Жапондар еңбекқор, бізге үйренетін нәрсе көп – Жапониядағы қазақ ғалымы
Жапонияда адамдар 85-90 жасқа дейін жұмыс істейді. Балаларды екі айынан бастап балабақшаға береді. Ал бастауыш сыныпта бағалар қойылмайды. Бұл – бізге таңсық көрінетін жапон қоғамының күнделікті өміріндегі бір ерекшелік қана. Алты жылдан астам осы елде тұратын отандасымыз Ақмарал Токкарина жапондықтардың өмір салты мен тәрбие жүйесін өз тәжірибесі арқылы көріп, оқырманмен бөлісіп жүр.
El.kz: Сіздің Жапониямен таныстығыңыз 16 жаста Хиросима қаласында оқыған кезіңізден басталған екен. Көпшілік Жапонияны көбіне технологиясымен байланыстырады. Алғаш барған кезде қандай әсер алдыңыз?
Ақмарал Токкарина: Мен Жапонияға алғаш келгенде бар ойым тек оқу болды. Сабаққа көңіл бөліп, жаңа ортаға үйренуге тырыстым. Бірақ уақыт өте келе Жапонияның мәдениеті мен өмір салтына қызығушылығым ояна бастады. Жапондардың күнделікті тұрмысы, адамдардың бір-біріне деген құрметі, тәртіпке деген көзқарасы маған ерекше әсер етті. Сол кезде-ақ осы елде біраз уақыт қалып, бәрін жақыннан көріп, тереңірек үйренгім келді. Өкінішке қарай, бағдарлама бойынша ол кезде маған тек бір жыл ғана тұруға мүмкіндік берілді.
El.kz: 2019 жылы төрт балаңызды алып Жапонияға көшкен екенсіз. Мұндай маңызды шешімге келуіңізге не түрткі болды?
Ақмарал Токкарина: Мен бірнеше жыл бойы өз елімізде PhD докторантурасына тапсырып көрдім, бірақ түрлі себептермен өте алмадым. Кейін Жапониядағы бағдарламаға құжат тапсырдым. Бір қызығы, ол жаққа бірден қабылдандым.
Шынымды айтсам, көшу туралы шешім қабылдағанда айтарлықтай қорқыныш немесе күмән болған жоқ. Себебі жолдасым екеуіміз де жапон тілін жақсы білеміз, бұл елдің мәдениеті мен тарихынан да хабардармыз. Сондықтан Жапония біз үшін мүлде бөтен орта емес еді.
El.kz: Қоныс аударған кездеріңіз дәл пандемия басталған уақытпен тұспа-тұс келіпті. Қандай қиындықты еңсеруге тура келді?
Ақмарал Токкарина: Бұл кезде ең бастысы балаларды асырау қажет болды. Қолдағы қаражаттың ұзаққа жетпейтінін түсіндік. Сондықтан қандай жұмыс болса да шүкіршілік етіп, еңбек еттік. Жоспарда болған күйеуімнің жұмысы да пандемияға байланысты тоқтап қалды. Бірақ өкініп, қол қусырып отырмадық. Өйткені бүгінгі әрекет ертеңгі күнге міндетті түрде әсер етеді.
Сол уақыттарда жапон халқының еңбекке деген көзқарасы бізге үлкен әсер етті. Олар – өте еңбекқор. Әр істі алдын ала жоспарлап, сол жоспар бойынша жүйелі түрде алға жылжиды. Ең қызығы – уақыт өткен сайын жоспарларын жетілдіріп, жақсартып отырады. Шынында да, бұл жағынан жапондардан үйренеріміз көп.
El.kz: Жапонияда жасы ұлғайса да өмірдің бел ортасында жүретін адамдар көп дейді. Тіпті 85-90 жаста да жұмыс істеп, белсенді өмір сүретін көрінеді. Ұзақ өмір сүруінің сыры неде?
Ақмарал Токкарина: Жапондардың ұзақ жасауының басты сыры – өмір салтында деп ойлаймын. Олар күнделікті қозғалысқа, әсіресе дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөледі. Бір отырғанда дастарханында 20-дан астам түрлі тағам болуы мүмкін. Оның бәрі жеңіл әрі пайдалы тағамдар. Бұдан бөлек, жапондар мүмкіндігінше жаңа дайындалған асты жеуге тырысады. Дүкенге барсаңыз да, алдымен көзге түсетіні – пайдалы тағамдар. Бұл жақта көкөніс пен түрлі шөптердің түрі өте көп.
Балалар да кішкентайынан спортпен шұғылданады. Жалпы Жапонияда спортпен айналысуға барлық жастағы адамдарға жағдай жасалған. Мұның бәрі адамдардың денсаулығын сақтауға және ұзақ өмір сүруіне әсер етеді деп ойлаймын.
El.kz: Сіз өзіңіз екі мәдениеттің ортасындасыз. Қазақ пен жапон менталитетінен қандай ұқсастық көресіз?
Ақмарал Токкарина: Тәрбие жағынан айырмашылық бар. Мәселен Жапонияда балаларды кішкентай кезінен дұрыс тамақтануға, спортпен шұғылдануға үйретеді. Сонымен қатар тәртіпке, жауапкершілікке баулиды. Ең бастысы – айналасын құрметтеп, тазалық сақтауға тәрбиелейді. Олардың түсінігінде бүкіл Жапония – өз үйлері сияқты. Сондықтан елін де, жерін де таза ұстауға тырысады. Басқаларға кедергі жасамау, қоғамдық тәртіпті сақтау – бала кезден қалыптасатын әдет. Мысалы, көшеде жүріп балағат сөз айтып тұрған баланы көрмейсіз.
Ал қазақ тәрбиесінде – мейірім мен жылылық басым. Біз балаларымызды махаббатпен өсіріп, олармен өте жақын қарым-қатынаста боламыз. Соның арқасында ағайын-туыс, бауыр арасындағы байланыс өте берік.
Десе де, кейде өзімізге сын көзбен қарауымыз керек. Бізде той-томалақ көп. Кейде сол қарбаласта баламызға жеткілікті көңіл бөлмей қалатын сәттер болады. Қонаққа барғанда, олардың не жеп жүргеніне де мән бермей жатамыз.
Ащы болса да шындық – біз той қамымен жүргенде, басқа елдің азаматтары білімде, ғылымда, технологияда алға озып барады. Оның салдары бірден байқалмауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе міндетті түрде көрінеді. Сондықтан біз де дамуымызға кедергі келтіретін әдеттер туралы ойлануымыз керек деп есептеймін.
«Жапондар бір тиын болса да алдамайды»
El.kz: Олар баланы екі айынан бастап балабақшаға береді, ал бастауыш сыныпта баға қойылмайды. Бұл жүйе бала мен ата-анаға қаншалықты қолайлы?
Ақмарал Токкарина: Қазақ аналары көбінесе баланы бауырға басып, өз қолымызда өсіреміз. Жапонияда 4-5 жасқа дейін кейбір балалар жөргекпен жүре береді. Оларға бұл қалыпты жағдай болып саналады. Мұның өз себебі бар шығар, оны нақты жапон аналарынан сұраған дұрыс болар.
Ал бастауыш сыныпта бағаның қойылмауы балаға өте пайдалы деп ойлаймын. Бастауыш сыныпта оларды тек оқуға емес, өмірге бейімделуге, айналасына мейірімді болуға үйретеді. Ал орта мектептен бастап бәрі өзгереді. Білім беру жүйесі балаға жауапкершілік пен жүйелілікті күшейтеді.
El.kz: Білуімше, жапондықтар дәрігерлер мен ұстаздарды «құдайдай» сыйлайды. Қазақстанмен салыстырғанда қандай айырмашылықты байқайсыз?
Ақмарал Токкарина: Мұнда дәрігерлер мен ұстаздар ең жоғары құрметке ие. Дәрігерді тіпті «құдайдай» сыйлайды, ал ұстаз да үлкен абыройға ие. Бұл – қоғамның адамға, білімге және денсаулыққа деген көзқарасының көрінісі.
Қазақстанға келсек, бізде ең көп құрметтелетін мамандық әртістер мен әншілер сияқты танымал адамдар болып көрінеді. Сол себепті дәрігерлер мен ұстаздар қоғамда осыншама құрметке ие емес. Мен үшін бұл әрдайым ойландыратын мәселе. Неге бізде адамдарға қызмет ететін, өмір мен білімге жауапты мамандарға қоғам соншалықты жоғары баға бермейді деген сұрақ көкейімде тұрады.
El.kz: Жапондар күн сайын қара кофе ішеді дейді. Бұл жай ғана әдет пе, әлде өмір салтының бір бөлігі ме? Сізді таңғалдырған не?
Ақмарал Токкарина: Иә, екеуі де бар. Кейбір дәрігерлер күніне бір шыны кофе ішуге кеңес береді. Бірақ ол міндетті түрде қара, қантсыз таза кофе болуы керек. Мұндай кофе кей аурулардың алдын алуға көмектеседі деп айтады.
Жалпы жапондардың өмір салтында ұнайтын да, ұнамайтын да тұстар бар. Бірақ мен көбіне жақсы жақтарын ғана алып, бөлісуге тырысамын. Мені әлі күнге дейін таңғалдыратын бұлардың – адалдығы. Әр адам да, әр компания да өз жұмысына адал қарайды. Тіпті бір тиын болса да, алдап алу деген жоқ. Адамдар арасында үлкен сенім бар.
El.kz: Ол жақта қазақ мәдениетіне немесе тіліне қызығатындар бар ма?
Ақмарал Токкарина: Әрине, бар. Бірақ өте аз. Өйткені Жапонияда Қазақстан туралы ақпарат та, қазақ мәдениетін таныстыратын кітаптар да көп емес. Сондықтан олар біздің ел туралы қайдан білсін? Бұл, әрине, өкінішті жағдай.
El.kz: Жапонияда тұру өміріңізді өзгертті ме? Жалпы қазақтар жапон халқынан нені үйренуі керек?
Ақмарал Токкарина: Шетелде өмір сүру адамның көзқарасын өзгертеді. Басқа қоғамды көріп, олардың өмір салтымен танысқанда көп нәрсеге басқаша қарай бастайсың. Менің ойымша, қазақтар жапон халқынан бір-біріне адал болуды, елін-жерін сүюді, тазалық сақтауды, өз тілінде сөйлеуді және бір-бірін құрметтеуді үйрене алады. Бұл – үлгі алатын қасиеттер.
Ал жапондар қазақтардан мейірімділік пен ұлттық құндылықтарды үйрене алады деп ойлаймын. Қазақ халқының жүрегі кең, қонақжайлығы мен жанашырлығы ерекше. Бірақ өзімізге сын көзбен қарасақ, кейде жалқаулығымыз да байқалып жатады.
El.kz: Болашақта Қазақстанға оралу жоспарда бар ма? Балаларыңыздың болашағын қай елмен байланыстырасыз?
Ақмарал Токкарина: Әрине, болашақта күйеуім де, мен де, балаларым да өз елімізге қызмет етсек деген ниетіміз бар. Сондықтан Қазақстанға оралып, алған біліміміз бен тәжірибемізді ел игілігіне жұмсауды қалаймыз.
El.kz: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

