Жаңалықтар

Жапон милитаристерін жеңуге қатысқан қандастар

Моңғолия азаматы бола тұра Кеңес Одағы әскері Жапонияға қарсы соғысқа қатысқан қандастар туралы
12.05.2015 08:55 5605

Батыста Германия тізе бүкті. Бірақ, Шығыста Азияны жаулап аламыз деп, көкірегі өрекпіген жапон милитаристері Манжурияны иеленіп, Монғолияға соғыс ашуға дайын тұрды. Кеңес одағы, одақтас елі Монғолияны қорғаймыз деген желеумен,   арты  тағы да сұрапыл соғысқа ұласып кетпес үшін жапон милитаристеріне соққы беріп, ел іргесін бекітуді көздеді. Осы ниетте Кеңес Одағымен Монғолия әскерінің біріккен күштерінің шабуылы Жапонияға қарсы 1945 жылы  тамыз-қыркүйек айында басталғанды. Осы аз уақытта болған сұрапыл шайқасқа Монғолиядағы қандастарымыз қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен. Бүгінгі ақмолалық майдангерлер топтамасының тоғызыншы санына Жапон милитаристерін жеңген қандастарымыз жайлы сыр шертеміз.  Ақмола облысына Жапон соғысына қатысқан монғолиялық Мәуліт Құдабайұлы, Бодаубай Таймасұлы, Қуандық Башықұлы деген  үш ардагер қандасымыз  қоныс аударған екен. Олар ресми түрде  ҰОС ардагері атағын алыпты. Өкініштісі  осы үш ардагердің екеуі Жеңістің 70 жылдығын көре алмады. Б. Таймасұлы 2006 жылы, Қ. Башықұлы жуырда ғана дүниеден қайтыпты. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейлері мерекесін мерекелеу М. Құдабайұлының маңдайына ғана жазылған екен.     М. Құдабайұлы ақсақал дін аман Ақмола облысының Жақсы ауданында жеңіс мерекесін мерекелеп, ел ардақтысы ретінде құрметке бөленді.

            Әулие Сарғалдаққожаның ұрпағы Құдабайұлы Мәуліт

Жапон милитаристерін жеңуге қатысқан  қандастар

Абылайхан шығыстағы жоңғардан қалған бос  жерді ақыл айламен иемденуді шебер көздеді және онысын жүзеге асырды.   Ол үшін Керей тайпасын байырғы ата жұртына қоныстандырды.  Осы керейлерге төрелікке   жіберген Әбілпейіз ұлы Көгедайға кеңесші, молда болып барған әулие Сарғалдаққожаның үлкен ұлдарының бірі Жәмшіқожа болатын. Біздің кейіпкер Мәуліт Құдабайұлы осы Жәмші қожаның артынан барған  інісі Қозбағардың ұрпағы. Сарғалдаққожа  ұрпақтары Есіл бойынан кетіп, Қытай, Монғолияға елінде үш ғасырға жуық ғасыр өмір сүріп,  1992 жылы ата жұртына қайта келіпті.  Мәуліт  Құдабайұлы 1920 жылы Баян –Өлгей аймағы Толбо ауылында дүниеге келген. 1942 - 1949 жылы  Монғолия армиясында қызмет атқарады. 1945 жылғы тамыз–қыркүйек айындағы  Жапон милитаристерімен болған соғысқа қатысады. Мәуліт ақсақал Монғол мемлекетінің  «Жапонияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының «За победу над Японией» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін  Монғолияның ауыр өндірісі  Бэрх, Баянмод, Налайх  кеніштерінде 1950-1960 жылдары белсенді еңбектеніп,  «Ударник труда» медалімен марапатталады. Мәкең 1980 жылға дейін мал шаруашылығында   малшы атанып «Алтын жұлдыз» ордені, «Еңбегі үшін» медалымен марапатталыпты. Ол 1992 жылы тарихи отаны Қазақ еліне отбасы,  бала-шағасымен қоныс аударады. Бүгінгі  күні Мәкең ақсақал 95 жасқа келген қарт болса да тың. Жеңістің 70 жылдық мерекесін Ақмола облысы Жақсы ауданында қарсы алды.  Жуырла Монғолия қорғаныс министрлігі Қалқа өзені /Халхин гол/ бойындағы тарихи жеңіске арналған медалін сыйлаған.  Мәуліт ақсақал: «Жеңістің 70 жылдық мерекесін көзбен көру Аллаһтың қалауымен болды.  Оған өте қуаныштымын. Аллаһқа мың шүкір. Соғыс, қақтығыс болмасын, отан тыныш болсын» – деген  дұға тілегін, барша қазақстандықтарға арнаған, соны жұртқа жеткізуді жөн көрдім.

 

              Полк штабын басқарған Бодаубай Таймасұлы

Жапон милитаристерін жеңуге қатысқан  қандастар

Бодаубай Таймасұлы 1919 жылы Монғолияның Бай–Өлке аймағында  дүниеге келген.  1939 – 1947 жылдар Монғолия армиясына шақырылып,  өзінің ынта жігер, білімділігінің арқасында  қатардағы сарбаздан, офицер дәрежесіне көтерілген. Атты әскер полкында штаб бастығы қызметін атқарған, жапон милитаристерімен болған соғыстағы ерлігі үшін «Жауынгер даңқы» ордені, «Жапонды жеңгені үшін», «Маршал К.Жуков» сияқты бірнеше медальдарымен марапатталған. Соғыстан оралған соң Монғолияның Говь – Алтай, Бай – Өлке аймағында партия комитетінің екінші хатшысы, аймақ прокуроры және әр салада шаруашылыққа басшылық етеді. Бодаубай ақсақал жанұясымен 1993 жылы ата жұрты Қазақстанға қоныс аударып, Көкшетау өңіріне қоныстанады. Бодаубай ақсақал ағайын туысына қамқоршы, ауылдың сыйлы ақсақалы бола білді. Оның ұрпақтары Зеренді ауданында тұрады. Ақсақал 2006 жылы дүниеден өтті.

 

                        Жапонды жеңуге қатысқан Қуандық Башықұлы

Жапон милитаристерін жеңуге қатысқан  қандастар

Қуандық Башықұлы 1924 жылы Монғолияның Бай-өлке аймағында дүниеге келген.  1943 жылы Монғолия армиясына шақырылып, 1945 жылғы тамыз-қыркүйек айындағы жапон милитаристерімен болған шайқасқа қатысады. Соғыстағы ерлігі үшін «Халхин гол», «Маршал К. Жуков», «Жапонды жеңгені үшін», « 1941 -1945 жылғы соғысқа қатысушы» медальдарымен марапатталады.  Қуандық ақсақал жанұя , туған туысымен бірге тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударып, Көкшетау өңіріне қоныстанады. Өкініштісі қуандық ақсақал Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейлі мерекесіне сәл жетпей, жуырда ғана дүние салды. Топырағы торға, жаны жәннәтта болсын! Елін, отанын қорғаған ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Өнегелі ісі ұрпақтан, ұрпаққа жалғаса беретін болады.


Материалды әзірлеген: Дахан Шөкширұлы Жәмші

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға