Жаңалықтар

Жапонияның ғылым жүйесі

Екі соғыста ірі жеңіліске ұшырап, соған қарамастан қысқа уақыт ішінде әлемнің ең дамыған еліне айналған Жапонияның ғылым жүйесі қандай?
05.06.2015 12:22 22290

Жапония ұзақ ғасырлар бойы технологиялық тұрғыда дамыған мемлекеттердің жолын қуып, оларға жете алмай келді. Тек ХІХ ғасырдың ортасында ғана Жапон үкіметі Батыс елдері деңгейіне жету үшін бірқатар іс-шаралар қабылдай бастады.

Жапонияның ғылым жүйесі

Мэйдзи дәуірінде (ХІХ ғасырдың екінші жартысы) дамыған елдердің мамандарын жалдау мен техникасын импорттау және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы бүкіл заманауи технология елге әкеліне бастады. Дәл осы кезде білім беру саласында реформа жасалды. Техникалық білім беруге аса үлкен назар аударылды және экономиканың басым бөлігі мемлекет бақылауындағы әскери салаға тиесілі болды. Әскери зауыттар технологиялық даму орталықтары іспеттес болды. Осылайша, ұлттық ғылыми-техникалық жүйе 1915 жылға қарай құрылып бітті.

Жапония экономикасына Екінші дүниежүзілік соғыс қатты әсер қалдырып, технология импорты тоқтатылды. Осының әсерінен мемлекет технологиялық даму жағынан батыс елдерінен тағы да артта қалды. Осы тұрғыда Үкімет маңызды шешім қабылдап, ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру мақсатында шетелдік фирмаларға шектеу қойылды. Мәселен, Жапон жеріне технологияны импорттау үшін міндетті түрде жергілікті территорияда өндіріс орындарын салу қажет болды. Бұл саясаттың нәтижесі ұзақ күттірмей, 1960 жылдардан бастап өз жемісін бере бастады. Жапония әлемдік нарықта салмақты бәсекелеске айналды. 1980 жылдары күншығыс елі жоғары технологиялық өнімдердің ең ірі экспортерлерінің біріне айналды.

1990 жылға дейін ғылыми жұмысқа жұмсалатын қаражаттың тұрақты өсуінің әсерінен инновациялық даму қарқыны өте жоғары болды. Алайда 1990 жылдары экономика саласындағы қиындықтарға байланысты елдің ғылыми-инновациялық потенциалы төмендеді. Осы кезде Жапония үкіметі ғылыми жұмыстардың тиімділігін арттыруды көздейтін жаңа ғылыми-инновациялық стратегия қабылдады. Стратегияны жүзеге асыру барысында орталық үкімет реформаланып, ғылым жүйесін мемлекеттік басқару құрылымы орталықсыздандырылған күйден орталықтан күйге ауысты. Инновациялық қызметті реттейтін заңнамалық база жасалып, жаңа ғылыми-инновациялық жүйені құрудағы ұлттық университеттің рөлін күшейтетін шаралар қабылданды, сондай-ақ  экономикалық білім жолындағы елдің ұзақ мерзімді стратегиялық қажеттіліктері қайта қарастырылды. Осылайша, мемлекеттегі ғылыми-инновациялық жүйе дамуының жаңа дәуірі басталды.  

Бүгінгі таңда Жапония жоғары инновациялық белсенділікпен, заманға сай жаңартылған өндірістік аппаратпен, тоқтаусыз дамытылып отырған өнім сапасымен ерекшеленеді. Нәтижесінде жапон қоғамының материалдық жағдайы мен мәдениет деңгейі артып, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы жағынан күншығыс елі әлемдік рекордсмен атанды. 2000-2005 жылдары ерлер арасындағы орта жас 78 болса, әйелдер үшін 85 жас болды.

Экономикалық қиындықтарға тап болған тұста, қалыптасқан өндірістік жүйе мен жоғары дамыған ғылыми-техникалық саланың арқасында Жапония олардың бәрін сәтті шеше алады. 2005 жылдың 1-сәуірінде зерттеушілердің саны 791 мың адамды құрады. 2004 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми жұмыстарға жұмсалған шығын көлемі 16,9 трлн. иен, яғни 127,1 млрд. долларға (ЖІӨ-нің 3,4%) тең болды. Бөлінген қаражаттың көлемі бойынша Жапония АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленсе, жұмсалған шығынның ЖІӨ-дегі үлесі бойынша Америка Құрама Штаттарынан асып түсті.

Елдің экономикалық дамуына мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасының жоғары мәдениеті оң әсерін тигізіп отыр. Мемлекеттік құрылымдар тұрақты түрде кәсіпкерлерге бағыт-бағдар мен ұсыныстар даярлап отырады және әртүрлі ынталандырушы шаралар арқылы оларды тиімді және перспективалық қызмет түрлеріне жұмылдырып, бизнеске инновациялық басымдық береді.

Ғылым ұлттық экономиканың дамуы үшін салмақты үлес қоса алатындай жағдай жасау оңай міндет емес. Оны жүзеге асыру үшін экономикалық, әлеуметтік және ғылыми салалардағы барлық факторларды ескеру қажет. Мұндай факторларға қолда бар қажетті ресурстарды анықтау, кәсіпкерлік сектор мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың сипаты, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының жағдайы, ғылыми-технологиялық саланың құқықтық қамтамасыз етілуі жатады.

Дегенмен әлемнің негізгі индустриалды дамыған мемлекеттері мұндай міндеттерді сәтті орындай алады және олардың тәжірибесі Қазақстан мамандары үшін өте пайдалы болмақ. Мәселен, Жапонияның инновациялық қызметтегі басымдықтарды таңдау әдісі көптеген сарапшыларды қызықтырады.

Жапония тәжірибесінің негізгі ерекшелігі ғылыми-техникалық басымдықтардың жалпы көлемін таңдауда. 1970 жылдары күншығыс елі ғылыми-техникалық потенциалы бойынша алдыңғы қатарлы батыс елдерінің деңгейіне жетті. Ары қарай қалай даму қажеттігі туралы сұрақ пайда болды. Әлемдік экономикалық жағдай мен Жапонияның ресурстық мүмкіншіліктері талданып, келесідей қорытынды жасалды: АҚШ жүзеге асырып отырған ғылыми-техникалық кешенді кең ауқымды, яғни барлық бағытта жүргізу стратегиясы Жапония үшін қолайсыз. Сол себепті бұл ел екінші жолды таңдады: ұлттық ресурстарды жекелеген ғылыми және өндірістік бағыттарға жұмылдыру, яғни экономикалық дамудың іріктемелі стратегиясын таңдау. Тек осы жағдайда ғана бірқатар арнаулы салаларда, қажетті ресурсты молынан пайдалана отырып, АҚШ деңгейіне жетіп қана қоймай, оларды озып, әлем бойынша бірінші орынға шығу мүмкін болды. Өзге бағыттарда шетелдік жетістіктерді пайдалану туралы шешім қабылданды. Яғни күншығыс елі өздері шамасы келмеген ғылым салалары бойынша өзге елдердің патенттерін, лицензияларын және дайын техникаларын сатып алып, соларды бақылай отырып, қолдануды жөн көрді.

Соңғы уақыттарда көптеген елдер Форсайт әдістеріне жүгінуде, өйткені әлемдік ғылыми-технологиялық дамудың бағыты мен жолын болжау тиімді ұлттық инновациялық саясат құрудың басты шартына айналды.

Форсайт әдісі (ағылш. Foresight – болашақты көру, болжау) – әлеуметтік-экономикалық табыс әкелуге қабілетті жаңа технологиялар мен зерттеулердің стратегиялық бағыттарын анықтау мақсатында ғылымның, технологиялардың, экономика мен қоғамның ұзақ мерзімді перспективаларын жүйелі түрде бағалауға талпыну.

Мұндай стратегия сыртқы әлеммен тығыз қарым-қатынасты болуды міндеттейді, себебі тек сонда ғана мемлекет өзінде жетіспейтін шикізаттық, интеллектуалдық және ақпараттық ресурстарға қол жеткізе алатын болды.

Осы стратегия аясында бірқатар ғылыми-техникалық бағыттар басымдықтар тізімнен алынып тасталды. Мұндай бағыттарға мысал ретінде ұшақ жасау мен авиациялық қозғалтқыш өндірісін атап өтуге болады. Соғыстан кейін жапон авиациялық өндірісі толықтай жойылған болатын, сол үшін аталмыш саланы жоғары деңгейде қайта құру мүмкін болмады. Әскери техника жасау «қорғаныс күштерінің» шағын тапсырыстарымен шектелді. Осының әсерінен азаматтық бағыттарға көбірек ресурс жұмсауға мүмкіндік туды. Әлемдік және Жапонияның ішкі нарығында сұранысқа ие емес өнімдер де өндірушілердің назарынан тыс қалды. Сондықтан да ядролық синтез проблемасы мен экстремалды құбылыстарды зерттеуге қажетті электронды техникаларды жапондықтар шетелден сатып ала бастады.

Өздерінің негізгі күштерін жапондық фирмалар өз басымдықтарын сыйымдылығы үлкен, кең нарықта орнату үшін жұмсады. Мәселен, күншығыс елі автокөлік және мотоцикл, радиоқабылдағыш және телевизор, магнитофон, медициналық құрал-жабдықтар, химиялық өнімдер, темірдің сапалы түрлерін, синтетикалық материалды жасау cекілді жұмыстарды толықтай қолға алды. Кейіннен бұл тізімге электрондық компоненттер қосылды: компьютерлер, офистік және коммуникациялық техникалар, видеокамералар, сандық фотоаппараттар, сұйық кристалды және плазмалық экраны бар телевизорлар.

Аталған стратегия қысқа уақыт аралығында өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Жапондық өнімдердің күшін Батыс Еуропа мен АҚШ бірден байқады. 70-жылдардың ортасында-ақ Жапония жеңіл және ауыр өнеркәсіптің көптеген өнімдері бойынша дәстүрлі көшбасшыларды ығыстырып, әлемдік нарықты жоғары орындарға бекінді. Бұл кезде күншығыс елінің ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге америкалық деңгейдің 4 есе аз қаражат жұмсады. Әлем елдері «жапондық қауіп» немесе «жапондық сын» туралы ойлай бастады. Мәселен, жапондық станок жасаушылар көп елдер үшін салмақты мәселеге айналды. Олардың станоктары батыс елдерінікіне қарағанда бірқатар қасиеттер бойынша төмен болса да, сатылым жағынан әлемдік нарықтағы көшбасшы болды. Еуропалықтар жапондықтарды демпингтік бағамен сатуда деп айыптады. Алайда Батысгермандық машина жасаушылар бірлестігінің жүргізген арнайы зерттеуі бұл құбылысты қарапайым түрде түсіндіріп берді. Зерттеу жапондықтардың экономикалық және технологиялық сәтті дамуы үшін жасаған бірнеше шараларын көрсетті:

1) Зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы фирма аралық кооперация. Бұл әріптестік бәсекеге дейінгі кезеңді қамтыды. Яғни мүдделі компаниялар базалық жаңалықтарды (технологиялы, техникалық және ақпараттық) бірге құрады, сондай-ақ ұйымдасу жағынан және қаржыландыру жағынан мемлекет жарым-жартылай көмек көрсетті. Бәсекелестік тек келесі кезеңде, зерттеулер мен әзірлемелер коммерция көзіне айналған кезде, орын алды. Әрбір фирма сол сәттен бастап жеке дара даму жолын бастады.

2)  Шетелдік жаңа құрал жабдықтарды, патенттер мен лицензияларды сатып ала отырып, заманауи технологияларды кеңінен қолдану.

3)  Шығарылған өнімнің кең көлемділігі жасалған бұйымдардың бағасын төмендетуге мүмкін берді. Мәселен, өндіріс көлемін екі есе көбейту сатылымдағы өнімнің бағасын 30%-ға арзандатты.

4)  Нарықтың белгілі бір сегменттеріндегі концентрация және кең көлемді сұранысқа ие тауарларды шығаруға бағдарлану.

Әлемдік нарықты өте мұқият талдай отырып, жапондық өнім өндірушілер қалың тұтынушының сұраныстарын қанағаттандыруға басты назар аударды. Тұтынушыларды сұранысын қанағаттандыру үшін орташа деңгейлі бұйымдар жеткілікті болды, бастысы қазіргі заманға сай техникалық қасиеттер мен дизайны бар және арзан болуы шарт еді. Жапондық компаниялар бұл шарттарды қиналмай орындай алды. Түпкі өнімнің арзан болуына сол кезде жапон өндірісіндегі еңбек күшінің арзан болуы да өз әсерін тигізді. Сол себепті жаңа өнімдердің басым көпшілігі АҚШ-та бірінші болып пайда болғанымен, оны өндіру барысында жапондық фирмалар алға шығып кете берді.

Соңғы уақыттарда Жапония өндірістік басымдықтардан бөлек, ғылыми-зерттеу қызметінің басымдықтарына аса үлкен назар аудара бастады. Өйткені күншығыс елі ғылым мен техника ел дамуының негізі екендігін түсінді. Осы идея «Ғылым, техника және технология туралы негізгі заңда» бекітілді. Аталмыш тезис ғылыми-техникалық қызметке жоғары қоғамдық мәртебе берді.

Белгіленген мақсатқа жетуге Жапония Премьер-министрі жетекшілік ететін Ғылыми-техникалық саясат жөніндегі Кеңес үлкен үлес қосуда. Кеңес премьер-министрдің нақты сұраулары бойынша және өз бастамасымен ұсыныстар әзірлесе, оның ішкі комитеттері мен комиссиялары ғылыми-техникалық саясаттың маңызды мәселелері бойынша баяндама даярлайды. Кеңестің негізгі қызметі инновациялық дамудың басымдықтарына түзетулер мен толықтырулар енгізу болып табылады.

Жалпы әлемдік теденциялар мен жапон қоғамының алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді саралаудың нәтижесінде, 2001 жылы Кеңес ғылыми-техникалық даму саласындағы ұлттық стратегия жоспарын жасады. Стратегияда іргелі зерттеулерге басымдық беріліп, екі ірі басым сала ерекше аталды. Бірінші салаға іргелі зерттеулер аясындағы бағыттар жатты: өмір туралы ғылым, информатика және телекоммуникация, нанотехнология және экология. Екіншісіне қолданбалы бағдардағы ғылым салалары кірді: энергетика және ресурстар, өндірістік техологиялар, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдар, Жер мен ғарышты зерттеу.

Зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы жалпыұлттық басымдықтарды нақтылаудағы ерекше әдіс ретінде жапониялық инновацияны болжау әдісін қарастыруға болады. 1971 жылдан бері жапон мамандары тұрақты түрде бес жылда бір рет келешек 30 жылғы кезеңде жүзеге асатын ғылыми және техникалық жетістіктердің болжамын даярлап, жариялайды. Жарияланған материалдарды елдің ғылыми-техникалық саясатын жасаушылар, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалар, оқу орындары, сондай-ақ кәсіпкерлер кеңінен қолданады. Сонымен қатар бұл болжамға шетелдік мамандар да қатты назар аударады. Олар жапондық болжамдарды өздері жасаған әлемдік инновациялық үдерістерді зерттеулер нәтижесімен салыстыра отырып қорытынды жасайды.

Болжамды әзірлеу екі кезеңнен тұрады. Алғашында жапондық мамандар түрлі ғылыми және техникалық салалардағы жүзеге асуы мүмкін инновациялық жетістіктердің тізімін құрады. Одан кейін ұйымдастыру, басқару және әлеуметтік инфрақұрылым секілді әртүрлі тақырыптар қарастырылады.

Келесі кезеңде әзірлемеге сарапшылар кіріседі. Олар арнайы анкеталарда болжанып отырған жетістіктердің жапон қоғамы үшін маңыздылығын көрсетіп, оларды жүзеге асырумен байланысты проблемалар бойынша өз көзқарастарын білдіреді. Дельфи әдісін қолдануға негізделген эксперттік сұрауды ұйымдастырудың заманауи әдістері сенімді бағалауға қол жеткізу мүмкіндігін береді. Сол себепті жапондық болжамдар ғылыми және тәжірибелік қызығушылықтарды туғызады. Келесі бір салмақты параметрге эксперттердің күтілетін инновациялық жетістіктің маңыздылық деңгейін анықтауы жатады. Болжанған инновацияның маңыздылығы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым оның іс-жүзінде жүзеге асу мүмкіндігі артады, өйткені сол инновацияға басымдық беріледі.

Дельфи әдісі – бірқатар қадамдардан тұратын және арнайы әдістеме көмегімен жасалған анкеталық сұрақтар арқылы бірнеше тәуелсіз сарапшылардың пікірлері арқылы белгілі бір мәселені бағалау әдісі. Көп жағдайда болашақты болжау кезінде қолданылады.

2010 жылы Ұлттық ғылыми-техникалық саясат институты (NISTEP) 2040 жылға дейінгі кезеңге кезекті тоғызыншы болжамын жариялады. «Қауіпсіздік», «Қорғаныс», «Халықаралық әріптестік» және «Халықаралық бәсекелестік» деген атауға ие төрт жалпы бөлімнен тұратын зерттеу 12 тақырыптық тарауды қамтып, 135 сарапшыдан тұрды. Сарапшылар әртүрлі саладан таңдалды: гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жаратылыстану (университеттер, индустриялық сектор және зерттеу ұйымдары). Алдымен мүмкін болатын барлық тақырыптар тізімі жасалып, содан соң кең ауқымды дискуссиялар арқылы қауіп-қатерлер мен мақсат-міндеттер 24-ке қысқарды. Мәселен, зерттеу нәтижелерінің бірі ретінде Жапонияның Қытай елімен әріптестікті күшейту туралы ұсыныс даярланды. Өйткені аспан асты елі экономикасы жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға дейін көтеріліп, тұрақты дамуда.


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға