Жас хоккейші қонақ үйдің балконынан құлап көз жұмды
Шотландиялық хоккейші Гэри Келли Ибица аралындағы (Испания) демалыс кезінде қонақ үй балконынан құлап көз жұмды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
19 жастағы жігіттің қазасы туралы хоккейші өткен маусымда ойнаған «Данди Старз» клубы хабарлады.
Бұл қайғылы жағдайды естіп қабырғамыз қайысып отыр. Гари өте дарынды әрі харизмасы ерекше тұлға болатын, оны жарқын болашақ күтіп тұрған еді. Оның қазасы хоккей қауымдастығына ғана емес, одан тыс ортаға да ауыр соққы болды. Біз оны қатты сағынамыз, – делінген клуб мәлімдемесінде.
Daily Mail басылымының мәліметінше, жас жігіт үшінші қабаттағы балконнан құлап кеткен.
Түнгі сағат 12:40 шамасында төрт жұлдызды қонақүйге екі жедел жәрдем көлігі келіп жетті, алайда дәрігерлер оған көмектесе алмады, - делінген басылым дерегінде.
Қайғылы оқиғаның нақты қалай болғаны әзірге белгісіз.

