Жапонияның Nippon Travel Agency туристік компаниясы ғарыш кеңістігі арқылы жүзеге асатын ракеталық әуе сапарларын іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
SCMP басылымының мәліметінше, бұл қызмет 2030-жылдары іске қосылады. Жоба аясында жолаушылар Токио мен Нью-Йорк сияқты қалалар арасындағы сапарды бар болғаны 60 минутта еңсере алады.
Мұндай сапардың құны – шамамен 100 миллион иена (яғни, 657 мың АҚШ доллары) болады. Бағдарлама Innovative Space Carrier атты токиолық стартаппен бірлесе жүзеге асырылады. Компания көп мәрте қолданылатын зымыран жүйелерін әзірлеумен айналысады.
Nippon Travel Agency жобаның маркетингі мен қосымша өнімдерін әзірлеуді қолға алады. Ал стартаптың президенті Кодзиро Хатада билет бағасын төмендету үшін рейстер санын арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Қызметке алдын ала тапсырыс қабылдау 2026 қаржы жылында басталады. Алғашқы кезеңде ғарыш тағамдарын дәмін көру және ғарышқа қатысты жерүсті нысандарына экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланған.
Келесі онжылдықта, яғни 2040 жылдары, Жер орбитасында уақытша болу қызметі іске қосылады.
Осылайша, Жапония ғаламдық туризмнің жаңа дәуірін бастап, халықаралық сапарларды ғарыштық деңгейдегі тәжірибеге айналдыруға бір қадам жақындады.

