Жаңалықтар

Жас педагог: Оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру - басты миссиям

Жас педагог: Оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру - басты миссиям
Фото: Жеке мұрағаттан 28.10.2024 18:03 546

Бастауыш сыныбында сабақ беру аса үлкен жауапкершілік пен сабырлықты қажет етеді.  Осы орайда Көкшетау қаласында жеке меншік мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Саида Зейнелғабиденмен әңгіме өрбіттік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Саида Мейрамбекқызы осыдан 21 жыл бұрын Ақмола облысы Біржан сал ауданында дүниеге келген. Үш жылдан астам уақыт бойы ұстаздық жолда еңбек етіп келеді.

Бала кезімнен мұғалім боламын деп армандайтын едім. Отбасымда ата-анам да мұғалім. Олардың жұмысы мен шәкірттеріне деген махаббатын көріп, үлкен әсер алатынмын. Осылайша, бала кезден білімнің қаншалықты құнды екенін біліп өске мен, әке-шешемнің ізін жалғастырамын деп шештім. Осы жолды таңдағаныма өкінген емеспін. Оқушылардың жетістігіне куә болып, қуану ұстаз үшін ерекше сый, - дейді жас педагог.

Мұғалімнің айтуынша, оқушылармен жұмыс істеу оңай емес. Ол сабырлық пен қажырлықты талап етеді.

Оның ішінде бастауыш сыныпқа сабақ беру аса күрделі. Бірақ бұл жұмыс өзіме ұнайды. Бастауыш сыныпта цифрлық сауаттылық бойынша білім беремін. Балалармен жұмыс істеген кезде мұғалімдерге қажет қасиет ол – сабырлық. Ұстаз өте сабырлы болуы керек. Түрлі тәрбие көрген, түрлі отбасында өскен балалар сенің қол астыңда білім алады. Кейбіреуінің ерекшеліктері бар, әрқайсысының үлгерімі де түрлі болады. Сондықтан оларға аса үлкен түсінушілікпен де қарау керек. Мейірімді болудың да жөні бөлек. Олардың көңіл-күйін сезіну, қолдау көрсетуде бұл өте үлкен рөл ойнайды, - дейді ол.

Саида Мейрамбекқызы педагог шығармашыл мамандық екенін айтады.

Мұғалімдік қызметте талант, басқалардан ерекше идея ұсына білетін ізденімпаз алғыр әрі өз ұстанымыңның болғаны да дұрыс. Педагог тек оқушылармен ғана емес, ата-анамен де қарым-қатынас орнатады. Сол үшін де коммуникациялық қабілетті дамыту педагог үшін аса маңызды. Мұғалімнің сапалы білім беруі, өз пәнінің маманы болу алғашқы талаптардың бірі десек те болады. Өз біліміңді өзгемен бөлісу үшін біліміңді шыңдап, үнемі даму, оқу үстінде жүресің. Жаңашылдыққа, жаңалыққа құштар болғаның да абзал, - дейді ол.

Жас мұғалімнің айтуынша, білім берудің сапасымен қатар маман өз саласында көшбасшылық қасиетке де ие болуы керек.

Ұстаз өз біліміне, өзіне сенімді болуы керек. Себебі оқушыларға жол көрсетіп, бағыт-бағдар, қолдау көрсеткендіктен, олар да сенен тірек таба алуы керек. Бұл жерде мұғалім мен оқушының арасындағы мықты байланыс, ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастардың пайда болатыны хақ. Сондықтан кәсіби білім мен адамгершіліктің қатар жүргені абзал, - дейді жас мұғалім.

Саида Мейрамбекқызының айтуынша, білім саласында жаңашылдықтар өте көп.

Өз саламда қоданылатын әдістердің бірі – жобалық оқыту. Оқушылардың нақты жолымен жұмыс істеп, олардың білімін тәжірибеде қолдану. Кері байланыс та аса маңызға ие дәстүрлі әдіс. Оқушылардың пікірін ескере отырып, сабақты жетілдіру, оқыту процесін ойын элементтері арқылы ұйымдастыру сынды жаңашылдықтарды қолданамыз. Сайттарды, өзге тетіктерді қолдана отырып, сабақты оқушыларға қызықты өткізуге тырысамыз. Оқушылардың бір-бірімен байланысып, топ құрып білім алғанын да жүзеге асырамыз. Бұл балалар арасындағы ұйымшылдық, бірлік қасиеттерін дамыта түседі - дейді мұғалім.

Сондай-ақ педагог жасанды интеллект аспектілері сабақта қолданылатынын жеткізді.

Сабақ беру процесіне жасанды интеллектінің көмегін қолданамыз. Ол стенд газет әзірлеуде көп мүмкіндік сыйла, көкжиекті кеңейте түседі. Бұл информатика пәніне тікелей қатысты болғандықтан, аса маңызды. Өз мамандығыма деген сүйіспеншілік пен құштарлығым арта түседі. Осы жолдағы миссиям  - оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Қазіргі заманға сай технологияларды қолдана отырып сапалы білім беруп, қызығушылығын арттыру үшін еңбектеніп жатырмын. Информатикадан тек техникалық сабақ қана бермей, болашақта өмірде қажет болатын дағдыларды қалыптастыруды өз миссиям деп санаймын, - деп түйіндеді Саида Зейнелғабиден.

Биылғы жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігі мен білімін арттырып отыру аса маңызға ие екенін жеткізген еді.

Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет, - деген еді мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға