«Жарқын күз»: алматылықтар қаланы көгалдандыруға қалай атсалысып жатыр
Алматыда экологиялық жағдайды жақсартуға және қаланы көгалдандыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экоакция өтті. «Жарқын күз» атты науқан қаладағы 8 аудан тұрғындарын біріктіріп, көше тазалау мен ағаш отырғызу жұмыстарына белсенді қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, акция барысында қаланы көгалдандыруға үлес қосқысы келген әрбір тұрғынға ағаш және бұта көшеті берілді. Тұрғындар жаңа жасыл аймақтарды өз үйінің маңында, көше бойында және қаланың саябақтарында егуге атсалысты.
Экологиялық акцияға жалпы саны 10 мыңнан астам қала тұрғыны қатысып, 300-ден астам техника мен 1755 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды.
Іс-шарадан жастар да шет қалмады. Олар мұндай іс-шараның маңыздылығын атап, әркімнің өз сүйікті қаласын тазалау мен көгалдандыруға үлес қосуға мүмкіндігі болуы керектігін айтты.
Алматыдағы жарқын күз – бұл тек қала түрлі түске боялатын уақыт емес, сонымен қатар бізге туған шаһарымызға қамқорлық танытуға тамаша мүмкіндік. Сенбілікке қатысу арқылы қоқыс жинап қана қоймай, әрқайсымыздың қаланың тазалығы мен жайлылығына үлес қоса алатынымызды көрсетеміз. Біз біріккенде көшеі тазалау сияқты қарапайым әрекеттің өзі Алматының болашағына қосқан үлес. Бұл біздің қаламыз, оның сұлулығы – біздің қолымызда, – деді Алматы қаласының Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры міндетін атқарушы Бағдат Анарбаева.
Сенбілікке балалар да белсенді қатысты, олар ересектермен бірге қоқыс жинап, ағаш отырғызды.
Балалардың сенбілікке қатысуы – тазалыққа көмектесу ғана емес, бұл жауапкершілік пен туған қаласына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Осындай қарапайым іс-әрекет арқылы олар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйренеді және тазалық пен тәртіп әрқайсымызға байланысты екенін түсінеді. Бүгін олар жапырақ жинауға көмектесіп жатыр, ал ертең қоршаған әлемді жақсартуға тырысады, – деді ата-аналар.
Ауқымды тазалық жұмыстары барысында демалыс аймақтары, саябақтар, скверлер және аула маңы тазартылып, шамамен 4 мың текше метр қоқыс жиналды. Жиналған қоқыс қала әкімдігінің күшімен полигонға шығарылды.
Қала аумағын тазалаумен қатар, шараның символдық жетістігі 10 мыңнан астам ағаш отырғызу болды. Алматылықтардың басты жиналу орны жаңа ALA паркі болып, онда шамамен 1200 көшет отырғызылды. Сондай-ақ, жасыл желек Гагарин даңғылы бойындағы бульварда, Алатау ауданында, Желтоқсан саябағында, Көкжиек шағын ауданы және т.б. жерлерде отырғызылды.
Акция халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Іс-шараға Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев та қатысты. Ол мұндай акцияның өткізілуін жайлы қалалық орта қалыптастырудағы маңызды қадам деп атап өтті.
Осындай шаралар жастардың сүйікті қаламызға деген жауапкершілік сезімін тәрбиелейді. Ару қала Алматымыз гүлдене берсін! – деп батасын берді.
Алма ағаштары, қарағаш, акация, үйеңкі, шегіршін және т.б. қалаға бейімделген ағаш түрлері таңдап, отырғызылды.
Сондай-ақ сенбілікте мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.