Жарыс кезінде 19 жастағы велошабандоз қаза тапты
Мөлдір Қайнар тілші
19 жастағы италиялық велошабандоз Самуэле Привитера "Джиро Делла Валле д'Аоста" жарысының алғашқы кезеңінде ауыр жарақат алып, көз жұмды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оқиға жарыстың Понтей муниципалитеті аумағында өткен бірінші кезеңінде орын алған. Самуэле Привитера құлап, басымен қатты соғылған. Құлау кезінде оның қорғаныс дулығасы түсіп кеткені анықталған. Дереу медициналық көмек көрсетіліп, спортшы Аоста қаласындағы Парини ауруханасына жеткізілгенімен, алған жарақаттары салдарынан көз жұмған.
Жарысты ұйымдастырушылар оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасап, оның мән-жайы қоғамдық қауіпсіздік органдары тарапынан анықталып жатқанын хабарлады.
Қайғылы жағдайға байланысты бүгін өтуі тиіс болған екінші кезең тоқтатылды. Велошеру 18 шілде, жұма күні Пре-Сен-Дидьеден Коль-дю-Гран-Сан-Бернардо бағыты бойынша жоспарланған үшінші кезеңнен қайта жалғасады. Үшінші кезең басталар алдында Самуэле Привитераны еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланады, ал кезеңнің алғашқы бөлігі бейтарап мәреде өтеді. Барлық ресми салтанатты шаралар жарыс аяқталғанша өткізілмейді.
Ұйымдастыру комитеті жарысқа қатысушы командаларға жарысты жалғастыру немесе жалғастырмау шешімін өз бетінше қабылдау құқығын бергенін атап өтті.
Айта кетейік, Самуэле Привитера биылғы жастар арасындағы "Джиро д’Италия 2025" жарысына қатысып, жалпы есепте 63-орын алған болатын.
Бұған дейін ойын кезінде 14 жастағы футболшы қайтыс болғаны туралы жазған едік.

