Жапон ғалымдары депрессия мен күйзелістен қорғайтын вакцина жасады
Жапония ғалымдары депрессия, мазасыздық және созылмалы стресс белгілерімен күресуге арналған жаңа буын вакцинасын жасап шығарды. PA-915 деп аталатын бұл инновациялық препараттың әсер ету механизмі дәстүрлі антидепрессанттардан түбегейлі өзгеше. Бұл туралы El.kz порталы Осака университетінің зерттеу тобына сілтеме жасап хабарлады.
Зерттеушілердің айтуынша, вакцинаның бір дозасы шамамен сегіз апта бойы эмоционалдық тұрақтылық пен ішкі тыныштықты сақтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы — PA-915 ағзаның табиғи жүйелеріне әсер етпей, тәуелділік туғызбайды және ми қызметін бұзбайды, сондықтан оны қауіпсіз балама ретінде қарастыруға болады.
Ғалымдар тәжірибені алдымен зертханалық тышқандарда жүргізген. Созылмалы стресс арқылы жасанды түрде депрессия белгілері туғызылған жануарларға PA-915 енгізілгенде, олардың мінез-құлқында айтарлықтай оң өзгерістер байқалған. Тышқандардың мазасыздығы мен депрессиялық күйі азайып, когнитивтік қабілеттері қалпына келген. Бір реттік доза сегіз апта бойы тұрақты антидепрессиялық әсер берген.
Қазіргі уақытта вакцина инъекция және тамшы түрінде клиникалық сынақтан өтуде. Зерттеу тобының айтуынша, жобаның түпкі мақсаты – адамдарға эмоционалдық жүктемелер мен күйзелісті дәрі-дәрмексіз, ағзаға ауыр салмақ түсірмей еңсеруге көмектесетін тиімді құрал жасау.
Егер PA-915 клиникалық сынақтардың барлық кезеңінен сәтті өтсе, бұл жаңалық заманауи психиатриядағы ең маңызды ғылыми серпілістердің бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, жаңа вакцина депрессия мен күйзеліс жағдайларын емдеудің мүлде жаңа бағытын ашып, әлемдік медицинада бетбұрыс кезеңге айналуы мүмкін.

