Жапонияда жасанды интеллект саяси партияға жетекші болады
Жапонның «Қайта жаңғыру жолы» атты саяси партиясы енді оның жаңа басшысы жасанды интеллект (ЖИ) болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
AFP мәліметінше, бұған дейін партияны басқарған Синдзи Исимару шілде айында Жапония парламентінің жоғарғы палатасына өткен сайлауда сәтсіздікке ұшыраған соң қызметінен кеткен.
Исимару бұл партияны қаңтар айында құрған болатын. Оған дейін ол Жапонияның батысындағы шағын Акитаката қаласының мэрі қызметін атқарған. «Қайта жаңғыру жолының» нақты саяси платформасы жоқ, ал оның мүшелері өз бағдарламаларын өздері құрастыра алады.
Жаңа көшбасшы жасанды интеллект болады, - деді партияның жаңа жетекшісі болып сайланған 25 жастағы аспирант Коки Окумура.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жасанды интеллектті университетте оқып жүрген Окумура өзі ЖИ-дің көмекшісі рөлін атқаратынын айтты. Оның сөзінше, ол формальді түрде партияны басқарады, ал жасанды интеллект ресурстарды бөлу сияқты ұйымдастырушылық міндеттерді орындайды. Дегенмен ЖИ партия мүшелерінің саяси бағытына араласпайды. Қазірге дейін бұл жоспарды жүзеге асырудың нақты мерзімі мен тәсілдері белгіленбеген.
Айта кетейік, маусым айында өткен Токио префектурасының парламент сайлауында «Қайта жаңғыру жолы» ұсынған 42 кандидаттың бірде-бірі мандатқа ие бола алмады. Ал шілде айында Жапония парламентінің жоғарғы палатасына өткен сайлауда партия атынан сынға түскен 10 кандидат та жеңіліс тапты.

