Жаңалықтар

Жақындарының қолынан көз жұмған әйелдердің жан түршігерлік оқиғалары

Жақындарының қолынан көз жұмған әйелдердің жан түршігерлік оқиғалары
Фото: Коллаж El.kz 14.11.2023 17:00 4193

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Бишімбаевтың өз әйелін ұрып өлтіргеннен кейін әлеуметтік желіде қазақстандықтар елде әйелдер мен балалар құқығының қорғалмағанын жарыса жазып жатыр. Расында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұр. 

Мәселен, БҰҰ мәліметтері бойынша, Қазақстанда жыл сайын 400 әйел жақындарының қолынан көз жұмады. Статистикаға сәйкес, қатыгез кісі өлтіру көбінесе 25 пен 35 жас аралығында болады.

Өлген әйелінің денесін көрпеге орап, туыстарын «ұйықтап жатыр» деп жақындатпаған

2022 жылдың қараша айында 29 жастағы қызылордалық Руслан Отарбаев 25 жастағы әйелі Ажар Шадиеваны қатігездікпен ұрып өлтірді. Ол «Тарантул» караоке-клубында туған күнін тойлап жатқан әйелін соққыға жыққан. Алған дене жарақаттарының салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған. Клуб әкімшілігі Ажарға көмектеспеген, тіпті видео-кадрларды өшірген. Оқиға орнына келген полиция қылмыстық іс қозғамаған. Ажардың анасына хабарласып, «ауруханаға апарыңыздар, күйеуі ұрған соң, есінен танып қалды» деп айтқан. Қызының үйіне барғанда күйеу баласы «мазаламаңыз, ол ұйықтап жатыр» деп жақындатпаған. Анасы жамылғыны ашқанда, Ажардың көз жұмғанын түсінген. Күйеуі досымен бірге мүрдені жуындырып, басқа киім кигізіп, көрпеге орап қойған. Қылмыс болған көшеде Полиция департаменті орналасқан. Тұрғындар оқиға болып жатқанын айтып, полицияға қанша шағымданса да олар қылмыстық іс қозғамаған. Іске қоғам белсенділері араласқаннан кейін ғана құқық қорғаушылары істі қолға алып, Руслан Отарбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Терезеден құлап, көз жұмды: жақындары қасақана кісі өлтіру деп санайды

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі 2020 жылдың 10 желтоқсанында Астанадағы көп қабатты пәтерлердің бірінде болды. 29 жастағы Сымбат Құлжағарова терезеден құлап, көз жұмды. Көзі тірісінде Сымбат әлеуметтік желіде белсенді болған. Ол «Әлем аруы» байқауында Қазақстан намысын қорғаған.

Жақындары мұны қасақана кісі өлтіру деп санайды. Бірақ полиция Сымбаттың соңғы хатын жариялап, мұндай қадамға өзі барған деген қорытындыға келген. Туыстары хаттың бір апта бұрын жазылғанын, бұл соңғы сөзі емес екенін айтып, әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек сұрады. Дегенмен күйеуі еш жауапкершілікке тартылмады. Көз жұмардан біршама уақыт бұрын Сымбат Құлжағарова күйеуінен қысым көріп жатқанын айтып, әлеуметтік желіде көмек сұраған. Оның күйеуі – Астанадағы табысты кәсіпкерлердің бірі. Күйеуі Сымбатты жүйке ауруларына емдейтін ауруханаға жатқызған. Қыздың достары мен туыстары оның өмірге құштар әрі көңілді қыз болғанын, жүйке ауруы болмағанын айтады.

Денесі көгерген, қабырғалары сынған: күйеуінің туыстары әйелдің суицид жасағанын айтқан

29 жастағы түркістандық Гүлзар Қуанышева 2020 жылдың 29 шілдесінде үйінде өлі табылды. Күйеуінің туыстары әйелді халатының белбеуіне асылып қалған күйінде тапқанына айтқан. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің айтуынша, әйелдің денесінде көгерген соққы іздері болған, төрт қабырғасы сынған. Көз жұмған әйелдің туыстары өзіне қол салғанына сенбейді. Қоғамдық резонанс туғызған іс сол күйі ашылмай кеткен.

Грузияда қазақ қызы терезеден құлап кетті

2021 жылдың мамыр айында Әсел Айтпаеваның денесін өлі күйінде тапты. Ол өлерінің алдында анасына өзінің қысым мен қудалауға ұшырағанын айтқан хабарлама жіберген. Анасы Грузияға ұшып барып, істің анық-қанығын білу үшін құзырлы органдарға шағымданады. Оқиғаға басты күдікті ретінде Бесик Тордуа ұсталды. Бесик Тордуа қызды зорлағаны, өзін-өзі өлтіруге дейін апарғаны үшін айыпталып, түрмеге қамалды. Кейін Бесик Тордуа түрмеде көз жұмды. Істі қараған тергеушілер Әсел Айтпаеваны Рустав Мейірбеков Грузияға жұмыс істеуге шақырғанын анықтады. Ол марқұмды 500 доллар жалақы табатын жұмысқа тұрғызамын деп уәде берген. Грузияға келгеннен кейін Мейірбеков пен Айтпаева спирттік ішімдік ішкен. Қыздың мастығын пайдаланған Мейірбеков оны зорлаған. Осыдан кейін Әселді Бесик Тордуаға сыйлаған.

Әйелін өлтіру үшін киллер жалдаған

34 жастағы Светлана Шенконы өлтіру үшін күйеуі кісі өлтіруші жалдаған. Киллер әйелді бір жарым жастағы қызының көзінше өлтірген. Күйеуі 15 жылға, киллер 13 жылға сотталды.

Әйелін 18 жерден пышақтаған

2022 жылдың 8 қазанында 42 жастағы Айман Асанованы бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев үйінің жанында 18 рет пышақ сұғып өлтірген. Кісі өлтіруші 11 жылға сотталды.

Алғашқы кездесуде қызға тиіспек болып, ажал құштырған

2023 жылдың 16 қазанында Айнагүл Кенжебаева жас жігітпен кездесуге барған. Кафедегі әңгіме ортасында жігіт қызға тіиісіп, қол жүгірте бастайды. Қыздың қарсыласқанына қарамастан, оны күштеп далаға алып шығады. Далаға шыққанда жігіт итеріп жіберген соң, қыздың басы жарылып, қаза табады.

Бұл біз білетін қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар. Қоғам белсенділерінің айтуынша, ашылмай қалып жатқан отбасы, ошақ қасындағы ауыр жағдайлар ресми статистикадан әлдеқайда көп.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға