Жаңалықтар

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ ТАТАРСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІН ҚХА-НЫҢ АЛДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС-ФОРУМЫНА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ ТАТАРСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІН ҚХА-НЫҢ АЛДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС-ФОРУМЫНА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ
05.04.2019 10:54 2141

Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарыҚазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілі Денис Валеевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Татарстан Республикасының өкілдігі арасындағы өзара сенімді нығайту, мәдени алуан түрлілікті арттыру, полиэтникалық қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, бірлік пен келісімді сақтау саласындағы екіжақты қарым-қатынастардың мәселелері мен негізгі аспектілерін талқылады.

ҚХА Басшысының орынбасары Қазақстанның Татарстанмен қарым-қатынасы жоғарғы деңгейде екенін және Қазақстан халқы Ассамблеясы өз тарапынан осы ынтымақтастықтың дамуына барынша ықпал ететінін атап өтті.

Жансейіт Түймебаев қазіргі уақытта Қазақстанда 200 мыңнан астам татар ұлты өмір сүріп жатқанын хабарлады. ҚХА Хатшылығының басшысы атап өткендей, этностың басым көпшілігі Қарағанды, Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы), Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары мен Алматы қаласында тұрады.

Сондай-ақ Ассамблея Төрағасының орынбасары барлық татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» бірыңғай республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамына енетінін айтты. Қауымдастық татар мәдениетін сақтау мәселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді, кітап басып шығарады, сонымен бірге Семей және Өскемен қалаларында жыл сайын «Ертіс әуендері» музыкалық фестивалі мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.

«Өткен жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасына барды. Биыл мамыр айында Рустам Нұрғалиұлы Миннихановтың (Татарстан Республикасының Президенті) Қазақстанға сапары күтілуде. Алматы облысында Сабантой мерекесін өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Ол іс-шара республикалық деңгейде өтетінін айтты.

Татарстанның ҚР-дағы өкілетті өкілі Денис Валеев қазақ және татар тілдерінің ұқсастығын атап өтті.

«Қазақстандағы отандастармен соңғы кездесу кезінде этнос арасында татар тілін сақтау туралы кезекті сұрақтарды естіп, біздің Президентіміз Рустам Минниханов: «Қазақ тілін үйреніп, татар тілін жақсы білетін болыңдар» деді. Біздің тіліміз соншалықты ұқсас. Бұл сөздерде үлкен даналық бар, шынында да, біздің тілдердегі сөздердің 90%-ы ұқсас», – деді спикер.

Татар этносының қоғамдық ұйымдарына қатысты өкілетті өкіл бүкіл республика бойынша татар ұлттық мерекелерін өткізуге қолдау көрсетілетінін және этнос өкілдері Қазақстанда өз үйлерінде тұрып жатқандай сезінетінін атап өтті.

Сонымен бірге Денис Валеев айтып өткендей, жаңа индустриялық жобалар, соның ішінде аутсорсингтік технологиялар, мұнай химиясы және басқа да салалар әзірленуде.

«Қазақстанда тұратын студенттер үшін де, бізде оқитын қазақстандық студенттер үшін де жұмыс орындары құрылатын жобаларды ұсынамыз. Біз үшін олардың Қазан федералдық университетін таңдауы қуантарлық жағдай», – деді құрметті қонақ.

Әңгіме барысында ол тарихи жайтты хабарлады.

«Біз Семей қаласындағы Татар өнер мектебі орналасатын жаңа ғимаратты сатып алу бойынша ұйымдастыру мәселелерін аяқтаймыз. Бұл Қазақстанда барлық этнос өкілдері үшін мүмкіндік қаншалықты зор екенін тағы бір рет байқатады, өйткені біз өз кезегінде осы мектепте түрлі этностар өкілдерінің білім алатындығын хабарлаймыз. Олар әртүрлі фольклорлық материалдарды оқып, осы шығармаларды бірге орындайды. Ешкім этностардың шығармашылығын бөлмейді, барлығы бірдей зерттеледі, содан кейін бұл балалар Қазақстанды тек Ресейде ғана емес, Америкада да танытады», – деп назар аудартты Денис Валеев.

Жансейіт Түймебаев ҚХА сауда саласын дамытуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

«Біздің институттың құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы жұмыс істейді. Қазан айында біз Ассамблеяның Халықаралық бизнес-форумын және тарихи шығу тегі бір елдермен жүзеге асырылатын түрлі этнос кәсіпкерлерінің бірлескен жобаларының көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бізді сіздердегі бизнес-жобалар қызықтырады, осыған байланысты Татарстан бизнесмендерін аталмыш іс-шараға белсенді қатысуға шақырғаныңыз жөн болар еді», – деп атап өтті ҚХА басшысының орынбасары.

Өз кезегінде Татарстанның өкілетті өкілі аталған форумда Алматы облысының тумалары Қазан институтына кеңес жылдары аттанып, ұшақтарды құтқарудың түрлі авиациялық жүйелерін ойлап тапқаны туралы шынайы оқиғаны айтуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ олар алқаптарды жөңдеуде үнемді және өте тиімді шағын ауыл шаруашылығы ұшағын жасаған.

Денис Валеевтің айтуынша, биылғы жылы осындай үш ұшақ Қазақстанның аспанында пайда болады.

«Бұл заманауи ұшақ Қазақстанның Ресей біліміне инвестициясын қайтару тәрізді», – деді Д. Валеев және Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті зор және өлшеусіз екенін атап өтті.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев Татарстан Республикасының өкілетті өкіліне «Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тарихында» кітабын табыс етті.

 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: ЕЛБАСЫ БАҒЫТЫН ЖАЛҒАСТЫРУ – БІЗДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТІМІЗ

ҚАЗАҚСТАН ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЕСІМІН АСТАНАҒА БЕРУ ШЕШІМІ – КӨРЕГЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға