Жаңалықтар

Жас спортшылар патриоттық челленджге қатысты

Жас спортшылар патриоттық челленджге қатысты
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 16.12.2024 10:18 120

Астанада №10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері Тәуелсіздік күні қарсаңында жаттығу барысында Мемлекеттік гимнді жанды дауыста орындап, патриоттық челлендж ұйымдастырды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, мектептің шайбалы хоккейден жаттықтырушысы Николай Заводовтың айтуынша, әр жаттығу барысында тәрбиеленушілер гимнді жанды дауыста орындап жүр. Бұл дәстүр жас спортшылардың патриоттық рухын қалыптастыруда және Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда ерекше рөл атқарады.

Бұл патриоттық орындау жас спортшыларға Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын сезініп, елге деген мақтаныш сезімін ұялатады. Біз әрдайым балаларға мемлекеттік мерекелердің тарихи және рухани маңыздылығын түсіндіруге көңіл бөлеміз, – деді Николай Заводов.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін Астана қаласының басқа да спортшылары жаттығу барысында орындады.

Сонымен қатар мереке қарсаңында елге танымал спортшылар да барша қазақстандықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олардың қатарында еркін күрестен үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай, ауыр атлетикадан жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Едіге Емберді, қазақ күресінен әлем чемпионы әрі Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Олжас Шынкеев, сондай-ақ панкратионнан әлем чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы және ММА шебері Жасұлан Әкімжан да бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға