Жартылай марафоннан кейін 35 жастағы әйел көз жұмды
Көкшетауда өткен «Көкшетау шамдары» жартылай марафонынан кейін 35 жастағы қатысушы әйел көз жұмды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қашықтықтың 4-ші шақырымында қатысушы әйел өзін жайсыз сезініп, жарысты тоқтатуға мәжбүр болған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері бірер минутта жеткен.
Марафоншы көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда ол ауруханада көз жұмды.
Дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар жарысқа тіркелу кезінде барлық қатысушы өз денсаулығына жауапты екендігі және қатысуға дайын екендігі жөнінде қолхатқа қол қоятынын атап өтті. Марафон бағыты бойынша медициналық бригадалар кезекшілік атқарған, ал іс-шараның өткізілу сызбасы жедел жәрдем және полиция қызметтерімен келісілген.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын атап өтті.

