аталғанына қарамастан, бұл құстың шымшық тұқымдастарға еш қатысы жоқ. Олар торғайтәрізділер ішіндегі Paradoxornithidae тұқымдасына жатады. Мұртты шымшық Атырау облысын жыл бойы мекендейді, қыста жылы жаққа қоныс аудармайды. Натуралистер оларды дыбысынан оп-оңай ажыратады: мұртты шымшықтардың үні солқылдаған жас шыбықтың немесе тартылған қармақбаудың дыбысын еске салады.

Үлкен құмтышқан – даланың кәдуілгі кеміргіші. Табиғатта оның жауы көп. Мысалы, жыртқыш құстар, ақкіс, түлкі, шұбар күзен олардың інін жиі қопарып, тас-талқан етеді. Дегенмен байтақ даламызда құмтышқандардың саны аз емес. Құмтышқан қыста қалың ұйқыға кетпейді. Бар болғаны қоректік өсімдіктерден алдын ала қор жинап алады да, інінің аузын бекітіп, жерастында қыстап шығады.

Аққудың көгілдірі күн санап емес, сағат санап өседі. Бастапқыда олар «Ұсқынсыз үйрек» ертегісіндегі үйрек балапанына ұқсайды: қоңыр, тұмсығы ұзын әрі қаз-қатар тізіліп жүреді. Бірақ күзде балапандар есейіп, тұрқы ересектерге шамалас болып, денесі шұбарлана бастайды. Ақ түсті қауырсыны бірте-бірте көбейе береді. Күн суыта салысымен, жылы жаққа қайтатын аққулар «керуені» көкке созыла бастайды. Олардың арасында ересектері де, жұмыртқадан биыл шыққандары да бар. Жас аққулар үшін бұл олардың өміріндегі алғашқы сапар. Аққулар жыл сайын күзде Каспий теңізіне қыстауға кетіп, көктемде кері оралады.

Ұзынсирақ шалшықшылар қазір үлкен де даңғаза топтарға бірігіп жатыр. Балапандардың саны өте көп әрі бір-бірінің аузынан түсіп қалғандай ұқсас. Балапан құстардың ала-құла мамық жүні қоршаған ортаға керемет үйлесіп, жыртқыштардың назарына ілікпей, аман қалуына көмектеседі. Құстың бұл түрі сулы-батпақты жерлерде тіршілік ететін шалшықшылар тобына жатады. Жылдың жылы мезгілінде су жағасын мекендеп, ұлу, шаянтәрізділер, басқа да су жәндіктерімен қоректенеді. Ұзын сирағы оларға лай мен батпақ ішінде еркін қозғалуға мүмкіндік берсе, іскекке ұқсайтын жіңішке ұзын тұмсығының арқасында қорегін лай ішінен шебер суырып алады.

Жас сары боздақтың арқасы мен қанаттары әлі де алтын түске бояла қоймаған, әзірше батпақ түстес жасыл болып тұр. Бұл қанаттылар Атырау облысының бүкіл аумағын мекендейді. Су қоймаларының жағасындағы жарларға, табиғи немесе жасанды карьерлерге, құм үйінділері мен бөгеттерге ұя салады. Өткен жылы Жайық өзенінде алапат су тасқыны болып, аудандарды судан қорғау үшін құм бөгеттері көптеп салынды. Бұл сары боздақтардың көбеюіне елеулі үлес қосты. Құмға ұя салған құстар өте көп.

Байтақ даламызда саршұнақтар да жиі ұшырасады. Бұл тіршілік иелері қыста терең ұйқыға кетеді. Оларды ендігі жолы тек көктемде көре аламыз. Саршұнақтар тереңдігі 2-3 метрге жететін ін қазып, құрғақ шөп төселген арнайы «камераға» жайғасады. Ересектері ұйқыға сәл ертерек – жаз соңына қарай немесе күздің басында кетеді, ал жас саршұнақтардың әлі де калория жинауы қажет – олар қазан айына дейін сергек жүре алады. Жасөспірім саршұнақ фотографтан көз алмаған күйі бір қырынан тапжылмай қатып қалды.

Қанаттылардың ішінде ең жасырын әрі сақ жүретіні – жыртқыш құстар. Бірақ мына сұңқар әлі кішкентай, ол көзге түспеуді енді үйреніп келеді. Бұлар өскенде, тіпті тұрғын үй кешенінде тұрса да, бізге еш байқалмауы мүмкін. Түрлі-түсті бүркемелеуші бояуы ағаш бұталарымен тамаша үйлеседі, ал ұшу кезінде оларды қаладағы кәдімгі кептермен шатастырып алу оп-оңай.

Мына қарғаның «езуіндегі» «жымиыс» оның күні кеше ата-анасы асырап отырған сарыауыз балапан болғанынан хабар береді. Қарғалар азық талғамайды, бәрін жей береді. Жазда көбіне жәндіктер, тышқан, балық, моллюскалармен қоректенеді. Оларды алда қиын кезең күтіп тұр – қыс, аяз және қорек тапшылығы. Тірі қалу үшін қарғалар мен қарға тұқымдасына жататын өзге де құстар қоқыс жәшіктері мен қала маңындағы үйінділерден азық іздеуге мәжбүр болады.

Күз бен қыс жыл айналымын түйіндеп, табиғаттың қайта күш жинап, келесі маусымға дайындалуына мүмкіндік береді. Жыл мезгілдері өмірлік кезеңдерді де еске салады: суықтың артынан әрдайым жылу келеді, ал тыныштықтың соңынан – жаңару басталады.