Жаңалықтар

Жапондықтар зілзалаға қалай дайындалады? Жапонияда 15 жыл тұрған Жадыра Сембай айтып берді

Жапондықтар зілзалаға қалай дайындалады? Жапонияда 15 жыл тұрған Жадыра Сембай айтып берді
Фото: instagram.com/jadra_japan 25.01.2024 18:00 7536

2024 жыл әлем елдерінде табиғи апаттармен басталды. Соның ішінде Жапонияда 7,6 балдық зілзала халықтың үрейін ұшырды. Зардап шеккендер де бар. Алматыдағы жер дүмпуінен кейін қарапайым тұрғындар қорқып қалғаны да белгілі. Осы орайда Жапонияда 15 жыл тұрған Жадыра Сембайдан жапондықтардың жер сілкінісіне көзқарасын сұрап білдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 

Жапониядағы жер сілкінісі

1 қаңтарда Жапонияда бірқатар күшті жер сілкінісі болды. Екі сағат ішінде елдің батыс жағалауында Ишикава және Ниигата префектуралары аймағында 29 жер дүмпулері тіркелді. Ең күштісі "жер бетіне өте жақын" ошағы бар 7,6 баллдық жер сілкінісі болды.

Жерасты дүмпулерінің негізгі бөлігінің магнитудасы 4,5-тен 5,7-ге дейін болды. Жерасты дүмпулері Жапонияда қабылданған жеті баллдық шкала бойынша 3-тен 7 баллға дейін тіркелді. Жер асты дүмпулерінің көпшілігі 3 және 4 балл, алты жер сілкінісі 5 балл, біреуі 2 балл болды.

Жапонияның батыс жағалауында Хоккайдоның солтүстігінен Оңтүстік Кюсюге дейін цунами қаупі жарияланды, Исикава префектурасы аймағында қуатты цунами қаупі жарияланды. Вадзима жағалауында биіктігі 50 сантиметрден 1,2 метрге дейінгі толқындар тіркелді. Әлемдегі ең ірі Кашивазаки-Карива атом электр станциясының жанында биіктігі 0,4 метр цунами тіркелді. Исикава префектурасында болған жер сілкіністерінің салдарынан жүзден астам ғимарат зақымдалып, кейбірі қирады. Дүйсенбіде Жапонияның шалғайдағы Ното түбегінде болған 7,6 балдық жер сілкінісінен кем дегенде 84 адам қаза тапты.

Ең көп зардап шеккен Исикава префектурасының билігі Ваджима қаласында 48 адам және Сузуда 23 адам қайтыс болды деп хабарлады. 330 - дан астам адам жарақат алды, олардың кем дегенде 25-інің жарақаты ауыр екені айтылды.

 

Балабақшадан бастап дайындайды

Жапонияда 10 жылдан астам уақыт бойы өмір сүрген отандасымыз Жадыра Сембай қазір Алматыда тұрады. Ол Алматы мен Жапониядағы жағдайды салыстырып, ой бөлісті. Сондай-ақ Жапонияда 2011 жылы болған зілзаланы өз көзімен көрген.

Жапонияда 14-15 жыл уақыт тұрдым. Мен бар кезде Жапонияда қаншама рет жер сілкінісі болды. Оның ішінде ең қатты есімде қалған жем дүмпуі 2011 жылы 9 балдық болған еді. Ол кезде цунами де болды. Жер сілкінісі кезінде жапондықтар көп нәрсеге мұқият қарады. Сабыр сақтап, қандай да бір қиындық келсе, барлығы бір-біріне көмектеседі. Тек өзін ғана ойламай, жан-жағындағы адамдарды ойлап, әрекет етеді. Сол жағы өтте қатты таңғалдырды, - дейді Жадыра Сембай.

Ел ішінде табиғи апатты дінмен байланыстырып, бұл Алланың сынағы деп жатқандар да көптеп кездеседі. Ал жапондықтар ше? Олар қалай ойлайтыны көпшілікті қызықтыратыны анық.

Жапон халқы дінге көп мән бермейді. Бірақ, Алла деп айтпаса да, бізге күш-қуаттан келген сынақтар деп айтады және оған ешқандай ғылымды-білімді білсе де, ештеңе жасай алмайтынын түсінеді.  Бірақ сол сынаққа жақсы төтеп беру керек екенін есте сақтайды. Сол сынақ кезінде бір-бірімізді итеріп, көмектеспей қалсақ, онда бізге одан да екі есе үлкен апаттарды жібереді деп сенеді. Сол себепті, Жапонияда цунами болсын, жер сілкінісі болсын бір-біріне көмектеседі. Әрине, қол қусырып отырмай, бірінші кезекте одан сақтану жолдарын ойлап табады. Мысалы, табиғи апатты ескермей, сапасыз ғимараттар мен құрылысты жөн-жосықсыз сала бермейді. Табиғи апатқа төтеп беретін сапалы, адам өмірін сақтайтын ғимараттарды тұрғызуға бүкіл күш-жігерін жұмсайды. Осы ұстанымның арқасында 2011 жылы болған 9 балдық жер сілкінісінде үйлер аман қалды. Оны мен өз көзіммен көрдім. 9 балдық жер сілкінісінде 100 қабатты ғимараттар тек қана тербеліп, теңселіп тұрды. Себебі, оның астында пружина сияқты, домалақ шариктер қойылған. Жер сілкінісі кезінде тек шариктер қозғалып, үйлерге зақым келмейді. Баланы бесікке салған секілді, дәл сол сияқты үйлер де тербеліп тұрды, - дейді кейіпкеріміз.

Жадыраның айтуынша, жапондықтарға бала күнінен бастап зілзала, өрт, цунами кезінде қалай әрекет етуді үйретеді.

Жапонияда осындай табиғи апаттарға балабақшадан бастап дайындайды. Не істеу керек, өзіңді қалай қорғау керек, басқаларға қалай көмек беру керек дегенді бала кезден үйретеді. Жер сілкінісіне арналған арнайы алаңдар болады. Сол алаңдарда балаларды кіргізіп, қандай сезімде болатынын көрсететін орталықтар бар. Жылынакем дегенде 2 рет сондай жерге барып сабақ өтіп тұрады, - дейді Жапонияда тұрған Жадыра.

Ал зілзаланың болуын 1-2 ай уақыт бұрын болжап қояды. Халыққа ерте бастан ескертуді бастайды.

Жапонияда осындай табиғи апаттарды болжайтын арнайы мекеме бар. Олар алдын-ала қатты жел болуы мүмкін немесе жер сілкінісі болуы мүмкін екенін 1-2 ай бұрын біліп отырады. Олар осындай айдың, осындай уақытында қатты жер сілкінуі мүмкін деп айтады. Жер қыртыстарын зерттеу үшін үлкен жұмыстар істейді. Жер сілкінісінен бұрын 10 минуттай бұрын телефондарға арнайы дыбыс келеді. Тіпті, телефон сөндірулі тұрса да, өзінің сигналын береді. «Абайлаңыз, жер сілкінісі болады», - деп ескертеді.

Жадыра Алматыдағы зілзала кезінде қандай ой түйгенін де айтып берді.

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде көп дүниелерді ойладым. Алматыда өте биік құрылыстар көп. Таулы аймақ болғандықтан, жер дүмпулерінің болу ықтималдығы жоғары. Бұл құрылыстардың жағдайы қандай болатыны қызық болып тұр. Құрылысты салғанда қандай материалдар қоланылып жатқаны, жер сілкінісіне төзімділігін тұрғындардың өзі тексеруі тиіс. Ғимаратты салу барысында бәрін көрсету керек. Ал жер сілкінісі болған жағдайда қай есіктен шығу керек, қалай шығу керектігі көрсетілуі тиіс, - дейді Жадыра Сембай.

 

Жапонияда ғимараттарды қалай салады

Жапония әлемдегі сейсмикалық қауіп ең жоғары аймақта орналасқан. Бірақ бұл зәулім үйлер мен көп қабатты үйлер салуға еш кедергі келтірмейді. Жапон аралдары үнемі табиғи апаттан көз ашпайтын бірнеше жанартауларда орналасқан. Сондықтан кез келген ғимараттардың құрылысына ерекше назар аударады. Осылайша жапондықтар өмір бойы жер сілкінісіне төтеп бере алатын ең берік үйлер мен ғимараттарды салуды үйренді. Жапониядағы барлық дерлік ғимараттар жер сілкінісінен қорғалған. Сонымен қатар, әртүрлі технологиялар қолданылады, бұл мүмкіндіктерді едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Құрылыс технологиясын зерттеу үшін әлемдегі ең ірі ғылыми орталықтар құрылып, бүгінге дейін жұмыс істеп тұр.

Заңнамалық деңгейде құрылыс салушыларды сейсмикалық тұрақты материалдар мен технологияларды қолдануға міндеттейтін арнайы құрылыс ережелері мен нормалары енгізілді. Осы процестердің нәтижесінде жапондарға ірі мегаполистерде өмірі мен денсаулығы үшін зардап келтірмейтін зәулім ғимараттар салуға мүмкіндік беретін бірқатар ерекше технологиялар жасалды.

Жапониядағы үйлер Rail Foundation жүйесіне негізделіп салынады. Яғни, ғимараттар ғимараттардың іргетасы рельс үстіне салынады. Бұл жер дүмпуі кезінде үйлердің жер қыртысынан тәуелсіздік рельстермен қозғалуына көмектеседі. Рельсті іргетас жүйесі кезінде ғимараттың іргетасын жерден ажыратуға мүмкіндік беретін резеңкеден жасалған бамперлер орнатылады. Зілзала кезінде аталмыш бамперлер ғимараттардың қисап, құлап қалмай, тербелуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ құрылыста салу кезінде қабырғаларға металл тақталары орнатылады. Сол себепті ғимараттар бір уақытта қозғалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға