© AP Photo / Kim Kyung-Hoon

Жапония тарихында алғаш рет әйел премьер-министр болуы мүмкін

Жапонияның саяси тарихында алғаш рет үкімет басшысы қызметіне әйел тағайындалмақ. Елдің билеуші Либерал-демократиялық партиясы (ЛДПЯ) өзінің жаңа көшбасшысы ретінде 64 жастағы Санаэ Такаитиді таңдады. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Парламент 15 қазанда оның кандидатурасын ресми түрде бекіткен соң, Такаити Жапонияның премьер-министрі қызметін ресми атқара бастайды.

Партия ішіндегі сайлау қалай өтті

ЛДПЯ ішкі сайлауы екі кезеңде өтті. Бірінші турда Санаэ Такаити 183 дауыс жинап, екінші кезеңге ауыл шаруашылығы министрі Синдзиро Коидзумимен бірге шықты. Қорытынды раундта ол 185 дауыспен жеңіске жетіп, қарсыласы 156 дауыс алған.

Бұл өзгеріс партия ішіндегі дағдарыспен тікелей байланысты. Бұрынғы премьер-министр Ёсихиса Исиба сайлаудағы бірқатар жеңілістер мен жазғы айларда рейтингтің 23%-ға дейін құлдырауынан кейін отставкаға кеткен. Оның қысқа мерзімді басқару кезеңі саяси жанжалдармен, экономикалық қиындықтармен және оңшыл «Сансэйто» партиясының күшеюімен есте қалды.

Санаэ Такаити кім?

Санаэ Такаити — Жапонияның тәжірибелі саясаткерлерінің бірі. Ол алғаш рет парламентке 1993 жылы сайланған. Содан бері экономикалық қауіпсіздік, ғарыш және ғылыми саясат, ішкі істер министрі сияқты маңызды қызметтерді атқарған.

Саяси көзқарасы тұрғысынан Такаити — консервативтік бағыттың өкілі. Ол:

  • елдің пацифистік Конституциясын қайта қарауды,

  • қорғаныс күштерін күшейтуді,

  • біржынысты некелерге қарсы болуды,

  • сондай-ақ әйелдердің император тағына отыруына қарсылық білдіруді қолдайды.

Экономикалық салада ол салық мөлшерін азайту, аймақтарға субсидия бөлу және энергетика мен жартылай өткізгіш өндірісі сияқты стратегиялық салаларды қолдау саясатын ұстанады.