Жаңалықтар

Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда

Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторымен сұқбат
Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 28.01.2022 17:17 10089

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс жасайтын ювеналды полиция инспекторлары өз қызметтерімен қатар педагогтың, психологтың және тәлімгердің де рөлін атқарады. Осы орайда 2021 жылы республикамыздың үздік ювеналды полиция инспекторы атанған Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есіл ауданы ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ұлбосын Мұсабековамен әңгімелескен болатынбыз. Полиция капитаны кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қылмыстық жауаптылығы, алдын алу және өзге де сұрақтарға жауап берді.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының құқық бұзушылық статистикасының мәліметінше 2019 жылы қылмыс жасалған тұлғалар саны – 7085, оның ішінде жасөспірімдер саны – 196. 2020 жылы қылмыс жасаған тұлғалар саны – 5674, кәмелетке толмағандарға қатысты 102 құқық бұзушылық орын алған. Бұл жасөсіпірімдер қылмыстылығының төмендегенін көрсетеді.

Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда

– Ұлбосын Жаныбекқызы, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына не себеп? Қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

– Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін. Ең бірінші отбасындағы бала тәрбиесі мен жасөспірімнің араласатын ортасының үлкен әсері болады. Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі түрі – ұрлық. Одан бөлек төбелес, қарақшылық және ішімдік ішу, есірткі тұтыну жатады.

Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу барысында қандай жұмыстар атқарып жатсыздар?

– Біз мектептер мен орта білім мекемелерінде құқықбұзушылық пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында дәрістер оқимыз. Күнделікті профилактикалық іс-шаралар өткізіп отырамыз. Әңгімелер жүргіземіз. Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық нормаға сай онлайн форматта да дәрістер оқып жүрміз. Және де ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың сабаққа қатысуын, тәртібін қадағалаймыз.

Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда

– Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қандай шаралар өткізесіздер?

– Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөсіпірімдермен ашық сөйлесіп, полиция қызметкерлері тек қана жауапкершілікке тартумен ғана емес, сонымен қатар жасөспірімнің құқығын қорғау мақсатында жұмыс жасайтындығын түсіндіреміз.

– Жеткіншектер қылмысы үшін қандай жаза тағайындалады? Қылмыс жасаған жасөспірімдердің ата-анасы немесе заңды өкілі баласының қылмыс жасауға жол бергені үшін қандай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады?

– Егер жасөспірім сабаққа қатыспаған жағдайда, себепсіз 10 күннен артық босататын болса, оқушылардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127 бабы бойынша іс құжат жиналып, сотқа жөнелтіледі. Содан кейін сот өзі шешім қабылдайтын болады. Ал егер түнгі сағат 22.00-ден кейін жасөспірім ойын-сауық орталықтарында, кинотеатрларда заңды өкілінсіз жүретін болса, онда ол жасөспірімнің заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 142 бабы 1 бөлігі бойынша 3 АЕК көлемінде айыпппұл салынады. Егер жасөсіпірім ішімдік ішіп, ұсталған жағдайда заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің заңды 440 бабы бойынша әкішілік хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жасөсіпірім қандай да бір құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңды өкілі жауапты болады. Себебі бала кәмелеттік жасқа толмаған. Қылмыстық жауапкершілікке кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірім 14 жастан, ал әкімшілік жауапкершілікке 16 жастан бастап өзі жауапты болады.

Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда

(Суретте: Ювеналды полиция инспекторы Ұлбосын Мұсабекова)

–  Мектеп инспекторына кәмелетке толмағандар қандай сұрақтар бойынша жиі жүгінеді?

–  2020 жылдан бастап біз мектеп инспекторы емес, учаскелік полиция инспекторымыз. Менің учаскемде бекітілген мектептер мен колледждер бар. Сол оқу орындарында дәрістер оқып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Қандай тақырыпқа дәріс оқысаң, балалар сол тақырыпқа байланысты сұрақтарды қойып жатады. Мысалы, түнгі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім заңды өкілінісіз сыртқа шығуға болмайды. Сол кезде жасөспірімдердің көбісі түсінбей жатады. Менің қасымда үлкен апам, ағам немесе атам болса, ол кісілер неге менің сенімді адамым болмайды деген сұрақтар туындайды. Заңда ондай көрсетілмеген. Егер нотариуспен бекітілген сенімхат болмаса, онда ол кісі заңды өкілі болып табылмайды. Заңды өкілі ретінде тек қана әкесі немесе анасы саналады. Ал егер әке-шешесі жоқ балалар болса, оның асыраушысы заңды өкілі болып табылады.

Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда

– Бүгінде сіз өз учаскеңізде қанша кәмелетке толмаған жасөспірімнің тәртібін бақылайсыз? Олардың ішінде есепте тұрғандар бар ма?

– Менің қарамағымдағы учаскіде 3255 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Солармен біз әрдайым жұмыс жасап отырамыз. Ата-аналарында немесе өздерінде сұрақтар болса хабарласады. Есепте тұрған кәмелетке толмағандар бар. Олар себепсіз сабақтан қалу, үнемі үйінен қашып кету категориялары бойынша есепте тұр.

– Қазіргі таңда жасөспірімдер қандай қылмысқа бейім? Кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқық бұзушылықтың негізгі түрлері.

– Кәмелетке толмағандар қылмыстың мынадай түрлеріне бейім деп айта алмаймын. Себебі жасөспірімдер ұрлық жасаса да, әкімшілік құқық бұзушылық орын алса да балалықпен жасады деп айта аламын. Үйден кетіп қалу жиі орын алып жатады. Оған жасөспірімдерде болатын өтпелі кезең себеп болады. Балалардың тәрбиесін үйінде ата-анасы, білім беру ошақтары мен оқу орындарында ұстаздары мен біздер қадағалаймыз. Сондықтан жасөспірімдердің тәртібі – басты назарда.

Жасөспірімдердің тәрбиесі – басты назарда

–  Қандай жағдайда ата-ана құқығынан айыру және оларды шектеу орын алады?

– Ата-ана құқығынан айыру және шектеуге көптеген жағдайлар әсер етуі мүмкін. Оның ішінде ата-анасының міндеттерін орындаудан жалтарса, спирттік ішімдіктерді, есірткі заттарын және психотроптық заттарды көп мөлшерде қабылдау және тағы да басқа жағдайлар жатады. Менің учаскемде көпбалалы ана болды. Бес баласы бес түрлі ер адамнан. Тіпті бесінші баласын босанғаннан кейін бөбектер үйіне тастап кеткен болатын. Өзі үнемі ішімдік ішіп, тұрақты мекен-жайы болмай көшіп-қонып жүретін еді. Балаларына қарамайтын. Осы жағдайдан кейін оның балаларын Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырдық. Ата-ана құқығынан айыру немесе оны шектеу соттың шешімінен кейін белгілі болады.

–  Сұқбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға