Жаңалықтар

Жарасымды киіне білу де – өнер

Кімге қандай киім жарасады?
Жарасымды киіне білу де – өнер
24.11.2021 15:30 67204

Киіну бұл кез келген адамның талғамының көрінісі. Бүгінде көптеген қыз-келіншектер өзінің сыртқы келбетіне ден қойып, өзіндік киім кию стилін қалыптастырғанын байқауға болады. Осы жарасымды киіне білу жайында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам...» еңбегіне сүйене отырып, әңгімелейтін боламыз.

 

Жарасымды киіну дегеніміз ең алдымен, киім-кешектің түрі мен түсі жағынан бір-біріне үйлесімді келуі яғни үстіңе киген киіміңнің бас киім, аяқ киім, қолға ұстайтын сумкаң және қолғабыңмен үйлесімді болуы. Әйелдер көйлегін безендіріп, ажарлау мақсатымен кейде оған басқа түсті матадан жаға мен жеңұш салып, жазда киетін жұқа матадан тігілетін көйлекке басқа түсті матамен – бұлықтап желбіршек салып киеді. Мұндай жағдайда көйлектің матасы мен оны ажарлау үшін қолданылатын матаның түстері бірін-бірі ашып, бір-біріне үйлесіп тұратындай болуы керек. Мысалы, қалампыр түсті көйлекке ақшыл сары түсті жаға, қара және көк көйлекке ақ жаға мен жеңүш салса ажары ашыла түседі.

Киімнің сәнді де жарасымды болуымен қатар киiп барған жеріндегі жағдайға, отырған ортаңа, істейтін қызметіне сәйкес келуін де ескеру қажет. Мысалы, тойға шақырған жерге бастан аяқ қара киініп бару қандай ерсі болса, бата оқырға, яғни адамы өлген үйге қызылды-жасылды киініп, елден ерек жарқырап барған да сондай оғаш көрінеді.

Эстетикалық талғамы тәуір адамдар жұмысқа сыпайы киініп барады. Ал құлағына салпылдаған ұзын сырға салып, омырауына жалтырауық түйреуіш, шашына да жалтыраған бірдемелер қадап, қызылды-жасылды киініп, я болмаса жағасы өте кең ойылған көйлек, өте тар яки өте кең тігілген юбка немесе шалбар киіп жұмысқа келу - ол адамның талғамының нашар екенін көрсетеді. Әдетте, бұл сияқты орынсыз жерде әлемiштеніп жүретін қыз-келіншектерді көрген кісілердің кейбіреулері, әсіресе үлкен кісілер «осы жастар қалай киінетін болған, өзі!» деп, киімнің үлгісін кінәлайды. Бұған, әрине, үлгі кінәлі емес, сол үлгіні орынсыз пайдаланатын әсіре қызыл жастардың өздері кінәлі.

Жарасымды киіне білу де – өнер

Киімнің жаңа сәнін ұнатпайтын адамдардың кейбіреулері «мен сәнге қарап киінбеймін, маған сәннің керегі жоқ» дейді. Бұлай деу дұрыс емес. Өйткені, сәнсіз киім болмайды. Мейлі сәннің жаңасы болсын, мейлі ескісі болсын, киім деген әйтеуір солардың біреуіне сәйкестеліп тігіледі. Қайткен күнде де киім адамның әлпетін кетірмей, жұртқа күлкі болмайтындай шамада тігілуге тиіс. Киім деген адамның сыртқы пішінін жақсы немесе жаман көрсетумен қатар, оның төңіректегі адамдарға көз қарасын да бейнелейді. Мысалы, жұмыс орнында жағасын өте кең ойып, жалтыраған жіптермен кестелеген, өте сәнді көйлек киіп отыру ерсі көрінеді және де мұның өзі сол әйелдің басқалардан ерекше көзге түсіп, өзіне көпшіліктің назарын аударғысы келетінін білдіреді. Ал мұның керісінше, мерекелік жиынға немесе жолдастар арасындағы бір той-думанға қалай болса солай, күнделікті от басында киіп жүрген киіммен келу – ол адамның сол жиналған жұртқа көңілі толмай, немқұрайды қарайтынын көрсетеді.

Киімің бойыңа жарасымды болуы үшін алдымен адам өзінің бой тұлғасындағы кем-кетігін біліп, киім таңдауда соны ескеруі қажет. Киім сәнін таңдауда әйел адам өзінің жас ерекшелігін естен шығармағаны жөн. Қыз-келіншектерге, яғни жас адамдарға не кисе де жараса береді. Мәселен, оларға өте ашық түсті, спорттық стильде тігілген киімдерді де киюге болады. Жасы отызға жеткен кезде әйелдер өзінің сыртқы бейнесін жақсы білдіретін, бой тұлғасының әдемілігін айқын көрсететін киім түрлерін таңдап алуға талғамы жетеді.Ал жасы қырықтан асқан әйелдер кексе тартуға байланысты пайда болған өз бойындағы кейбір кемістіктерді көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас келіншектерге денесінің толықтығын жасырам деп, үнемі қоңыр немесе қара көйлек киюдің қажеті жоқ. Мұндай киім оның толықтығына қоса жастығы мен әдемілігін де «жасырып» қалуы мүмкін. Сондай-ақ, денесі толық, егде тартқан әйелдерге де ақшыл түсті киімнен бойын аулақ салудың қажеті жоқ.

Қиімнің түрі мен үлгісі оның қандай жағдайда киілуіне, жыл маусымына, адамның жасы мен тұлғасына, істейтін қызметі мен мамандығына байланысты болуға тиіс. Қиімді киілетін орнына қарай, мынадай топтарға бөлуге болады: күнделікті үйде және жұмыста киетін кнімдер, сәндік үшін және салтанатты мәжілістерге киетін киімдер, қала сыртына шығып, дем алуға және спортпен шұғылдануға арналған киімдер. Бұдан басқа арнаулы өндірістік және адамның жасына байланысты тағы бірнешеге бөлінеді.

Күнделікті киілетін киімдер. Күнделікті үйде киетін киімді әдетте алуан түрлі мақта матадан, химиялық талшықтардан тоқылған матадан тігеді. Әйелдердің үйде киетін киімі көбінесе көйлек, блузка мен юбка немесе шалбар, алдынан түймеленетін халат болады. Мұндай киімдерге көбінесе ұсақ гүлді, клеткалы және жолақты маталар пайдаланылады. Үйде киетін әйел киімдерін түрлі түсті ленталармен безендіруге болады. Үйге киетін киім денені қыспайтын, жүріп-тұруға ыңғайлы болуға тиіс. Басқа киімдерімен қатар, әйел адамның ас пісіргенде, кір жуғанда алдына байлайтын алжапқышы да болуы керек.

Жұмысқа киетін киімдер. Күнделікті жұмысқа киетін киімді барқыт, қамқа, зерлі матадан басқаның бәрінен де тігуге болады. Әйелдерге юбка, шалбар, сарафан, кофта, свитер, блузка, әр түрлі кеудеше, бешпет, спорттық стильдегі куртка-бешпет сияқты киімдер бір жеті бойы алмастырып киіп жүруге ыңғайлы келеді. Сондай-ақ, бұларды алмастыру арқылы жаңа ансамбль жасауға, яғни түрлендіріп кие беруге болады. Шалбардан басқа киімнің ұзындығы (шалбар аяқ киімнің сірісін өкшесіне дейін жауып тұруға тиіс) әйелдің өз басының ерекшелігіне, яғни оның жасына, бойына, дене тұлғасына байланысты болады. Ертеден қолданылып келе жатқан көйлек, көйлек-костюм және костюм дегендер дәстүрлі киім болып қала береді. Свитердің немесе блузканың үстінен киюге жүн матадан тігілген көйлек-пальто да өте ыңғайлы киім.

Жұмысқа киетін киімдерді ақ жаға мен жеңүш салып, бір немесе бірнеше қатар машинамен ірі қайып тігу, әр түрлі түйме, ілгектер тағу арқылы ажарлауға болады.

Жұмысқа киетін киімдерді ақшыл, ашық түсті немесе гүлді матадан тіккен дұрыс. Мұнда өзінің бір қалыпты үлгісін сақтап, киіс көтеретін қалындау мата жақсы болады. Жазда киетін блузканы маркизет, бәтес, шифон сияқты жұқа матадан тіккен жақсы.

Осы кезде жұмысқа киюге тоқыма бұйымдар кеңінен қолданылып жүр. Тоқыма бұйымдар қазір тек бір түсті ғана емес, гүл салып түрлі жіптен де тоқылады, бір түсті жіптің өзінен әр түрлі өрнек салып та тоқылады. Тоқыма бұйымдар жүннен, мақтадан, жібектен, зығыр және химиялық талшықтардан тоқылады. Тоқыма бұйымдар жұмысқа киюге өте ыңғайлы. Өйткені, олар әрі жылы әрі денеге жайлы, жұмсақ болады. Қейбір сыртқы киімдерді қазір әр түрлі материалдардан — жасанды былғарыдан, күдерiден, плащтық матадан т.с.с. тігетін болып жүр. Жауын-шашында, күннің жылы кезінде жұмысқа киюге бұлар да ыңғайлы.

Әйелдердің қысқы пальтосы жұқа драптан, бастоннан, букледен, тағы сол сияқты киюге жеңіл матадан тігіліп, жағасы табиғи мехтан — қара күзен терісінен, құндыздан, қаракөлден т.с.с. салынады. Арасына мақта немесе ватин салып, плащтық матадан («баллон») тігетін жеңіл пальтолардың жағасына каракөл, тюлень терісін немесе құлын терісін салған жақсы.

Қүздік пальтоның бірнеше түрі бар. Бұл маусымда киілетін сыртқы киімдерді дәстүрлі және спорттық стильдегі деп, екі топқа бөлуге болады. Бұлардың біріншісін жұқа драптан, букледен, кремплиннен тігеді. Мұндай пальтолар орта жастағы және егде тартқан әйелдердің киюіне ыңғайлы. Екінші топқа қыз-келіншектерге, жалпы жас әйелдерге арналған күздік киімдер жатады. Олар алуан түрлі материалдардан (клеткалы, ірі және ұсақ гүлді маталардан т.б.) тігіледі. Спорттық стильдегi күздік киімдерге қалта салып, әр түрлі қарсы ілгектер тағып, кеудесіне кaкетка, беліне белдік салып тігеді. Бұлар киюге жеңіл де оңтайлы жастарға жарасымды киім. Бұлардан басқа, әйелдердің күзде және көктемде киюге арналған плащтары болады. Қапрон, баллон плащтарды жаңбырлы күндері киеді. Ал жұқа жүн матадан немесе полиэстерден тігілген плащ-пальтолар күзде және көктемнің жылы күндерінде пайдалануға ыңғайлы.

Әйелдерге арналған костюм мен жакеттерді көйлектік матадан гөрі қалыңдау, пальтолық матадан гөрі жұқалау матадан тігеді. Олардың матасы әр түсті болуы да, сондай-ақ, майда гүлді түрлі түсті клеткалы немесе ромб тағы басқа геометриялық фигуралардың суреті салынған болуы да мүмкін, Костюм жакетінің аздап бел тұсын қынап, юбкасын сай салып немесе етек жағын кеңірек етіп тігеді.

Сәндік киімдер. Әйелдердің сәндік киімдері белгілі бір үлгімен емес, әркімнің өз талғамына қарай тігіледі. Сәндік киімдер жазда демалыс кезінде киетін, кез-келген маусымда кешке киетін және салтанатты жағдайларда киетін киімдер деп, үш түрге бөлінеді. Сәндік киімдер жібектен, жүн матадан, тоқымадан, химиялық талшықтардан тоқылған маталардан, ал кешкі көйлектер барқыттан, қамқадан, зерлі матадан тігіледі.

Демалыс кезінде киетін киімдер де күнделікті киімнен гөрі сәнділеу болады. Олардың үйлік киімнен айырмашылығы - соңғы үлгіге сәйкес жақсы тігілуінде. Мұндай киімдердің жағасына, яки омырауына қолдан оюланған гүлдер немесе әдемі түйреуіш қадау, мойынға моншақ тағу, білезік салу — киімді де әдемі көрсетеді, әйелдің өзіне де жарасымды келеді. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл киімдерді үйде киіп тоздыруға болады. Жаздық сәнді киімдерді қала ішінде және демалыс кезiнде курортқа барғанда киюге болады. Мұндай киімдерді крепдешиннен, гүлді жібектен, жұқа маркизеттен, шифоннан, гүлді штапельден, ашық түсті шыттан тіккен жақсы.

Жылдың барлық маусымында киіле беретін сәнді көйлекті барқыттан, қамқадан, зер араласқан жылтырауық матадан тігеді. Ондай көйлекті күндіз киіп шығудың қажеті жоқ. Оларды кешкілік кино-театрға немесе ойын-тойға барғанда киген дұрыс. Мұндай көйлекті жайшылықта киетін көйлектерден ұзынырақ етіп тігуге де болады.

Салтанатты жағдайда киілетін киімдер. Салтанатты жағдайдың киімдері, әдетте белгілі бір жайға байланысты тіктіріледі де, жылына 1—2-ақ рет киіледі. Мұндай көйлекті көзге әдемі көрінетін өңі тартымды матадан тігу керек. Оны реңі өз түсіне жақын келетін жібек немесе жүн жіппен, ұсақ шыны моншақтармен кестелесе, айрықша жарасымды болады. Аяққа киетін туфли мен түрлі тағамдарыңыз да көйлегіңізге үйлесімді болғаны мақұл. Оны жайшылықта киетін көйлектерден ұзынырақ немесе тобығыңа түсіре ұзын қып тіктірген дұрыс.

Спорттық стильдегі киімдерді қазір жігіттер де, қыз-келіншектер де киетін болды. Оны спортпен шұғылдану кезінде ғана емес, қала сыртына серуенге шыққанда, демалыс кезінде де киеді. Спорттық киімдерді ақшыл реңді және ашық түсті маталардан, тоқыма матадан тіккен қолайлы.

Кімге қандай киім жарасады? Денесінің толықтығы, бойының ұзындығына сәйкес келетін тұлғасы сымбатты әйелдерге магазиндегі тігулі көйлектер тура келе береді. Мұндай адамдарды стандартты тұлға дейміз. Өкінішке орай, әйелдердің бәрі бірдей ондай тұлғалы бола бермейді. Олардың кейбіреулері өте толық, енді біреулері өте нәзік, біреулері қысқа мойын, тағы біреулерінің мойны ұзын дегендей, әркімнің дене тұлғасы әр түрлі болады. Бұл сияқты бой тұлғасы әр алуан әйелдер киімді, әсіресе көйлекті өз бойына лайықтап тіктіріп кигені жөн.

Киімді күтіп киію деген мәдениеттілікке жатады. Мәдениетті адамның үстіндегі киімі көне болса да әдемі көрінеді, мәдениетсіз адамның қолына түскен жақсы киімнің өзі шамалы күннен кейін іске алғысыз болып қалады. Қазіргі жастарымыз киімге зәру емес, киімнің қандайын іздесе де магазиннен табылады және қазіргі өскелең өмірімізге сай киінуге әркімнің де табысы жетеді. Бірақ сол жаксы киімді ұқыпты ұстап, бабымен кие білмейтін жастарымыз да аз емес. Күнделікті өмірде әдемі киінген ұқыпты жастарды да, өзінің бой-басын күте білмейтін сөлекет жастарды да көріп жүрміз. Үсті-басы тап-таза, киімі жақсы үтіктелген туфлиіне шаң жұқпаған, шашын да әдемілеп тараған жып-жинақы келіншекті көргенде үлкен кісілер «мынау бір мәдениетті семьяда тәрбиеленген бала екен» деп қалады. Ал жап-жақсы матадан тігілген көйлегі кір-қожалақ, аяғындағы туфлиіне өмірі щетка тимеген, дұрыстап жуып-таралмаған шашы ұйпаланып, үрпе-шүрпе болып тұрған келіншекті көргенде «мынау бір көргенсіз семьяда өскен салақ қатын екен-ау» дейді. Осы бір орынды айтылған сөздердің біріншісін есту адамның көңілінде қандай жақсы әсер тастайды десеңізші.

Әрбір мәдениетті адам киімін ұкыпты да таза ұстауға тиіс. Көйлекті әрдайым таза жуып, үтіктеп, бір жеріне әлде қалай нәрсе жұққан болса, оны кетіріп киюге дағдылану қажет. Жақсы матадан соңғы сәнмен тігілген еді деп, жаға-жеңін кір шалған көйлекті бір жерге киіп баруға болмайды. Киімнің түймелерін қарап, егер босап тұрғаны болса, оны қайтадан қадап қою керек. Егер түйменің орны жыртылып бара жатса, оны астыңғы жағынан өзі түстес мата салып немесе жіппен торлап әдемілеп тігіп қойған дұрыс. Жалпы киімнің қандайын да болса аздырып-тоздырмас үшін оның қолтығының сөгілген жерін уақтылы тігіп, шынтағы жыртылса, оны өзі түстес матаның немесе жасанды былғарының қиығымен жамап алу керек. Егер қиюын, әдісін тауып, әдемілеп жамай білсең, ол әдейі көркемдеу үшін жасалған сияқтанып тұрады.

Күнделікті киілмейтін, кино-театрға, ойын-тойға барғанда киюге арналған таза киімдерді бір киер дейміз. Сондай бір киер көйлегіңді, туфлиіңді тағы басқа киімдеріңді әрдайым тазалап, тігетін жері болса тігіп, үзілген түймесін қадап, туфлиіңді майлап, сүртіп «ал кеттік» дегенде кие жөнелетіндей етіп әзірлеп қою керек.

 Жыл маусымына қарай киімді қыстық, жаздық, күздік деп үшке бөлеміз. Мұның ішінде күздік киімдер көктемде де киіледі. Көктем өтіп, жаз шыққаннан кейін қыстық және күздік киімдерді алдағы күзге және қысқа дейін аздырмай сақтау керек. Ол үшін ең алдымен күздік, қыстық пальтолардың, тонның іші-сыртын қарап, астарының сөгілген, яки бір нәрсе іліп кеткен жерлері болса, оларды тігіп, үзілген түймесін қадап қойыңыз. Одан кейін киім ілгішке қыстырып, күннің көзіне жайып алыңыз. Егер пальтоңыз кірлеген болса, оны киім тазартатын жерге беріп, тазарттырып алған дұрыс. Жүн матадан тігілген киімдер мен елтірі, құндыз, кәмшат сияқтыларға қаракүйе деген өш келеді. Оның жалғыз ұрығының өзі барлық киімді бүлдіреді.

Қыстық киімге қаракүйе түсірмеу үшін оны іші шаң-тозаңнан тазартылған, сүртілген және күнге жайып кептіріп алған сандыққа салуға немесе шкафтың ішіне іліп қоюға болады. Сыртқы киімнің қалтасына, жағасының астына қағазға оралған немесе кішкене қалтаға салынған нафталин немесе кір сабынның ұнтағын қою керек.

 Сақтауға әзірленген киімдерді іріктеп алу керек. Тон, ішік, қалың пальтоны бірыңғай киім ілгішке қыстырып, сыртын мақта матамен қаптап, шкафқа, ал костюм-шалбар, тоқыма көйлек, шәлі сияқтыларды сандыққа немесе чемоданға салып қоюға болады. Тым қатты қыртыстанып қалмас үшін оларды ретімен әдемілеп бүктеп, салмағы ауырын сандықтың түп жағына, жеңілдерін бетіне салған мақұл.

Тері тон, қолқап, күрте сияқтыларды да кептіріп, бояуы кеткен жерлеріне өзі түстес туш жағып, кейін касторкамен (майсана майымен) майласа, қаудырап кетпей, жұмсарып, өңі кіріп қалады. Бұлардың да арасына нафталин орап салу керек. Сондай-ақ, кір сабыннын үгіндісін, апельсин мен мандариннің кепкен қабықтарын да қаракүйеге қарсы қолдануға болады. Егер үйде қаракүйе пайда бола бастағанын сезсеңіз, үйдің ішіне шаруашылық магазиндерінде сатылатын «антимоль немесе ДДТ порошогын сеуіп, есік-терезені жауып, біраз уақыт үйден кетіп қалу керек. Ондай кезде үйде беті ашық тамақ қалдырмаған жөн. Үйдің есік-терезесін ашып ауасын тазартпай, еденін жуып, улы заттың иісін кетірмей балаларды үйге кіргізбеген дұрыс.

Қысқы аяқ киімдерді де шаң-тозаңынан арылтып, қойдың құйрығымен немесе өзі түстес креммен майлап, сандыққа немесе чемоданға салып қойған жөн.

Күзде салқын түскеннен кейін жаздық киімдерді, яғни қыста киілмейтін жұқа жібек көйлектер мен жаздық шляпаларды аударыстырып қарап, сөгілген жері болса тігіп, кірлеген болса жуып, шкафтың ішіне өз алдына бірыңғай іліп қойған жөн. Сондай-ақ, жазда киген босоножка мен жеңіл туфлиді де тазалап сүртіп, майлап, шкафтың төменгі суырмасына немесе чемоданға салып қойған жақсы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға