Жаңалықтар

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты
12.09.2019 15:18 3135

Бүгін Алматы қаласының республикалық Достық үйінде «Қазақстан вайнахтары: Бірлік пен жасампаздық» атты Қазақстанның шешен және ингуш этностарының мәдениет және салт-дәстүр күніне арналған іс-шара өтті.

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты

Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚХА Төрағасының орынбасары Юсуп  Келигов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов, Алматы қаласының мәслихат депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен мүшелері, Қазақстанның шешен және ингуштардың «Вайнах» қауымдастығының облыстық филиалдарының белсенді мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Алғашқы болып сөз алған Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы қатысушыларды ұлттардың мәдениеті және салт-дәстүрін дәріптеген мерекемен құттықтады.

«Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласып кеткен.

Біздің достығымыз талай сыннан өтіп шыңдалғанына, саяси қуғынға ұшыраған шешен-ингуштардың күштеп жер аударылғанына 75 жыл толуын атап өту барысында тағы бір мәрте көз жеткізген болатынбыз», - деген Жансейіт Түймебаев вайнахтардың Қазақстанға қоныс аудару тарихына тоқталып өтті. Вайнахтардың өз елінен табан аударып, Қазақ елінен пана табуы Кавказдағы қайғылы оқиғалар мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі күштеп көшірумен байланысты. Жыл сайын 23 ақпан күні саяси режим құрбандарын жадыда жаңғырту үшін еске алу күні аталып өтеді.

«Қазақ елі өзінің де сталиндік респрессиядан зардап шеккеніне қарамастан, жер аударылғандарға пана болып, соңғы нанымен бөлісті. 1957 жылы Шешен-Ингуш АССР-не 200 мыңнан астам адам қайтып оралды. Алайда, олар Қазақстанмен тарихи сабақтастығын үзбеді», - деген Ж.Түймебаев қазақстандықтар үшін есімі елеулі вайнах ұл-қыздарының екі елдің мәдени, рухани байланысын нығайтқандығына сеніміділік білдірді.

«Қазақ жері шешен және ингуш халықтарының театр қайраткерлерінің өнер ордасына айналды. Қазақстандық көрермендер әлі күнге дейін талантты актерлер Тамара Алиева мен Хава Хакишевті тамсана еске алады», - деді Хатшылық меңгерушісі.

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты

Шешен мен ингуш халықтары қазақ елімен тарихи тамырлас болмаса да, тағдырлас ел. Саясат жүйесінің құрбанына айналып, ата қонысынан айрылған сәтте ертеңгі күннен үмітін үздірмей, құшағына басқан Қазақстанның топырағында Шешен Республикасының екі бірдей Президенті Али Алиханов пен Ахмат Қадыров және Ингушетияның қос Президенті Руслан Аушев пен Махмуд-Али Калиматов дүниеге келген. Елдің бірлігі мен бейбіт тірлігін мақсұт тұтқан Руслан Аушевтің бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Ресей Федерациясындағы достық елшісі екенін де айта кеткен жөн болар.

Бүгінде Қазақстанда 33 мыңнан астам шешен, 16 мыңнан астам ингуш ұлттарының өкілдері тұрады. Шешен-ингуш қауымдастығы еліміздегі саяси, мәдени белсенділігі жоғары ұйым болып табылады.

Қауымдастықтың құрылу тарихын таразылар болсақ, 1989 жылы Алматы қаласында ең алғаш рет шешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының қазығы қағылды. Ал 1995 жылы ол «Вайнах» шешен және ингуш халықтарының мәдени даму Ассоциациясы болып қайта тіркеуден өтті. Қазақстанда шешендер мен ингуштардың ұлттық, дәстүрлі мейрамдары тұрақты аталып өтеді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында «Кунта Хаджи» атындағы және Алматы қаласында «Вайнах» мешіті жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, мерекелік жиында ҚХА Төрағасының орынбасары Юсуп Келигов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов және «Вайнах» шешен және ингуш халықтарының мәдени даму Ассоциациясының тең төрағасы Сұлтан Оздоев құттықтау лебіздерін білдірді.

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты

Мерекелік шараны тамашалауға келушілерге «Қазақстанның шешен және ингуштардың тарихи-мәдени өмірі» кітабы мен фотокөрме, және шешен, ингуш ұлттарының ежелгі тұрмыстық бұйымдары мен музыкалық аспаптары таныстырылды.

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты

Ұйымдастырушылар қонақтарды шешен, ингуш халықтарының «Достық дастарханынан» дәм татуға шақырды. Мұнда олар өздерінің ұлттық асханаларының сырымен бөлісіп, шеберлік сыныптарын өткізді. Ал «Вайнах» қауымдастығының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынды. 

Жансейіт Түймебаев: Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласты

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.







Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға