жасанды интеллект

Жақын адамыңыз алаяқтарға алданып қалса, оған қалай көмектесу керек?

01.04.2026 16:30

Қазіргі алаяқтық оңай танылатын қарапайым алдау емес. Көп жағдайда адам өзін алдап жатқанын түсінбей де қалады. Керісінше, ол дұрыс әрекет жасап жатырмын, ақшамды сақтап қалдым немесе біреуге көмектестім деп ойлайды.

Сарапшылардың айтуынша, мәселенің ең қауіпті тұсы да осында. Алаяқтар адамның логикасына емес, психологиясына әсер етеді. Қорқыныш тудырады, уақытты шектейді және жалғыз «дұрыс» шешімді ұсынады. Fingramota.kz мамандары мұны алдын ала дайындалған сценарий деп түсіндіреді. Онда әр қадам нақты есеппен жасалады, ал жәбірленуші өз әрекетін толық бақылап отырмын деп сенеді.

Оқи отырыңыз: 

Алаяқтық қалай басталады

Көп жағдайда бәрі күтпеген қоңыраудан немесе хабарламадан басталады. Адамға өзін банк қызметкері ретінде таныстырған біреу хабарласып, есепшотында күмәнді операция тіркелгенін немесе оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтады. Мұндай ақпарат адамды бірден үрейге түсіреді. Осы сәтте оған ойлануға уақыт берілмейді. Керісінше, «қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырылып қаласыз» деген қысым жасалады. Кейін қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару ұсынылады. Жәбірленуші бұл әрекетті алаяқтарға көмектесу ретінде емес, өз ақшасын қорғау деп қабылдайды.

Сенімге кіріп, кейін ақша сұрайтын схемалар

Соңғы жылдары жалған инвестиция мен онлайн-таныстық арқылы жасалатын алаяқтық та көбейген. Мұндай кезде адаммен бірден ақша туралы сөйлеспейді. Алдымен сенім орнатылады: сыпайы қарым-қатынас, түсіндіру, жалған табыс көрсету. Адам өзін жағдайды бақылап отырмын деп ойлайды.

Бірақ уақыт өте келе одан көбірек ақша салу сұралады немесе «қиын жағдайға көмектесу» туралы өтініш айтылады. Бұл кезде жәбірленуші бейтаныс адамға емес, өзі сенген адамға көмектесіп отырмын деп есептейді.

Қандай белгілерге назар аудару керек

Мұндай жағдайларда адамның мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау маңызды.

Мұндай схемалар адамның күнделікті өмірінде міндетті түрде із қалдырады. Адам кенеттен тұйықталып, ашушаң бола бастайды, жоспарларын өзгертіп, себепсіз жоғалып кетуі мүмкін, ұзақ уақыт жалғыз сөйлеседі немесе ақшаға қатысты сұрақтарға мазасыз жауап береді. Бұл міндетті түрде алаяқтық деген сөз емес, бірақ мұндай белгілерді елемеуге болмайды, – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев.

Сондай-ақ келесі белгілер де күмән тудыруы мүмкін:

  • – банкке жиі бару немесе ақша аударымдары туралы әңгімелер
    – бұрын қолданбаған қосымшаларды орнату
    – түсініксіз себеппен ірі көлемде қарыз сұрау

Кейде мұндай белгілердің біреуі-ақ жағдайға назар аударуға жеткілікті.

Неге қысым жасау қауіпті

Жақындарының ең жиі жіберетін қателігі – адамды кінәлау.

Қатты айтып, ұялту арқылы адамды «сабасына түсіреміз» деген ой көбіне кері нәтиже береді. Мұндай кезде адам тұйықталып, қорғанысқа өтеді. Нәтижесінде ол өзін түсінгендей көрінетін алаяқтарға одан сайын сенім артады, – дейді Александр Терентьев.

Алаяқтар дәл осы оқшаулауға сүйенеді. Олар жәбірленушіні ешкіммен бөліспеуге, кеңеспеуге итермелейді. Егер жақындары да қысым көрсетсе, бұл олардың жоспарын күшейтеді. Сарапшылар мұндай жағдайда сабыр сақтауды бірінші орынға қояды. Алдымен адамды эмоциялық қысымнан шығарып, жағдайды тыныш жағдайда талқылау қажет. Әңгіме барысында кінәлау емес, нақтылау маңызды.

Кім хабарласқанын, не айтылғанын, қандай әрекеттер жасалғанын – осының бәрін байыппен сұрап, ақпаратты бірге ресми дереккөздер арқылы тексеруді ұсынған дұрыс. Кей жағдайда адам бірден келіспеуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай, өйткені шындықты мойындау психологиялық тұрғыдан қиын.

Ақша аударылып қойса ше?

Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпау маңызды. Алдымен барлық дәлелдерді жинау керек: хат алмасу, байланыс нөмірлері, түбіртектер, банк көшірмелері. Одан кейін банкке дереу хабарласып, операцияны тоқтатуға әрекет жасау қажет. Егер несие рәсімделсе, тиісті құжаттарды көтеріп, тексеріс талап еткен жөн.

Бұл өздігінен шешілетін жағдай емес. Неғұрлым ерте құқық қорғау органдарына жүгінсеңіз, соғұрлым алаяқтардың ізімен жұмыс істеу мүмкіндігі жоғары болады, – деп ескертеді сарапшы.

Алаяқтықтан кейінгі ең маңызды қолдау

Алаяқтық салдары тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Адам өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске түседі. Сондықтан жақындарының басты міндеті – алдымен қауіпсіздік пен қолдау сезімін қалпына келтіру. Ал содан кейін ғана болған жағдайды бірге талдауға болады.

Бұған дейін  біз алаяқтарды қалай анықтауға болатыны туралы жазған едік.