Жаңалықтар

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты
Фото: ©El.kz/Сәкен АРЫС 09.05.2023 13:06 1766

Ардагер ақсақал Солтанбай Жарықбасұлы биыл 99-ға толды. Ғасырға жуық жасаған ақсақал 1924 жылы 17 ақпанда туған. Бірақ ол заманда қазақ ауылы баланың құжатын тәй-тәй басып жүре бастағаннан кейін алады. Сондықтан онда туған жылы «1925 жыл» деп бір жылға жасарта көрсетіліпті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда  Солтанбай Жарықбасұлы мұрты тебіндеп жаңа шыққан жас бозбала еді. Балиғат жасына жеткенде соғысқа бір үйден жалғыз аттанбапты. Алдымен әкесі, содан кейін екі бауыры қан майданға шақырылған. Анасы емшектегі кішкентай қарындасын бауырына басып, бір әулеттің түтінін түтетіп жалғыз қалған.

Әрине, соғыстың аты соғыс. Бұрын қолына қару ұстап көрмеген адамды әскерге ала сала, оқ пен өрттің арасына салудан еш пайда жоқ. Нағыз жауынгерге айналу үшін алдымен арнайы әскери дайындықтан өтуі қажет. Соғыс өнерінің қыр-сырын, алғашқы әліппесін үйренуі тиіс. Солтанбай Жарықбасұлын мергендер дайындайтын Ташкенттегі әскери училищеге жібереді. Бірақ ол жерде көзі ауырған соң, Алматыға қайтарыпты.

Бұл 1943 жылдың басы еді. Сталинградта алапат ұрыстар жүріп жатқан, Ленинградтың дұшпанның қоршауында қалған кезі еді. Бүкіл әлемнің, соның ішінде Кеңес одағының тағдыры қыл ұшында тұрды.

Екінші дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германия жалғыз емес еді. Ым-жымы бір одақтас елдері де болды. Нацистік Германия, фашистік Италия және милитаристік Жапония күш біріктіріп, «Үштік одақ» деп аталатын ұйым құрып, әлемді бағындыруға уағдаласқан-ды. Қытайдың Моңғолиямен шекаралас солтүстік аймағы – Маньчжурияны Жапония басып алып, үстемдік жүргізіп тұрды. Батыс майданда сан миллион адам опат болып, Еуропа қанға бөгіп жатқанда, Кеңес одағымен шекаралас аймақта Жапонияның бір миллионға жуық әскері бұйрық күтіп тұрды. Бұл  аз күш емес еді.

Солтанбай Жарықбасұлы 1943 жылы 1-мамырда соғысқа аттанады. Бір ғана Алматы облысынан 1925 жылы туылған 1800 өрімдей жас жігіт Шығысқа бет түзеген. Олар Жапониядан төнетін қауіптің алдын-алмақ.

Жас сарбаздар моңғол шекарасынан Ұланбатырға дейін жаяу жетеді. Моңғол астанасы маңында бекіністі күшейтіп, бір ай бойы ор қазуға жегіледі.

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты

Жері – тас, құм. Қолымызда лом мен қайладан басқа ештеңе жоқ. Қазған ордың тереңдігі – екі метр, жалпақтығы – екі жарым метрдей. Бұл ор танкілерге қарсы қазылып жатты. Түссе, шыға алмай қалатын еді. Таңертеңгі сағат төртте тұрып, тоғызға дейін қазамыз. Таңғы астан кейін бір сағат демалысқа уақыт береді. Түскі астан кейін кешкі тоғызға дейін тынбай жұмыс істейтінбіз, - деп ақсақал сол ауыр күндерді есіне алды.

Әскери ант қабылдаған соң, сарбаздар жапон әскері тұрған шекараға баруға бұйрық алады. Күн сайын 45-50 шақырым жер жүріп, ақыры 600 шақырым жерді жаяу бағындырған. Моңғолдың шекарасындағы бір шағын қалаға келеді. Сол жерде роталарға, бөлімшелерге бөлініп, казармаға орналасады.

Батыстағы соғыс біткенше біз осы жерде тапжылмай тұрдық. Өйткені, Шығыстан да қауіп болды. Жапонияның бір миллион әскері кез келген уақытта шабуылға шығуға сақадай сай тұрды. Олар қарап жатпады. Түн жамылып келіп, күзеттегі адамдарды ұрлап, тіл алып кететін. Біздің барлаушылар да есе қайырып жатты. 1945 жылдың 9 тамызы күні түнге сағат екіде Сталиннің бұйрығымен Жапонияға ресми түрде соғыс жарияланып, шекараға қарай беттедік. Біздің жолымызда Жапонияның бір дивизиясы тұрды. Біз түнде барлық жарықты жақтық. Бір қала көшіп жатқандай көрінді. Мотоцикль, мәшине, және өзге де көліктердің жарығы жауға үрей туғызды. Олар позициясын тастап, қашуға, кері шегінуге мәжбүр болды.

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты

Моңғолияны қорғап қана қоймай, жапондар басып алған Қытай жерін азат етуге Солтанбай Жарықбасұлы да ат салысқан. Шегінген жау әскері Маньчжурияның таулы аймағына бекініп, қарсылық көрсетуді ұйғарса керек. Кеңес әскері мен дұшпан әскері арасында 300 шақырым жер бар. Жол Гоба шөлімен өтеді. Тақыр жерге келгенде жанар-жағармай тауысылып, кеңес әскері амалсыз аялдапты. Әупірімдеп жүріп, жанар-жағармай артынша жеткізілген.

Біздің дивизияны «танк десанты» етіп, танкіге отырғызды. Жау бекінген Қытайдың Далаңнұр қаласына қарсы жүрдік. Түні бойы жол жүріп, таң ата жеттік. Барлаушылардың хабарлауынша, жапондар бұл қаланы тастап кетуді ұйғарыпты. Қаланы ұрыссыз алдық. Жанармай тапшылығынан осы қалада біраз аялдауға тура келді. Рация арқылы «тау ішінде біздің батальонның 600 адамы жоғалды» деген хабар алдық. Он күн жүріп, тамыз айының 17-18-іне қарай теміржол стансасына жаяу жеттік. Жапонның бір звод әскері осы жерде қатты қарсылық көрсетті. Мен «Максим» пулеметінің бағыттаушысы болдым. Қол астымда пулеметчик татар жігіті бар еді. Осы қиын-кескі айқаста қаза болды. Бір жарым сағатқа созылған ұрыста 18-ге жуық адамнан айырылдық. 20 шақты жапон сарбазы қолға түсті. Келесі стансада басқа кеңестік бөлімшелермен кездестік.

Одан әрі Солтанбай Жарықбасұлының дивизиясы осы стансадан 70 шақырым жерде орналасқан Жиге деген қала маңында жапондар бекінген қамалға тап келеді. Үлкен алымбас қамал. Таудың бөктерінде салынған. Десе де, кеңес әскеріне қосымша күш келіп қосылады. Төрт катюша, жанар-жағармай жетеді. Енді ешқандай тапшылық жоқ. Бұл – 1945 жылдың 1 қыркүйегі еді.

Әскер қосынын басқарған генерал-лейтенант, кавалериялық дивизия басшысы Плеев өзінің адютантын және штаб бастығын ертіп, түскі сағат бірде қамалға келіссөз жүргізу үшін кірді. Кірерінде: «Сағат 6-ға дейін күтіңдер. Осы уақытқа дейін шықпасам, қамалды жермен-жексен етіп атыңдар», - деп бұйырды. Бәріміз тағатсыздана күттік. Сағат тіліден 6-дан да сырғып өте бастады. Катюшамен атқылайық десек, тұрған жеріміз тарлық етті. Атқан оғымыз өзімізді майып қылуы мүмкін. Бір кезде Плеев қақпадан көрінді. Жапондарды берілуге көндіріп, қаруларын тастатып, сапқа тұрғызып қойыпты. Соғыс осымен бітті, - дейді ақсақал.

Солтанбай Жарықбасұлының бөлімшесі тұтқын жапондарды бір ай күзеткен. Содан кейін оларды Қытай үкіметіне, Мао Цзедунның өзіне табыстапты.  Солтанбай Жарықбасұлы соғыс аяқталған соң да, әскери қызметін 5 жыл атқарып, кіші офицерлер құрамын дайындауға үлес қосқан.

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты

Елге тек 1950 жылы оралыпты. Елін жапон басқыншыларынан қорғап қалған қазақ сарбаздарына Монғол билігі ерекше құрмет көрсетіпті. Осы елде қалуға тілек білдірсе, үй-жай, мал-мүлік беруге, тіпті монғол қыздарына үйлендіруге де уәде берген. Балалар үйінде өсіп, жалғыздықтың зардабын тартқан кейбір қазақ жігіттері сол елде қалып та қойыпты.

Солтанбай Жарықбасұлы елге оралған соң, әкесінің 1944 жылы батыс майданнан жарақат алып келгенін, екі ағасының опат болғанын естіген. Бірі – Ленинград шайқасында, екіншісі – Калининград бағытында оққа ұшыпты. Бауырлары жатқан бейітке барып, туған жердің топырағын салып қайту – қазақтың парызы. Оны орындау ақсақалға 86 жасында бұйырыпты.

Санк-Петербургтың Киров атты шағын ғана ауданда 38 бауырластар зираты бар екен. Әрқайсысында кемі 70 адам, кейбірінде 150 адам бірге көмілген. Он үшін аралап шықтым. Нева өзенінің маңындағы бір зират басындағы тізімнен бауырымның есімінін таптым, – дейді Солтанбай Жарықбасұлы.

Жүзді алқымдаған ақсақал Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алға ауылында тұрып жатыр. Соғыстан кейін шаңырақ көтеріп, бес ұл, үш қызды болған. Содан қазір 57 немере-шөбере сүйіп отыр. Бұдан бөлек, 1 туажат, 2 шөпшек те көрген. Алға ауылында Солтанбек Ата мешіті бар. 1994 жылдан бастап ауылдың көрікті көшелерінің бірі ардагердің атымен аталады.

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты

Жапондарды жеңген Солтанбай ақсақал жүзге аяқ басты

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға